Бүгінде Паралимпиадалық ойындар жылдан-жылға танымал болып келеді. Өйткені, өмірді сүйетін, жасуды білмейтін мүмкіндігі шектеулі спортшылар қатары көбейе түсуде. Солардың бірі – пауэрлифтингтен халықаралық спорт шебері, Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командасының мүшесі, әлемдік рейтингтің көшбасшысы Давид Мамиевич Дегтярев.
Давид қазірдің өзінде үлкен жетістіктерге жетіп, күн сайын өзін шыңдап қана қоймай, ертеңгі күні Токиода өтетін Паралимпиадалық ойындарда Ақмола парапауэрлифтинг бойынша өнер көрсеткелі отыр. Ол біздің өңірден баратын бірден-бір үздік спортшы. Давид Атбасар қаласында туған. Оның жеке жаттықтырушысы бірнеше дүркін жүлдегер, республикалық және халықаралық пауэрлифтинг жарыстарының жеңімпазы Юрий Николаевич Колесников.
Давид Дегтярев 2016 жылы пауэрлифтинг жұбына қосылса, биылғы жылы Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, бірінші орынға ие болған. Оған 2016 жылы пауэрлифтингтен Қазақстан Республикасының спорт шебері атағы берілген.
2017 жылы Біріккен Араб Әмірлігі Дубайдағы халықаралық жарыстар мен әлем чемпионатының кубогына қатысқан оған сол жылы пауэрлифтингтен халықаралық спорт шебері атағы да берілді және Мехикода (Мексика) өткен әлем чемпионатына қатысады. Бұл жетістігімен тоқтамаған Давид бәсекеге қабілетті спортшы екенін тағы бір дәлелдеп, 2018 жылы әлем чемпионатына қатысып, Дубайда (БАӘ) 2-орын алса, Жапонияның Кита-Кюсю қаласында өткен Азия мен Океания чемпионатына қатысып, 3-орынға ие болады. Сондай-ақ, сол жылы Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия ойындарының жұбына қатысып, 2-орынға табан тірейді. Мүгедектігіне қарамастан, пауэрлифтингті жанына серік еткен ол диетаны да сақтап, аптасына бірнеше рет жаттығудың нәтижесінде 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен жұпты пауэрлифтингтен әлем чемпионатына қатысса, сол жылы Ақтөбе қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы Қазақстан Республикасының Паралимпиадалық ойындарына да қатысып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алады. Ал, өткен жылы да Нұр-Сұлтан қаласында өткен жұптық пауэрлифтингтен Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, бірінші орын алса, биылғы жылы Грузияда өткен жарыста әлем кубогының чемпионы, әлемдік рейтингтің көшбасшысы атанды. Осындай халықаралық жарыстарда жеңіске жету арқылы өңіріміздің ғана емес, еліміздің де абыройын асқақтатты.
Бүгінде қарапайым дені сау адамдардың өзі өздерінің жалқаулықтарымен күресуге құлқы соқпай жататыны шындық. Оның қасында Давидтің парасатты ойлау қабілетімен, сауатты сөйлеуі, спортқа сіңірген еңбегіне, мүгедектігіне қарамастан, шаршауды, жалығуды білмейтін үздік спортшы екенін мақтанышпен айтуға болады. Ертеңгі күні Токиода өтетін Паралимпиадалық ойындарда Ақмола өңірінің абыройын қорғап, парапауэрлифтинг бойынша сәтті өнер көрсетеді деген сенімдеміз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретте: Давид Дегтярев және жеке бапкері Юрий Колесников.