«Әліппе» қайтып оралады

1 қыркүйек – Білім күні мектеп табалдырын алғаш аттайтын 1-сынып оқушыларына салтанатты түрде «Әліппе» табыс етіледі.Бұл жайында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Әліппе – баланың ең алғашқы оқулығы болуы керек. Сондықтан, былтыр айтқанымдай, Әліппені дайындап қойдық. Қазір өңірлерге жеткізіп жатырмыз, – деді министр.
Асхат Аймағамбетов Әліппе пен «Букварь» дайындалып, «Ана тілі» бойынша да құрастыру жұмыстары қолға алынғандығын айтты. Оның мәлімдеуінше, 1 қыркүйектегі іс-шарада балалардың қолына Әліппе салтанатты түрде табысталады. Сондықтан, бұл жұмысты алдын ала ұйымдастыру қажет. Әліппе бойынша әдіскерлер мен ғалымдар ауқымды жұмыс атқарып, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 1912 жылғы Әліппесіндегі басты қағидат негізінде оқулықты құрастырып, әзірлепті. Бұл әдістеме бойынша көп рет мәселе де көтерілген болатын. Оқулықты құрастыру барысында оның негізгі ұстанымындағы дыбыспен жаттығу, әрбір дыбыстың сөз жасаудағы қызметін еске алу, буындап оқу, оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге өту қағидасы сақталыпты.
Министр атап өткеніндей, Әліппеде барлық оқу мақсаты сақталған. Сондықтан, әдістемелік жағынан баланың жас ерекшелігіне сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр.
–Әліппені балалар I-II тоқсанда оқып, III тоқсаннан бастап Ана тіліне ауысады. Осы жұмысты барлық өңірлер тиісті деңгейде жүзеге асырады деп ойлаймын, – деді еліміздің бас ұстазы.
Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар