Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақтың жері үшін басын қатерге тіккен ер - АРҚА АЖАРЫ

Қазақтың жері үшін басын қатерге тіккен ер

Уақытта өлшем жоқ деген рас екен. Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасы бірқатар аса көрнекті тарихи тұлғалар ескерткіштерінің ең үздік жобаларына конкурс жариялағанына да екі жылдай уақыт болды. Ескерткіштер орнатылатындардың қатарында 1150 жылдығы атап өтілетін әлемге әйгілі ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фараби, ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсарин, мемлекет және қоғам қайраткерлері Жұмабек Тәшенев пен Сұлтанбек Қожанов, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтер бар.

Енді қазақ халқы әрдайым есте сақтайтын мына бір тарихи оқиғаға назар аударайық. 1960 жылдың қазан айы. Сол кездегі Целиноградтағы қазіргі Нұр-Сұлтан қалалық концерт залы – филармонияда, ол кезде Тың игерушілер сарайында КСРО басшысы Н.С. Хрущевтің шақыруымен республикалық кеңес өтті. Н.С.Хрущев көтерген басты мәселе Қазақстанның солтүстік облыстар аумағын түгелдей Ресей Федерациясының құрамына беру. Осы мәселеге байланысты Ж.А.Тәшенев Н.С.Хрущевке қарсы шығып, волюнтаризм шешім қабылдауға дағдыланып қалған Н.Хрущевтің келтірген уәждерінің күлін көкке шығарып, Одақ басшысының мысын басып тастады. Сөйтіп, Атамекен жерінің тұтастығын толықтай сақтап, онымен қоса сол кездегі санақтағы төрт миллионнан аса Қазақстан халқын ел аумағында қалдырды. Осындай сын сағатта қазақ халқы мен Атамекен жерінің тағдыры шешілер сәтте Кеңес Одағының басшысына қарсы тұрып, жоғары лауазымды қызметіне қарамай, ұлт намысын жерге жықпай ерлік көрсетуі бұл нағыз батыр тұлғалы Жұмабек Тәшеневтің ұлтжанды болмысына сай азаматтық ерлік еді. Жұмекеңнің осы ерлігін халқы ешқашан ұмытпайды, қайта ондай ерлікті ұрпақтан ұрпаққа жырлап жеткізе бермек.
Осындай сын сағатта Ж.Тәшеневтің азаматтық ерлігінің дүниеге келуіне себепші және куәсі болған осы ғимарат алдында Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің ескерткішін орнату жөн болар еді. Еңселі ғимараттар алдында тарихи ескерткіштер орнату бүкіл әлем мәдениетінде қалыптасқан дәстүр. Және сол кездегі Тың игерушілер сарайын салдыруға себепші болған Ж.А.Тәшенев екенін, Целиноградқа іссапарымен келген сайын Тың игерушілер сарайында түрлі жиналыстар мен конференциялар өткізіп тұрды.
Жұмабек Ахметұлы Тәшеневке халқы қандай сый көрсетсе де артық емес. Ол өзінің бүкіл саналы өмірін ұлтына адал да үлгілі қызмет көрсетуге арнады. Егер Солтүстік Қазақстанның бес облысының сақталуын бүгінгі тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму сатысымен сараптай қарайтын болсақ, Жұмекеңнің ерлігі мен қайсарлығының мән-маңызын ештеңемен салыстыру және өлшеу мүмкін емес!
Иә, Жұмабек Тәшенев бәріне көнді, бірақ, ай мен күннің ашығында, өзіңді қолжаулық қылып, жеріңді таптап, дыбысыңды шығармай бөліп аламын деген Мәскеудің қорлығына шыдай алмай, қарсы атылды. Ол мұның ақыры неге соғатынын, өзінің лауазымды қызметтен аластататынын, артынан ит айтақтап, тас ататынын да білді. Бірақ, бар тіршілігінің жан-жүрегі жерін қолқасынан тартып суырып әкетіп бара жатқанына шыдай алмай, өзін елі мен жері үшін құрбандыққа шалды. Ол ешкімнің өзін мүсіркеуін де, аяуын да, мақтап-мадақтауын да қажет етпеді. Барлық арман-мақсаты елін-жерін ту-талақайға салып быт-шыт етіп бөлініп кетуден сақтап қалу болды. Барлық арман-мүддесі – қазақ елін өркениеттілер қатарынан қазақы болмысын сақтап, дамыған шын мәнісінде іргелі мемлекет ретінде көру еді. Ол өмірден сондай арманмен өтті. Дүниеден өткеніне отыз бес жылдай уақыт өтсе де оның есімі аңызға айналды, оның бейнесі ұрпақтар жадында мәңгілік сақталуда. Батыр тұлғалы азаматтың есімі бүгінде ілтипатпен жиі аталып жүр. Жылдар өткен сайын оның азаматтық ерлігі мен бейнесі, халқына деген сүйіспеншілігі, қайраткерлік қадір-қасиеті бұрынғыдан да артып, ер тұлғасы асқақтап, асқарланып барады. Халқы да өз арасынан шыққан ел мүддесі мен атамекен жерін қорғаған осындай батыр тұлғалы азаматымен қалай мақтанса да жарасымды болары анық.
Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдып қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Ондай азамат халқы мен елінің алдындағы перзенттік парызын айқын да нақты түсінген, қандай да қиын-қыстау жағдайда, оны тиянақты орындаудан жалтармаған адал азамат қана халқының сенімін кіршіксіз атқарған ұлтжанды тұлға болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болмасын ондай ер тұлғалы азамат ұлтының бетке ұстар қаһарманына, үнемі дәріптейтін мақтанышына айналатыны анық.
Тұтас бір дәуірді қандай ұлы адам болса да жалғыз өзі өзгерте алмайды. Алайда, соған ықпал ететін, түрткі болатын тұлғалар болатыны заңды. Халқымыздың бақытына орай сол қиын қыстау кезде Қазақ КСР Үкіметін басқарып отырған Жұмабек Ахметұлы Тәшенев жеке дара шығып, есерсоқ Н.Хрущевтың аузын жапты, атамекен жерінің тұтастығын сақтап қалды. Жұмекеңнің азаматтық ерлігі осылайша паш етілді, ұрпақтар санасында мәңгілік сақталуда.
Кеңестер Одағы ыдырардың алдында мен Қазақ КСР-нің Мәскеудегі парламент тілшісі ретінде алып державаның қандай себеппен және қалай күйрегенінің куәсі болған едім. Оның арты Әзірбайжан мен Арменияның Қарабах үшін, Шешенстанның өз жері үшін қанды қырғынға әкелгенін барша жұрт ұмыта қойған жоқ. Егер өткен ғасырдың алпысыншы жылдары тәуелсіздік алған біздің елдің басшылары секілді қапшық-қапшық ақшаға қызыққан тойымсыз шенеуніктер сияқты Жұмекең жігерсіздік танытып, атамекен жерін Ресейге бере салғанда, қазақи ұғымдағы жер дауы Қарабах пен Шешенстандағы қырғыннан аспаса кем болмас еді.
Сондай шешуші кезеңде Жұмабек Тәшенев өзін өзгелерден ерекше ауқымды істерімен, пәрменді күш-жігерімен таныта білді. Ата-бабаларымыз аманат еткен қазақ даласының әр сүйкем жері үшін озбыр күштермен аяусыз күресті. Ол «елім» деп армандап өткен Ә.Бөкейханов, М.Шоқай, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов. С.Сәдуақасов. Ә.Ермеков сияқты қазақ қайраткерлерінің істерін жалғастырды. Сөйтіп, қазақ тарихында қадау-қадау тұлғалар қатарынан ойып тұрып берік орын алды.
Атамекен жері үшін күресте Ж.Тәшеневтің соңында не елдің ішінде, не сыртта оны қолдайтын ұйым болған жоқ. Ол тек білімділігімен, парасаттылығымен, ұлтжандылығымен Мәскеу шенеуніктері өктемдігінің бетін қайтарды. Одақтас республикалардың Конституциясын белден басып дағдыланған, олардың территориясының тұтастығын, шекарасын құрметтеуді баяғыда ұмытқан КСРО басшысы Хрущевпен болған теке-тіресте Мәскеу шенеуніктерінің сабасын келтіріп, сазайын тарттырды. Сол жылдары республиканың саяси билігінің басындағы қазақ шенеуніктері Мәскеудің қазақ жерін бөлшектеу туралы шешіміне іштей наразы болғанымен, шешім қабылданар кезде олар үн-түнсіз қалды. Ондай екі жүзді шенеуніктер үшін өз басының амандығы мен лауазымының сақталуы бәрінен де қымбат болатын. Бұл жағдай тәуелсіздік алған қазақ шенеуніктерінің бүгінгі қазақ жерін пайда табу көзіне айналдырған сатқын саясатын көз алдымызға елестеткендей.
Атамекенді саудаға салуға Қазақстандағы жоғары басшылар арасында жалғыз Жұмабек Тәшенев қана ашық және табанды түрде қарсы шықты. Сөйтіп, көзі тірісінде есімі аңызға айналды.
Жұмабек Тәшеневтің арқасында Қазақстанның құрамында қалған жер мөлшері 565,4 мың шаршы километр немесе қазіргі Қазақстан Республикасы аумағының бестен бір бөлігі. Егер сол кезде Жұмабек Ахметұлы Орталықтың айтқанынан шықпай, көрші республикаға аталған бес облысты бере салғанда, Ресей Федерациясының құрамына қарапайым есеппен төрт миллиондай адам (1999 жылғы халық санағы бойынша) кетіп қалар еді. Ал, бұған Түркіменстанға кеткелі тұрған кенді Маңғышлақты, Оңтүстік Қазақстанның Өзбекстанға тағы да бергізгелі тұрған үш ауданын Тәшенев бергізбей, Қазақстанның құрамында сақтап қалдырғанын қоссаңыз, онда Жұмекеңнің бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасы тарихындағы рөліне қазіргі ұрпақ лайықты бағасын беруі тиіс.
Ал, егер Солтүстік Қазақстанның бес облысының сақталуын бүгінгі тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму сатысына сараптап қарайтын болсақ, Жұмекең жасаған ерлік пен қайсарлықтың мәні мен маңызын ештеңемен салыстыру және өлшеу мүмкін емес! Соның нәтижесінде қазіргі Қазақстан Солтүстік Америка (АҚШ пен Канаданың солтүстігі), Еуропада (Франция, Украина және Ресейдің оңтүстігі), Оңтүстік жарты шар (әсіресе, Аргентина және Австралия) қосқандағы бүкіл әлемдік жетекші астықты алқап атанып, жоғары сапалы астықты дақылдарды мол өндіретін мемлекетке айналды.
Республикамыздың басшылығына келіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы, Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып қызмет істеген жылдарында:
— Алматыда ұлы Абайға ескерткіш орнатылуын және сол арадан бастау алатын Абай ата даңғылын салдыруды қадағалап іске асырған;
— Медеу шатқалында мұз айдынын жасауды тиянақтату үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы К.Е. Ворошиловты қонаққа шақырып, шатқалды көрсетіп қызықтырып, ойын нық дәлелдеп, құрылысқа қажетті қаржыны алған;
— әйгілі «халық жауы» науқанында жазықсыз жазаланып қазаға ұшыраған арыстарымызды ақтау кезінде қуғынға ұшырап түрмеде жатқан, айдауда жүрген қайраткерлерімізді бостандыққа шығару мәселелерімен шұғылданатын (СОКП ХХ съезі шешімдеріне сай) республикалық комиссияны басқарып, игілікті қыруар жұмыс атқарған;
— Мәскеуде Қазақстан өнері мен әдебиетінің екінші онкүндігін 1958 жылы жан-жақты жақсы дайындықпен өткізуге күш салған. Онкүндік нәтижесінде айтулы тарландарымыздың ең жоғары атақпен марапатталуына, үлкен құрмет-қошемет көруіне, бес әртісімізге «КСРО Халық әртісі» атағы берілуіне себепші болған;
— ҚКП Орталық комитетіндегі қайсыбір «сақ-қырағылар» Бауыржан Момышұлының «За нами Москва» кітабының жарық көруіне қарсы болса да, Жұмекең орынсыз қарсылықты жеңіп, кітапты шығартқан;
— Алматының дәл ортасында, салынған 120 пәтерлік үйді қазақ әдебиеті мен өнерінің қайраткерлеріне бергізген;
— Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын Лениндік сыйлық алуға себепші болған;
— Нұрмолда Алдабергеновке Социалистік Еңбек Ерінің үшінші Алтын Жұлдызын, Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын алып беру үшін Мәскеуге барып, тиісті орындарда болып, көп әрекет жасаған, бірақ хрущевшілдердің, маршал И. Коневтің қарсылықтарына тап болған;
— Жұмекеңнің бастамасымен күрішші Ыбырай Жақаев пен шопан Жазылбек Қуанышбаевтарға екінші рет Социалистік Еңбек Ері атағы алып берілді;
— республика тіршілігінің қай саласында болсын қазақтың білімдар, жас кадрларын өсіруді бірінші кезектегі міндеті санап, орындап отырған. Министрлер Кеңесіне Төраға болысымен аппаратына бірден 12 қазақ мамандарын алған;
— Жезқазған геологиялық партиясының бастығы Шахмардан Есеновтің болашағы зор екенін болжап біліп, жас маманды республика Геология министрінің орынбасарлығына тағайындаған;
— ҚКП Орталық комитетінде қазақ газеттерін аудармаға айналдыру туралы зымияндық мәжіліс өткізілгенде ашынып қарсы сөйлеген. Сол кездегі «Cоциалистік Қазақстан» мен «Қазақ әдебиеті» газеттерін аударма газет болудан қорғап қалды;
— Үйсіз жүрген Мағжан Жұмабаевтың жесіріне пәтер бергізді;
— Алматы мен Қарағандыда политехникалық, Павлодарда индустриалды институттарды ашуға мұрындық болды.
— тоңмойындар мен безбүйректерден жәбір көріп, алдына келген адамдарға дереу көмек көрсетіп жүрген. Қарапайым адамдармен қарым-қатынаста болудан арланбаған, қайта солардың өтініштері мен арыздарына жете қараған.
Қазақ халкы небір дүрбелең кезеңдерді басынан өткізбеді десеңізші. Әсіресе, бұл үрдіс тың және тыңайган жерлерді игеру жылдары ерекше сипат алды. Соны желеу етіп, елімізге алып империяның тұс-тұсынан адамдар тасқыны селдей ағылып, қазақ халқы өз жерінде азшылыққа айнала бастады, тұтас жатқан байтақ дала бірнеше өлкеге бөлініп, бөлшектенді. Әсіресе, құрамына еліміздің ең құнарлы да астықты аймақтары кірген «Тың өлкесін» Қазақстаннан бөліп алып Ресейге қосу қаупі сезіле бастады. Сөйтіп, елімізге өзінің қазақи елдік сипатынан айрылу қаупі төне түсті. Бұл қатерді бүкіл қазақ халқы болып жан-тәнімен сезіп, буырқанып тұрды. Ежелден ұлтымызға тән «жер дауы мен жесір дауына» ат үсті қарамайтын қазақтарды болып қалуы мүмкін қантөгістен халқымызға тән сабырлылық пен парасаттылық тоқтатты. Сол кезде Қазақ ССР үкіметін басқарып жүрген Жұмабек Ахметұлы Тәшенев Қазақстанды бөлшектеу саясатын ұстанған Н.С.Хрушевтің жымысқы пиғылын бірден сезіп, халқы үшін басын қатерге тігіп, аждаһаға қасқиып қарсы шықты.
Тың өлкесі аумағын Ресейге түпкілікті бергізу мәселесін шешу үшін Н.Хрущев Д.Қонаев пен Ж.Тәшеневтерді Целиноградқа шақыртты.
Бұл арада осы оқиғаға байланысты мынадай болжам айтуға болады. Біріншіден, республиканың екі бірдей басшысы өздерін Целиноградқа не үшін шақыртып жатқанын іштей сезді. Сондықтан, кімнің қандай көзқараста болатыны алдын ала ойластырылған да болуы ықтимал. Мұндайда ерекше мінез таныта алатын намысқой Жұмабек Тәшенев КСРО басшысына жалғыз өзі қарсы шығуға дайын болуы тиіс еді. Бірақ, Жұмекең үшін жұмбақ болған мәселенің бетін үнемі асығыс шешім қабылдауға дағдыланып қалған Н.Хрущевтің өзі ашып тастады.
– Бүгінгі күн тәртібіндегі мәселе Қазақстанның солтүстік аймақтарын Ресейге қосу. Қонаев жолдас бұл ұсынысқа қарсы емес. Сәл үнсіздіктен кейін сөзін жалғастырған Хрущев: – Жұмабек Ахметович, енді Сіздің пікіріңізді білсек» дегенде Жұмекең өзіне тән сабырлылықпен: –
Никита Сергеевич, бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті, күн тәртібіне қойылуына үзілді-кесілді қарсымын!» деп бірден кесіп айтты. Мұндай жауапты күтпеген Н.Хрущев ашуға булыққаны соншалық, не айтарын білмей, ұзақ үнсіздіктен кейін: «Бұл мәселе Сіздің құзырыңызда емес, оны Орталық партия комитеті шешеді» дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Не керек, осы мәжілісте кімнің кім екеніне, бас сауғалау үшін аяқ астынан сатқындыққа қалай баратынына Жұмекеңнің көзі анық жетті. Қабылдаудан шыққан Жұмекеңді күтіп алған Димекең: «Әй Жұмеке-ай, жүрек жұтқан батырсыз-ау» деп бауырына қысқаннан басқа амалы қалмады.
Бұл кездесуден Жұмекең сөзсіз жеңіспен шықты. Елінің тұастығын сақтап қалуда қандай ерлік жасағанын Жұмекең бірден түсінді ме жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Бірақ, КСРО басшылығымен тайталасып, оның айтқанына көнбеудің немен аяқталатынын Жұмабек Ахметұлы сезбеді емес, сезді және Орталықтың қандай да бір шешіміне тас түйін дайын болатын. Ең бастысы осындайда жанына батқаны, кейбір жора-жолдастарының Жұмекеңнен бойларын алыстата бастағаны еді. Сонда Қазақстан жерінің тұтастығын сақтау үшін кімдер үшін, не үшін басын тікті? Бір өзін кімнен болса да, қалай болса да арашалап қалуға Жұмекеңнің қауқары да, білімі де жетер еді. Жұмекең бүкіл болмысынан бірбеткей, алған бағытынан қайтпайтын нағыз қайраткер болатын, сондықтан өзі айтқандай: «Мен елімнің жерін таққа айырбастамаймын» деуі тегіннен-тегін айтылмаған. Бұл ұлтжанды азаматтың сөзі, өжет адамның көзқарасы, тектіліктің, отаншылдықтың белгісі.
Лауазымды қызмет атқарып жүрген Жұмекеңді осындай батыл қадамға баруға кім және не итермеледі деген сауал қоюшылар бүгінде аз емес. Мен Жұмекеңнің үлкен ұлы Саянмен қоян-қолтық араласқандықтан көп жайтқа қанықпын.
Біріншіден, Жұмекең бала кезінен зерек болып өсті, кітаптарды көп оқушы еді дейді Саян. – Премьер министр қызметінен босағаннан кейін менімен жеке бір әңгімесінде айтқаны мынау еді: «Кезінде алаш көсемдері де жер мәселесіне бейжай қарамай, ұлтымыздың байлығы атамекен жеріне мұқият қарау керектігін қадап айтқан болатын. Бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қалдырған қазақтың қасиетті жерін мен не үшін жат елге беруім керек деп маған сын көзімен ұзақ қарады. Соған қарағанда алаш қозғалысы туралы және оның көсемдері жөніндегі мағлұматты Ахмет атамыздан естіп, қолына сол кездерде түскен газеттерден оқыған болу керек», – деп Саян ойын түйді.
Жұмекеңнің бойындағы елдік, отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттер бала кезден қалыптасты деп сеніммен айта аламыз. Оған Жұмекеңнің лауазымды қызметте жүріп, атқарған игілікті істері мен еліне қалдырған өшпес мұралары куә. Ал, халқы өзінің адал перзентін қандай қиын-қыстау кезеңде де ойынан шығармай, жүрегінде мәңгі сақтап келеді. Бүгінде Ж.Тәшенев азаматтық ерлігінің ақиқаты ашылып, оның халық күрескері ретіндегі бейнесі айқындала түсуде.
Жалпы Ж.Тәшенев тағылымына келетін болсақ, ол із-түзсіз қалған жоқ. Кеңес үкіметі кезінде билікке келген кейбір қазақ басшыларының атқарған істерімен бірге саналарында елі мен жеріне деген жанашырлық, оның қордаланып бара жатқан ұлттық проблемалары тұрды. Бүкіл республика көлемінде болмаса да олар өздері қызмет атқарып жүрген аймақтарда осы проблемаларды шешуге ұйытқы болды. Қолдан келген шапағатын ештеңеден және ешкімнен аямады. Олардың есімдері күні бүгінге дейін ел есінде. Сақан Құсайынов, Еркін Әуелбеков, Өзбекәлі Жәнібеков және Рысбек Мырзашевтар Жұмекең дәрежесіне дейін көтерілген асыл ағаларымыздың бірте-бірте ұмыт болып бара жатқан есімдерін тағы бір жаңғыртып, оны жас ұрпаққа аманат еткеніміз ләзім болар. Осындай ұлт мақтанышына айналған ардақты ағаларымыз бен небір асылдарымызды әрдайым ардақтай білейік, олардың есімдерін мәңгілік есте сақтау жолында игілікті істерді қолға алып, жалғастыра беру қазіргі ұрпақтың парасатты парызы болмақ.

Мейрам Байғазин,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер Кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар