Колыма қасіретін кешкен қайсар рухты қаламгер

Облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылында, яғни, Көкшетау қалалық кітапханалар жүйесіне кіретін осындағы жергілікті кітапханада «Рухани жаңғыру бағдарламасы» аясында қолға алынған «Ауыл. Тарих. Тағылым» жобасы шеңберінде сталиндік зұлматтан жазықсыз жапа шегіп, Колыма қасіретін бастан кешкен жергілікті ақын, жазушы-драматург «Парасат» орденінің иегері, Татарстан Республикасының Г.Тоқай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Ибрагим Салаховтың туғанына 110 жыл толуына арналған «Емендер тамыр жайғанда» атты әдеби сағат ұйымдастырылды.

Ибрагим Низамиұлы Салахов 1911 жылы 30 тамызда Көкшетау қаласында ағаш шеберінің отбасында дүниеге келген. Әдебиетке бала кезінен әуес болған жазушының алғашқы өлеңдері Москва қаласында «Дети Октября» журналында жарық көрген. Өмірдің бұралаң жолдарында жігері жасымай, қолынан қаламын тастамаған қаламгер ел игілігі жолында қызмет етті.
Шара барысында И.Салаховтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Қайсар қаламгер» кітап көрмесі қойылып, Ибрагим Салаховтың «Емендер тамыр жайғанда», «Көкшетау жырлары», «Көкшетау даласында», «Степная волна», «Песни Кокшетау», «Когда дубы распускают корни», «Черная Колыма» романдарына шолу жасалды. Шара қонағы ретінде Краснояр ауылы ардагерлер кеңесінің орынбасары Вера Попова қатысып, жерлес қаламгер жайлы естеліктерімен бөлісті. Кітапханамыздың жасөспірім оқырмандары жазушы шығармашылығымен танысып, өлеңдерінен үзінді оқыды. Л.Аитованың 2016 жылы жарық көрген «Завению не подлежит» атты кітабы, «Я всегда с тобой, родной Көкшетау» электрондық дискісі және «Судьба счастливая и горькая» видеофильмы оқырмандар тарапынан қызығушылық тудырды.
Ұлттар достығының табанды насихатшысы, Көкшетау топырығының тумасы И.Н.Салаховтың шығармашылығы қашанда оқырмандар назарынан тыс қалған емес. Әр жүріп өткен көшесі, әрбір істеген ізгілікті ісі, адами асыл қасиеттерін ауылдастары зор құрметпен еске алады.
Гүлжанар Бодаубай,
Краснояр қалалық үлгілі кітапханасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар