Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай пайдалануға берілген нысанның ашылуына қатысқан Шортанды ауданының әкімі Ғайдар Қасенов жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі өскелең ұрпаққа қамқорлық жасау болып табылатынын атап өтті.
«Бүгінде ауданда тұрғындардың жайлы тұруы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Барлық ауылдық округтер мен кенттерде инфрақұрылымды жақсарту бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Аудан орталығында, Дамса, Научный, Бозайғыр, Новокубанка ауылдарында биыл балалар алаңдары пайдалануға берілді», — деді Ғайдар Қасенов.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, 7000-ға жуық адам тұратын Шортанды кентінде тамыз айының соңына дейін тағы бір балалар ойын алаңын ашу жоспарлануда. Мерейтой жылы облыстың аудандары мен қалаларында 20-ға жуық инфрақұрылымдық, индустриялық және әлеуметтік-мәдени нысандар пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін осындай тағы 60 нысанды ашу жоспарланған.