Сегіз қола қолдасың, алтын, күміс қайдасың?!.

Қазақстан үшін аса сәтсіз аяқталған Токио Олимпиадасынан кейін қолға қалам алғымыз да келген, алмасақ па деп те ойлағанбыз. Өйткені, болар іс болды. Бізсіз де сын төпеп жатқанда, тағы сол жан ауыртқан жайды қоюлатумен не өнер дейсіз?! Бірақ, ойың осылай дегенмен, шыдай алмайды екенсің.
Расында, 2012 жылы Лондонда өткен ХХХ-ыншы жазғы Олимпиада ойындарында 7 алтын медальмен жалпы командалық есепте 12-ші орыннан көрінген Қазақстанның осы соңғы Олимпиадада 8 қола медальмен 83 орынға құлдырауын қалай түсінуге болады?! Бір жыл бір жылға тең келмейді десек те, кезінде сол 12-орынға тұрақтадық екен, қалған Олимпиадаларда да нәтижеміз сол маңайда болуы, одан қара үзіп кетпеуіміз керек еді ғой.

Мәселен, алғашқы елу елдің қатарында болсақ та, ренжімес едік. Ал енді, тап осы жолы Олимпиада медалін алған 86 елдің ішінде соңынан санағанда үшінші тұруымыз Қазақстанға лайық па?! Жоқ, әрине.
Сонда артымызда кімдер дейсіз ғой? Біз білетін-білмейтін Ботсвана, Гренада, Буркина-Фасо, Сирия, Гана, Кот-Д-Ивуар, Кувеит сияқты кішкентай мемлекеттер. Олардың өздері бір-бір қоладан алған. Рас, бұл осы елдер үшін әжептәуір жетістік шығар, мүмкін олардың кейбіреуінде де «медальді аз әкелдіңдер» деп сөгіп жатыр ма кім біледі?.. Сондықтан, жанымыздағы осы «көршілерімізді» алып қарағанда, біз үшін бұл Олимпиаданың шын құлдырау болғанын, бұл арада «Алға, Қазақстан!» деген пафостық ұранымыздың өтпегенін қаншалықты ауыр болса да мойындауымыз керек.
Мысалы, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда ғана емес, спортта да бір-бірімізді көз айырмай бағып отыратын көршілес Орта Азиялық мемлекеттердің өзі осы төрт жылдың басты жарысында ақырын жүріп, анық басып, алдымызды орап кетсе, осылай демеске не шара?! Осы Олимпиадада 17 спорт түрі бойынша 71 спортшысы жарыс жолына шыққан Өзбекстан 3 алтын, 2 қоламен 32-ші орынды еншілесе, небары 7 спорт түрінен 17 лицензиясы ғана болған қырғыздарды айтсайшы. 2 күміс, 1 қоламен олар да бізден үш орын алда. Ал, 97 спортшымен, оған қоса, енді белгілі болып жатқанындай басы артық адамдармен артынып-тартынып барған Қазақстан болса, алтынды қойып, бір күміске де қол жеткізе алмады-ау. Сапа жағынан бұл арада әрине, осы үштіктен қай елдердің бәйгеден озып келгені, қай елдің шаң қауып қалғаны біз айтпай-ақ көрініп тұр.
Соған қарағанда біздің спортшылар басқалар жан беріп, жан алысқан бұл Олимпиадаға сол баяғы құлақ етіміз үйренген «Ең бастысы қатысу» деген принциппен барып келген сияқты. Ал, іс жүзінде олай емес, жеңіс үшін бару керек еді. Бірақ, соған бастайтын ерік-жігерді, көздегі отты, Отанға деген асқан патриоттық сезімді һәм спорттық шеберлікті көп спортшыларымыздан тіпті, көре алмадық. Сосын кейбіреуінде қарсыластарын жете бағаламаушылық, менмендік бардай көрінді. Оған аңғарған жанға бұрынғы Олимпиадалардағы үздік нәтижелерінен жаңылып, жер қапқандай болған боксшыларымыздың мынадай бір түсініксіз әрекеттері де дәлел.
Тамыздың 3-інде Закир Сафиуллин 63 келі салмақ дәрежесінде жартылай финалға шығу үшін австралиялық Гарри Гарсайдпен қолғап түйістірді. Көгілдір экран алдында тағатсыздана күткен сол жекпе-жекті тамашалап отырмыз. Екі раундтан кейін есеп тең, яғни, 1:1. Алда шешуші раунд. Сол-ақ екен сенген Закиріміз екі қолын бірдей түсіріп, бұған дейінгі жұдырықтасу мәнерінен басқа мәнерге көшті. Бет ауызы ашық. Қарсыласы соққы жасаса болды, жауып үлгере алмауда. Сонда да әлгі қалпын қояр емес. Алдыңғы раундтарда айқын басымдылықпен жеңіп жатса бір сәрі. Ақыры, не керек, ұтылып тыңды. Басқалар не ойлағанын кім білсін, өз басымыз мұны мынадай ел намысы таразыда тұрған үлкен додадағы нағыз жауапсыздық, соған ақылы жетпегені деп күйіндік. Жігіттің өзінен көріп жатырмыз. Бірақ, кім біледі, «тактикаңды өзгерт» деген біздің бапкерлердің нұсқауы солай болды ма, әйтеуір, боксқа жоқ жай адам да құптай қоймайтын қате тактика. Егер Сафиуллин жаңағыдайға бармай, сол бастаған бетімен бұрынғысынша барын салып, соққы жібермесе, төрешілер жеңісті біздің жаққа да беруі кәдік еді. Алайда, алып-жұлып бара жатқан күш-қайрат, екпін болмаса, жеңіс те жоқ. Сөйтіп, біздің Олимпиада басталмай жатып мақтаған боксшыларымыздың қолдарынан бар келген, қос қола ғана болды.
Амал нешік, Токиоға жүрерде сөзіміз семіз еді. Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалым Кенжебаев кемі бір алтын, бір күміс, бір қоланы ауызға алған. Осының алдында Дубайда Азия біріншілігі өткені белгілі. «Сондағы сәтсіздіктен қорытынды шығарып, тағатсыздана Токио Олимпиадасы деп отырмыз» дегенінен мән болмады.
Бұл арада жанға бататыны, Қазақстан 1996 жылғы Атланта Олимпиадасынан бастап күні кешеге дейін жазғы Олимпиадалардың бірде-біреуінде алтынсыз қалып көрген жоқ еді. Тіпті, 2000 жылы Сиднейде сол алтынның екеуін бір-ақ еншілеген.
Енді міне, Азия чемпионатында, одан Токиода мынадай сәтсіздік. Бұл кездейсоқтық емес, бір кезде биікке шығанданған қазақ боксының төмен қарай сырғуы. Оған еліміздегі өзге салалар сияқты, спорт саласына батпандап енген жең ұшынан жалғасу, соның салдарынан құраманы жасақтаудағы бұра тартулар мен олқылықтар, Олимпиадаға дайындық циклында жіберілген қателіктер кінәлі. Біздегідей елде мұны сезбеуің, аңғармауың мүмкін емес. Ондайда шын жүйріктің жолы жабылады, үміті қиылады.
Біздің боксшылар бірінен соң бірі жарыстан шығып қалып жатқан осы күндері өз басымыз бокстан 2008 жылғы Пекин Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың әлеуметтік желіде тараған ой-пікірлеріне жиі ден қойдық. Бақыт осы сұхбаттарында біздің жігіттердің Токио рингіндегі осал тұстарын, мәселен, өз жекпе-жектерінде соншалықты бір мысы басып, жұлқынып тұрған боксшыны көре алмағанын, кей салмақ дәрежесінде бапкерлердің де дұрыс таңдауларынан жаңылып, алмастыруларына мүмкіндіктері бола тұра, жарысқа бұрыннан иығында жарақаты, соған орай отасы бар боксшыны апарғанын ашық айтады. Бұл арада әңгіме 75 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, бірінші жекпе-жегінде жеңгенімен, ширек финалда бразилиялық Эберд Соузаға есе жіберген Әділхан Аманқұл туралы болып отыр.
Иә, Олимпиада сияқты төрт жылдың тартысқа толы басты жарысы мұндай елеп-ескермеушіліктерді көтермейді. Мұны басқалар біле бермесе де, Пекин Олимпиадасының жарық жұлдызы Бақыт Сәрсекбаев жақсы білетіні, болған істі болды деп айта алатын жөні де бар екені айдан анық. Өйткені, өзі өзгелерден көрсем деген спорттық мінезді, ұлт үшін барын салуды сол Олимпиада ойындарында біз 69 келі салмақ дәрежесіндегі финалдық бәсекеде кубалық Карлос Бантеу Сусаресті 9 ұпай айырмашылығымен (жалпы есеп 18:9), ойсырата ұтқанында Бақыттың өз бойынан көргенбіз. Сондағы кешкен ғажайып күй кемерінен асып-тасқан шаттық әлі есте.
Бұл жолы ондай көңіл-күй бізге маңайламады. Оның есесіне енді міне, 2018 жылдан бері осы боксшыларымызды жаттықтырып келген Ғалым Кенжебаевтың отставкаға кетуі талап етілуде. Жанкүйерлер мен бірқатар мамандар пікірі осындай. Шынтуайтында, біз де мұны қолдаймыз. Ана бір жылдары Геннадий Головкиннің жеке бапкері болуымен аты шықса да, Азия чемпионаты, одан Олимпиада ойындарындағы мына тұралаушылықтан кейін бас жаттықтырушының өз орнын босатқаны абзал. Қызмет деген ешкімнің басыбайлы меншігі емес. Құрама тізгінін қолынан келетін басқа мамандардың біреуі ұстап көрсін. Қалай болғанда да қазақ боксының даңқын қайтару керек. Мұның бәрінде жасыратыны жоқ, тоғыз жыл осы қызметте біте қайнасып, екі Олимпиада, бес Әлем чемпионының бағын жандырған Мырзағали Айтжанов жарқырай көрініп еді. Таңдау тағы да осы азаматқа түссе, өткен биігіміз бен кеткен есеміз оралатындай.
Олимпиада басталысымен, ә дегеннен дзюдошымыз Елдос Сметовтың қоласын арқаланып, жүлде көбейе ме деп едік, жоқ, жеңіліс көбейді. Сосын не көбейді дейсіз ғой, кешірім сұрау… «Ұялған тек тұрмас», – деп ұтылған спортшы не оның бапкері осылай болып шыққаны үшін халықтан кешірім сұрайды. «Солай да солай, қолымнан бар келгені осы болды, қапы қалдым, кешіріңіздер…» Сол кешірімді әлі сұрап жатыр. Солардың соңын ала, жуырда әлеуметтік желіден тағы біреуін, грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақтияр Байсейітовтың жазбасын оқыдым. «Мұндай жағдайлар болып қалады, мүмкін уақыт жетпеді, кешірім өтінемін»,–дейді ол да жанкүйерлеріне. Иә, спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымыздың бұлай сыпайы болғандығы, халықты сыйлағандығы да жақсы ғой. Бірақ, өз спорт түріңде жетістікке жеткеннен гөрі, кешірім сұраған әлдеқайда жеңіл. Бұл бір жағынан шарасыздық. Одан да істі сол кешірімге апармай, қайрат таныт, ел сенімін ақтап орал!

Бірақ, бұл Олимпиадада соны көре алмадық. Жарысты алғашқылардың бірі болып осы грек-римшілер бастады. Өкінішке орай, бәрі бірінші белдесулерінде ұтылып қалды. Мейрамбек Айнақұлов қырғыз балуаны Жоламан Шаршенбековты еңсере алмады. Демеу Жадыраев жапондық Ябико Шохеиге жол берді. Бір үмітіміз Нұрсұлтан Тұрсынов еді. Ол да неміс Денис Кудледен сүрінді. Жалғыз қызымыз, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова мен Айпері Медетқызының белдесуінде тағы да қырғыз қызы басым түсті. Бұдан шығатын қорытынды, осы грек-рим күресінде қырғыз бауырларымыздың өзі бізден асып тұр ғой.
Қатарынан соңғы екі Олимпиада бойы осылай, ырымға бір жүлде бұйырмапты. Қайта мұның алдындағы Олимпиада ойындарында Алмат Кебіспаев қарсыластарын үш рет ұтып, тек қола медаль үшін белдесуде ғана есе жіберіп еді. Ал, бұл жолы жеңістен ныс-
пымыз. Бара сала ұтылдық. Бұл екі ортада палуандарымыздың арасында ши де шықты. Демеу Жадыраев күрескен 77 келі салмақ дәрежесінде Олимпиада жолдамасын Асхат Ділмұхамедов жеңіп алғанымен, бапкерлер Токиоға Демеуді апарғанды жөн көрген. Себебі, жолдама жеке спортшыға емес, командаға берілген. Енді Асхат өзінің белгісіз себептермен Олимпиадаға бара алмағанына, онда жарысты ұтып алуға жақсы мүмкіндігінің болғандығына өкініш білдіріп отыр.
Алайда, өкін-өкінбе, тұтастай елдегі кемшіліктердің біздің спортқа да сол күйі көшіп алып, аяқтан тартып отырғанын, осындай кереғарлықтар мен әділетсіздіктер растамаса, теріске шығармайтындай. Спорт саласына да қаржы құйылудай құйылып жатыр, бірақ, осы күндер көрсеткеніндей, қайтарым аз. Спортшыларымыздың Токио Олимпиадасына дайындығы мен қатысуына мемлекет тарапынан 15 миллиард теңге қаржы жұмсалған екен. Ал, осыдан бес жыл бұрын Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарына бөлінген қаржы мөлшері 6 миллиард теңге болатын. Яғни, «тәбет» еселеп өскен. Ал, содан не шықты? Біраз уақыт соғыс жағдайында болған, 2 миллионға жетпейтін халқы бар шағын Косово Республикасы осымен өзінің небары екінші Олимпиадасына қатысып, дзюдодан екі бірдей алтынды қоржынына салды. 6 спорт түрі бойынша Токиоға 11 спортшысын жіберген, олардың дайындығына 8 миллион доллар қаржы кеткен. Салыстырмалы түрде біздің елдің осы Олимпиадаға жұмсағаны шетел валютасына шаққанда 250 миллион доллар. Тек олар 42 орында да, біз одан тап сонша орын төменбіз.
Бұдан осы мақсатқа бөлінген қаржының да далаға кеткендей болғаны, спортшыларымыздың дайындығының да сын көтермегені көрініп тұр. Жекелей сайыстарда, командалық жарыста да солай. Көрсеткіштеріміз бірінен бірі аумайды, яғни, төмен. Айталық, ватерполдан ел намысын қорғаған ерлер құрамасы да жарытпады. Топтық кезеңдегі бес кездесудің бесеуінде де ірі есеппен ұтылып, бас бапкер Неманья Кнежевичке «қарсыластарымыздың бәрі мықтылар» деп ақталудан басқа ештеңе қалмады.
Айта берсек, бұл Олимпиадаға 27 спорт түрінен қатысқан Қазақстан тек соның бесеуінде ғана кейде бір, кейде екі қоламен көңілімізді сәл-пәл демдей түскен екен. Қалған 22 түрінде бізден өзгелерге қауқар көрсететін дұрыс бәсекелес шықпапты. Спортшыларымыздың дені Токиоға құр барғандай, Олимпиадада өнер көрсетуге дайын болмағандай әсер қалдырғаны шындық. Чемпиондарымыз Дмитрий Баландин айыз қандыра жүзе алмады, Ольга Рыпакова сол ұзындыққа секеруден финалдық кезеңге өте алған жоқ. Соған қарағанда, бұл спортшылардан осы Олимпиадада шамадан тыс бірдеңе күту артық еді.
Сонымен, келесі Олимпиада ойынында бүгіннің кебін кимеуіміз үшін осы бастан не істеуіміз, қандай жолды таңдауымыз керек? Тіпті, біз айтпаған Түркіменстанға дейін бір күміспен алдымызды едәуір орап кетіп отырғанда, Қазақстан спортына түбегейлі шұғыл реформаның қажет екені даусыз. Осы Олимпиададан бергі «жүйе қандай болса, спорты да сондай» деген пікірлердің өзі көп ойға жетелейтіндей. Бізде қай спорт федерациясы болсын, басында міндетті түрде министр не әкім. Өзара келісіп, бөліп-бөліп алған сияқты. Ал, сол қатып қалған дәстүр биылғы Олимпидада көмектесті ме? Шенеуніктерге дұрыстап айналысса, өз жұмыстары да жетеді ғой. Осының бәрінің тізгінін өз салалары бойынша білікті спорт мамандары ұстаса, қалай болар еді?!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен күзде жергілікті орындарға бюджеттен кәсіби спорт клубтарына бөлінетін қаржының көлемін қысқартып, осыдан артылғанын бұқаралық спортқа бағыттауды тапсырған болатын. Бұдан кейін кәсіпқой футбол клубтарының бюджеті қайта қарала бастағанымен, бұл жұмыс әлі де болса бір ізге келтірілмеген сияқты. Осыған орай айтарымыз, Президенттің бұл тапсырмасы жер-жерде сөзсіз орындалуы керек. Өйткені, ендігі арада бұқаралық спортқа дұрыс көңіл бөлмей, оны дұрыс қаржыландырып, дамытпай, жұмсалған бей-берекет қаржының есебіне ие болмай, ел намысын биік ұстайтын ертеңгі олимпиадашыларды даярлай алмаймыз.
Батыр да, чемпион да халықтың ішінен, ауыл мен қаладан шығады. Ендеше, осы екеуінде де спортпен, дене тәрбиесімен шұғылдануға бірдей жағдай жасалып, бойында жігер, көзінде от бар әр талант назарда ұсталуы керек. Кім біледі, мүмкін біз бүгін шыға алмай отырған Олимпиада олимпін солар бағындырар?!
Осы бізде спорт секциялары неге қымбат, неге бір бөлігі тегін болмайды? Мұнайлы елде әлде оған ақша жетпей ме? Токио Олимпиадасынан тауымыз шағылған тұста тілге оралатын және бір қисынды сауал осы. Бұдан былай оқу-жаттығу жиындарында да бұрынғы шиырланған шеңберлерден шығып, спортшылары Токио Олимпиадасында жақсы нәтижеге қол жеткізген елдердің іс-тәжірибесіне көбірек мән берсек, құба-құп.
Сосын спорттағы өз-өзіңе, ар-ожданың мен еліңе адалдық принципі. Бұл өте-мөте маңызды. Осыған селкеу түсіру де бізді жазаламай қоймаған. Сөзіміздің басында 2012 жылы Лондонда жалпы командалық 12 орыннан көріндік деп жатырмыз. Кейін ол не болды? Допинг дауына іліккендері үшін ауыр атлеттеріміз Зульфия Чиншанло, Мая Манеза, Светлана Подобедова алтын медальдарын қайтарып берді. Ал, Илья Ильин болса, Лондон мен Пекин Олимпиадаларында жеңіп алған екі алтынынан да айырылды. Сөйтіп, бастапқы 7 алтын 3 алтынға, 12-ші орын 22-ші орынға айналып шыға келді.
2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарында «Рио, сенде тағы, Жанды елімнің бағы, Мықтыларым барда, Сынбас Алаш сағы» деп ән арнағанбыз. Бұл жолы «Сегіз қола, қолдасың, Алтын, күміс қайдасың?!» деп көңіл-күйді мұңға жеңдіреміз. Айтпақшы, осы күнгі рекорд іздегіштер әлеуметтік желілерде «басқа медальдарды араластырмай, 8 қола алу жазғы Олимпиадаларда бұрын-сонды болмаған өзіндік рекорд екен» деп те жазып жатыр. Дегенмен, ондай рекордтың бізге қажеті қанша.
Алла, алдағы Олимпиада ойындарында осы кеткен есеміздің орнын толтырып, халқымыздың жүзін жарқын ете гөр!..
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.
Суретте: бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар