Соңғы екі жылда әлемді, соның ішінде еліміздің барлық өңірін коронавирус пандемиясы жайлап, халық арасында үрей туғаны жасырын емес. Бұл қауіпті індет біздің ақмолалық тұрғындарды да әуре-сарсаңға салып келеді.
Өйткені, індет жұқтырып, о дүниеге аттанып кеткендер қаншама? Бұл жағдай кім-кімді де алаңдатып отырғаны сөзсіз. Мәселен, біздің облыста соңғы бір аптаның өзінде 11 адам осы қауіпті індеттің құрбаны болған. Күнделікті жазылған мәліметтерге қарап отырсаңыз, өңірімізде күн сайын өлім-жітім дерегі тіркеліп тұрғанын байқайсыз. Бұған жауапты мамандар да үнсіз қалмады.
Бүгінде облыс орталығы Көкшетау қаласының іргесінен салынған модульді инфекциялық аурухана осы қауіпті індеттің негізгі ошағына айналып отыр. Қазіргі таңда бұл жерде 1249 науқас ем қабылдап жатса, 199-ы ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Оларға ақ халатты абзал жандар барынша көмектесіп, өз міндеттерін атқаруда. Алайда, бақилық болғандар саны аз емес екен. Бұл туралы Көкшетау қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Наталья Синицкая:
– Осы соңғы үш аптада науқастардың дені өте ауыр жағдайда келіп жатыр. Өйткені, қауіпті індет олардың денесінің 90 пайызына тарап үлгерген. Ал, кейбір науқастар осында ем алу барысында нашарлайды. Соның салдарынан өлім-жітім саны артуда. Мәселен, күніне екі-үш науқастан көз жұмуда. Біз олардың денесін өзіміз жуып, орап, туыстарына тапсырамыз. Олар қайтқан адамды мүлде көрмейді, – дейді ол.
Бұл өте қиын жағдай екені айтпаса да түсінікті шығар. Өйткені, біз әуелден, сәл тымауратсақ, өзімізше емделіп, аса мән бермей, жүре жазылып кете беретініміз жасырын емес. Ал, өткен жылдан бері екі жыл бойы коронавирус пандемиясы деп, жаһанға жар салынса да, жұмыла отырып, соған қарсылық таныта алдық па? Жоқ.
Міне, соның нәтижесі, қанша жерден ауруыңды жасырсаңда, арты өлімге соғып, бала-шаға, туыс-туғаныңды есеңгіретіп кетіп жатқаны. О бастан санитарлық талаптарды сақтауға, көпшілік орындарға бармауға, жаназаға көп адам жиналмауға, құран бағышталған күнде де үлкен ас берілмеуге, тіпті, ойын-сауық орындарында да адам санын көбейтпеу туралы айтылып, жазылды да.
Осыған орай, облыстық статисканың мәліметтеріне сүйенсек, соңғы үш айда өлім-жітім екі есеге өскен. Бұл туралы нақты мағлұмат алу үшін облыстың бас санитарлық дәрігеріне жолығып, мән-жайды анықтадық. Оның айтуынша, облыста қауіпті індетті жұқтырғандардың басым бөлігі жас буынның арасында тіркеліп жатыр екен.
– Коронавирус жұқтырғандардың басым бөлігі жастар екенін айтқым келеді. Яғни, қауіпті індетке шалдыққандардың 70 пайызы 60 жасқа дейінгі науқастар. Бұған дейін зейнеткерлер арасында көп кездесетін. Енді бүгінде мектеп оқушылары арасында байқалуда. Мысалы, өткен оқу жылы кезінде күніне 15-20 оқушы қауіпті індетті жұқтырса, ал, қазіргі жазғы демалыс кезеңінде дәл сондай көрсеткіш анықталып отыр, – дейді облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина.
Олай болса, өңіріміз қауіпті індетті жұқтыруда дабыл қағатын және әрбіріміз жан-тәнімізбен түсініп, оған қарсы тұрудың жолдарын жасайтын жағдайда тұрғанымыз шындық. Өйткені, қауіпті жұқпаның жас балалар арасында белең алуы қалай алаңдатпайды? Мәселен, соңғы жеті айда облыс бойынша 168 науқас осы қауіпті дерттен қайтыс болған. Ал, коронавирус пандемиясы басталғалы бері бұл көрсеткіш елімізде он екі мыңға жуықтапты. Сондықтан, дәрігерлер әлі де карантин талаптарын орындап, сақтанып жүруге шақырады. Бәріміз де абай болайық!
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.