Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өнер мен руханият жолында аянып қалмауда - АРҚА АЖАРЫ

Өнер мен руханият жолында аянып қалмауда

немесе «Көкше» мәдениет үйінің бүгінгі бейнесі

Ән мен жырдың бесігі атанған Көкшетау ешқашан өнерден, руханият ордаларынан кенде болмаған. Кербез Көкшенің тау-тасы мен өзен-көлдері де әндетіп тұрғандай. Арқаның сырбаз сұлу мекенінде көптеген өнер ошақтары тәуелсіздік жылдары бой көтеріп немесе қайта жаңғыртылып, бүгінде ел игілігі үшін жұмыс істеп тұрған жайы бар. Солардың бірі облыс орталығының іргесіндегі Краснояр селосында руханият пен өнер сауық құрған кең сарайдай «Көкше» мәдениет үйі 1992 жылдан бері белсенді жұмыс істеп келеді. Ел тәуелсіздігімен қатар бой көтерген ордалы нысанға өткен жылы үкімет қазынасынан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қыруар қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жүргізудің сәті түсті.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы басталғалы бері елімізде әбден ескірген бірқатар мәдениет үйлері жаңғырып, жақсарып келеді. Былтыр ел бюджетінен 206 027 942,4 теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілген «Көкше» мәдениет үйінің бүгінгі бет-бейнесі жан жадыратады. Жалпы ауданы 3269,6 шаршы метрді құрайтын нысанның концерт залы 300 орынға шақталған. Мәдениет үйінде кіші конференц-зал, қоғамдық іс-шаралар залы, хореографиялық және дайындық залдары, костюмдер мен гримдеу, дыбыс-операторлық бөлмелері, үйірме жұмыстарына арналған 14 кабинет, бейнелеу студиясы, кітапхана бар. Мұнда 21 адам жұмыс істейді, олардың 8-і шығармашылық бағытта еңбек ететіндер.
2019-2021 жылдар аралығында мәдениет үйінің ұжымы офлайн және онлайн форматта 1170 мәдени-бұқаралық іс-шара өткізіп, оған 20 мыңнан астам адам қатысты. 500-ге жуық іс-шара балаларға арналды. Бүгінде еліміздегі пандемия әсерінен мәдени нысан барлық санитарлық және карантиндік талаптарды ескере келе, көбіне онлайн іс-шараларға басым бағыт беріп отыр.
Сапалы және үйлесімді жұмыстың нәтижесінде мәдениет үйі өңірлік және халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын өнер байқауларына қатысып, бірталай жүлделі орындарға қол жеткізіп, өз биіктерінен көріне алды. 2019 жылы «Көкше» мәдениет үйі «Ақмола жұлдыздары» облыстық халық шығармашылығы байқауының Бас жүлдегері атанды. 2020 жылы мәдениет үйіндегі «Ритм» би ұжымы Қарағанды қаласында өткен халықаралық хореографиялық өнер байқауында бірінші орынға ие болды. Ал, мәдениет үйінің әдіскері Манарбек Аманкелді биылғы наурыз айында өткен «Жігіт сұлтаны» облыстық байқауында Бас жүлдені жеңіп алды.
Мәдениет үйінде 30 клубтық бірлестік жұмыс істеп, оларға 585 қатысушы келеді. Ал, ұжымдарда, студиялар мен үйірмелерде 900-дей адам шығармашылық бағытта өнерлерін шыңдап келеді. Әуесқой шығармашылық ұжымдардың, үйірмелердің, студиялардың, бірлестіктердің қызығушылықтары бойынша да түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Әр түрлі формалар мен тақырыптарда мерекелік қойылымдар, фестивальдар, байқаулар, концерттік бағдарламалар, көрмелер, мәдени-әдеби кештер, спектакльдер, би кештері, салт-дәстүрлер және ойын-сауық бағдарламалары өткізіледі.
–Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мақсатында «Көкше» мәдениет үйі 2020 жылғы 21 наурыздан бастап ақпараттық-телекоммуникациялық интернет желісі арқылы онлайн жұмыс режиміне көшті. Мәдениет үйі қызметкерлері красноярлықтар үшін шеберлік сыныбы архивін, шығармашылық нөмірлер мен концерттердің жазбаларын, шолулар мен ақпараттық минуттарды да-
йындап, назарларына ұсынды. Әлеуметтік желілерде сақтық шаралары және COVID-19 жұқтырудан қорғау тәсілдері туралы хабарламалар мен мәдени-демалыс бағытындағы материалдарды жүйелі түрде жариялап келеді. Бүгінде әлеуметтік желідегі парақшамыздағы қаралымдар саны 84 мыңды құрап отыр, –дейді мәдениет үйінің қызметкері Манарбек Амангелді.
2020 жылдың сәуір-мамыр айларында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Қамқорлық» республикалық акциясы аясында және NOMAD MMA федерациясының қолдауымен мәдениет үйінің «Біз біргеміз» еріктілер тобы жалғызбасты зейнеткерлерге азық-түлік бокстарын күнделікті жеткізіп тұрды. Сондай-ақ, аталмыш мәденит ошағының еріктілері қарттарға қолдау көрсету айлығында тыл еңбеккерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбасты зейнеткерлерге азық-түлік жеткізіп беріп, олардың үйлерінің маңындағы аумақтарды тазалауға қолғабыс етті.
Биыл мәдениет үйінде балалар мен ересектерге арналған кескіндеме және модельдеу клубы ашылыпты. Болашақ суретшілерді өз ісінің білікті маманы, Суретшілер одағының мүшесі Иса Ибрагим оқытып, тәлім-тәрбие беруде. Мұғалім өз жұмысында интеграцияланған тәсілге сүйене отырып, әр түрлі бейнелеу іс-әрекеттері арқылы ересектер мен баланың бірлескен шығармашылығы, эстетикалық тәжірибе мен ынта жағдайында балалардың бастамашылдығын, өнертабысы мен шығармашылығын дамытуға ықпал етуде. Ашылғаннан бері үйірме мүшелерінің саны артып келе жатыр екен.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар