Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақстандық іздестірушілер Украина жеріне аттанды - АРҚА АЖАРЫ

Қазақстандық іздестірушілер Украина жеріне аттанды

Биылғы жылдың 17 тамызында қазақстандық іздестіру жасағы Нұр-Сұлтан қаласынан Киевке ұшып барды, ондағы басты мақсат Ұлы Отан соғысы кезінде Ақмолада жасақталған 106-шы кавалериялық дивизияның ұрысқа қатысқан орындарын зерттеу болып табылады.

1942 жылы қазақстандық бірнеше ірі әскери бөлімше Боровенковский жерінің маңында немістердің қоршауына түсіп қалады. Неміс танкілеріне қарсы бетпе-бет ұрысқа кавалерия шығады. Мұндай жерде тірі қалуға деген мүмкіндік аз еді. Бұл аумақта 106-шы кавалериялық дивизияның 5 мыңға жуық жауынгері қоршауға түсіп, қаза тапты. Жер бетіндегі ең зұлмат соғыстың бұл беймәлім беттері өзіне көп сыр бүгіп жатқандығы анық. Жалаң қылышпен жауға шапқан, нақтырақ айтқанда, осыған мәжбүрлеп, қырып тынған девизияның құрамында қазақтың небір марқасқа азаматтары бар болатын. Әсіресе, басшылық құрам ірі партия, шаруашылық қызметтерінде ысылған талай тамаша кадрлардан тұратын еді. Олардың бәрі дерлік Харьков қазанында «Харьковский котел» мұздай қаруланған жаумен атысарға оғы, шабысарға қылышы жетпей, қаза тапқаны қаза тауып, тұтқынға түскені тұтқынға түсіп, арманда кете барды. Сондықтан, қазақстандық іздестірушілер аттанып бара жатқан Украина жері осы әскери жасаққа қатысты тарих қойнауынан аршып алатын талай деректерге толы әрі осының бір хабарын жалғанның жарығына шығаруға біздің іздестірушілердің мүмкіндігі жоқ емес, бар деп есептейміз.
Іздестіру отряды мүшелерінің айтуынша, бұл экспедиция Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев пен Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Іздестіру отрядын танымал тұлға, бар өмірін осындай игі жұмыстарды ұйымдастыруға арнаған Майдан Құсайынов басқаруда. Ол – «Мемориалдық аймақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-тарихи музейінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі Әскери-патриоттық орталығының консультанты. Соңғы рет іздестіру тобының жетекшісі Украинаға 2012 жылы барыпты. Енді осы жолы онымен бірге «Көкше-іздеу» іздестіру клубының өкілдері, аталмыш іздеу клубының жетекшісі Еркінбек Абдуллин, оның орынбасары және жас іздеуші Мейрамбек Тілеубай барып отыр.
Бір кездері басталған іздеу жұмыстарын жалғастырып, ұрыс болған жердегі жергілікті тұрғындармен жүздесіп, олардың білген-көргенін сұраудан бөлек, осы аймақта қаза тапқан 106-кавалериялық дивизиясының жауынгерлерінің құрметіне монумент орнату үшін орын белгілеуді жоспарлауда.
–Ақмола облысы әкімдігінің қолдауы – ұлттық санамызды қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам. Ақмола өңірінде барша Қазақстан сияқты соғыста қаза тапқан жауынгерлерді ерекше құрметтейді. Біздің ортамызда жүрген олардың ұрпақтары ата-бабаларының рухына құрмет көрсетіп, олардың сүйектері жерленген жерді тауып, туған топырағына әкеліп, қайта жерлеп, ұрпақтық парыздарын өтегілері келеді, – дейді іздестіру жасағының мүшелері.
Экспедиция мүшелері іздестіру жұмыстары барысында Киевтен кейін Харьковқа, одан әрі Балаклеяға ат басын бұрмақшы. Бұл жерде оларды жергілікті қауымдастықтың өкілдері – Лозовенковское ауылдық радасы қарсы алады.
Украинаның заңнамасына сәйкес бізден барған іздестіру жасағы ол жақта украин отряды – «Халықтық естелігі» одағы» бүкілукраиндық қоғамдық бірлестігінің құрамында жұмыс істейді. Экспедицияны ұйымдастыруға жергілікті диас-
пора, оның ішінде Харьков қалалық «Бірлік» қазақстандық ұлттық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Макка Қаражанова да қолдау көрсетуде. Іздестіру жасағы Украинада ағымдағы жылғы 30 тамызға дейін болып, Конституция күні Қазақстанның Украинадағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дархан Қалетаевпен кездеспекші.
Бұл экспедиция Қазақстанның Украинадағы жүйелі түрде ұйымдастырылып тұратын тарихи-мұрағаттық жобасының бірінші кезеңі болып отыр, ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия қызметінің шеңберінде өткізілуде.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар