Құрметті спортшылар, спорт ардагерлері мен әуесқойлары!
Сіздерді тамаша мереке – Спорт күнімен құттықтаймын! Жыл сайын тамыздың әрбір үшінші жексенбісі дәстүрлі түрде Спорт күні ретінде атап өтіледі. Бұл күні біз спортшыларымызды ғана емес, салауатты өмір салтын насихаттайтын, дене тәрбиесімен айналысатын және спортты сүйетін жандардың бәрін осы мерекемен құттықтаймыз.
Спортпен шұғылдану қалыпты өмір салтына айналып отырғаны қуанта түседі. Спорт адамдарға денсаулық, күш, сұлулық, жақсы көңіл-күй сыйлап, мінез-құлықты шыңдайды. Дене тәрбиесі мен спорт көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуде, жастарды тәрбиелеуде, олардың адамгершілік тұлғасын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.
Ақмола облысы спорттық дәстүрлерге өте бай. Біздің арамызда аймағымызды, тұтастай елімізді спорттағы жетістіктерімен даңққа бөлеген адамдар аз емес.
Біздің жас ұрпақ таңдаулы спортшыларымыздың осындай үлгі-өнегесімен елімізде ғана емес, халықаралық жарыстарда да жоғары нәтижелерге жетіп жүр. Бокстан Азия чемпионы Дина Жоламан, ауыр атлетикадан биылғы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Карина Қозғанбаева, еркін күрестен кадеттер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерхан Бексұлтанов, биыл күрес спортынан Азия чемпионатының күміс жүлдегерлері атанған Андрей Дулин, Максим Шмит, Жамбыл Оспанов, Абай Әнуарбеков және басқалары шын мәнісінде біздің мақтанышымыз.
Облысымыздың таңдаулы спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 300-ден астам медальға ие болды. Мұндай жоғары жетістіктер мектеп ауласынан, балалар спорт алаңдары мен секциялардан басталатындығы белгілі. Сондықтан, бұқаралық спортты дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.
Бүгінгі таңда дене тәрбиесімен және спортпен кеңінен айналысуға, осыған халықтың барлық топтары тартылуына бүкіл жағдайлар жасалуда. Осы игі қадамдар қоғамның экономикалық өсуінің, мемлекетіміздің дамуының басты кепілі болып отыр.
Жыл өткен сайын спорттың инфрақұрылымы да нығаю үстінде. Облыста 2,5 мыңға таяу спорт нысаны бар. Соңғы он жылда 9 ауданда денешынықтыру-сауықтыру кешендері салынды. Ерейментау, Есіл және Целиноград аудандарында осындай нысандарды салу аяқталуда.
Бурабай ауданында спорт сарайының құрылысы басталды. Жақсы ауданының Жақсы және Бурабай ауданының Мәдениет ауылдарында спорт кешендерінің құрылысын бастау жоспарлануда.
Облыстың 29 спорт мектебінде 15 мыңнан астам бала шұғылданады. Биыл бүкіл республика, соның ішінде біздің облыс бойынша мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыру енгізілді. Осының арқасында 4 мыңға жуық бала спорт секцияларында тегін шұғылдануға мүмкіндік алады.
Тұрғын үй массивтерінде осы заманғы спорт алаңдарын жабдықтау жөнінде белсенді жұмыс жүргізілуде. Олардың саны соңғы екі жылда 70 алаңға өсті. Облыстық бюджеттен Біржан сал, Ақкөл, Зеренді, Шортанды аудандарында 12 спорт алаңын жабдықтауға және Шортанды ауданының Шортанды кентіндегі стадионды күрделі жөндеуге қаржы бөлінді. Бұған қоса 100-ге жуық мектепті қажетті спорт құралдарымен қамтамасыз етуге 300 миллион теңге бөлінді.
Облыстың спорттық инфрақұрылымын нығайтуға зор үлес қосып жүрген жеке инвесторларға да алғыс айтқым келеді. Щучинск қаласындағы «Жақсы» спорт базасы, Көкшетау қаласындағы жабық хоккей корты мен жасанды жамылғыдан тұратын стадионы бар «Энергетик спорт кешені», Бурабай ауданындағы «Нұртау», Зеренді ауданындағы «Елікті» тау-шаңғысы базалары, Жақсы ауданындағы жекеменшік спорт мектебі, Сандықтау ауданының Максимовка селосындағы жабық хоккей корты, облыс елді мекендерінің тұрғындарын қуанышқа бөлеуде. Жақсы ауданының Белағаш және Атбасар ауданының Шуйское селоларындағы спорт кешендері биыл жеке инвестициялардың есебінен салынуда.
Құрметті ақмолалықтар! Бүкіл әлемдегідей, біздің еліміз де бүгінгі таңда қатерлі індет – коронавирус жұқпасымен күресуде. Мұндай жағдайда алдымен денсаулыққа көңіл бөлудің маңызы зор. Сондықтан, жеке өнегелеріңізбен дене тәрбиесі мен спортқа құштарлықты арттырып жүрген Сіздердің бәріңізді тағы да бір рет Спорт күнімен құттықтағым келеді. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және жаңа жарқын жеңістер тілеймін!