Атқарылған жұмыс қойылатын талаптарға сай болуы керек

Ақмола облыстық білім беру сапасын бақылау департаментінің басшысы Серік Алтаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс мектептерінде оқушыларға қауіпсіз санитарлық-гигиеналық жағдай жасау, бейнебақылау жүйелерінің болуы және олардың стандартқа сай келуі, біліктілік талаптарының сәйкестігі жөнінен жүргізілген мониторингтің қорытындылары туралы хабарлап, орын алған олқылықтарды жою тұрғысында қарастырылып жатқан шаралар туралы баяндап берді.

Білім беру сапасын бақылау департаментінің ұжымы облыстағы барлық жалпы білім беретін мектептерге жоғарыда аталған талаптар шеңберінде кешенді тексеріс жүргізіпті. Нәтижесінде барлық білім ордаларында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің арнайы ережелері мен талаптарына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығы байқалады, десе де бірқатар кемшіліктер орын алған.
– Облыс аумағындағы барлық мектептерде медициналық қызмет көрсету кабинеттері болуы керек. Алайда, бұл қызмет 404 мектепте ғана қажетті дәрежеде ұйымдастырылған. Олар медициналық ұйымдармен келісім-шарт жасаған немесе медициналық қызмет көрсетуге арнайы лицензиялар алған, яғни, талапқа сай жұмыс істеуде. 84 шағын жинақталған, бастауыш, негізгі мектептерде медициналық кабинеттер жоқ, оларда ауылдық ФАП-тардың қызметкерлері көмек көрсетеді. Мониторинг қорытындысы бойынша оларға денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдармен келісім-шарт жасау қажеттегі ұсынылды, –деді департамент басшысы Серік Табылдыұлы.
Тамақтану мәселесіне келсек, 505 мектепте тамақтану нысаны болғанымен, солардың 387-інде ғана санитарлық ережелер мен нормалар сақталған. 46 мектепте оқушылар ата-аналардың қаражаты есебінен тамақтанады, қалған мектептерде тамақтану орындары жоқ, себебі оларда бала санының аздығына байланысты кәсіпкерлер асхана немесе буфет ашуға қызығушылық танытпайды.
Материалдық активтерге тоқталсақ, 475 мектеп типтік ғимараттарда орналасқан, 76-сы бейімделген, ал, Қорғалжын ауданында 1 мектепте меншік құқығы тіркелмеген.
–Облыстың негізгі және орта мектептерінің 26-сында спорт залдары, 69 білім ордасында, нақты айтқанда 57 баста-уыш, 12 негізгі мектепте кітапхана жоқ. Бұған қоса, мектеп кітапханаларында әлемдік көркем әдебиеттер өте аз және оларда электронды кітапханалар өте нашар жұмыс істейді. Бірқатар жалпы білім беретін мектептерде жиһаздары ескіріп, ауыстыруды қажет етіп тұр. 36 шағын жинақталған мектепте, яғни, бейімделген ғимараттарда орналасқан білім нысандарында компьютерлік сыныптар жоқ, оларда аталған кабинетті жабдықтаудың өзіне нысанның аумағы шағын болғандықтан сай келмейді, –дей келе басшы ауылдық мектептерде мемлекеттік стандартқа сай келетін кабинеттердің аздығына тоқталды. Облыстың 168 мектебінде оқу кабинеттері жоқ, соның ішінде 83-іне химия, 59-ына биология, 82-сіне физика, 53-іне география және 3-тен 11-ге дейін кабинеттер қазақ тілі, орыс тілі, тарих, информатика, өзін-өзі тану, көркем еңбек, алғашқы әскери дайындық секілді пәндерге қажет екен. Сонымен бірге, 494 мектепте лабораториялық кабинеттерді әлі де толықтырып жабдықтау қажет. Санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасау бойынша соңғы жылдары өңірдің барлық мектептерінде жылы дәретханалар орнату бойынша біраз жұмыстар жүргізілді. 70-тен астам мектепте әлі де жылы әжетханалар тиісті деңгейге сәйкес келмейді, олардың басым бөлігі шағын жинақталған шалғай ауылдардағы мектептерде.
Брифинг барысында білім ордаларындағы қауіпсіздік мәселелерін қамту жайы да қозғалды. Бейнебақылау камераларына қатысты мәселеге келсек, барлық 551 білім беру нысанында бұл құрылғы орнатылыпты. Мониторинг кезіндегі жағдай бойынша, солардың небары 29-ы ғана жедел басқару орталығына қосылған, оның өзі 25-і Көкшетау қаласында, қалғаны Ақкөлде. Мектептердің барлығында бейнебақылау камералары орнатылғанымен, басым бөлігінде құрылғылар жабдықтау талаптарына сәйкес келмейтін көрінеді. Яғни, арнайы стандарттар сақталмаған, тиісті ақпараттық анықтау жүйелерімен біріктіріліп, кіріктірілмеген әрі мәліметтерді сақтау базасы 30 күнге ғана арналған, көбінің уақыттары дұрыс көрсетпейді екен. Департамент басшысының айтуынша, облыстық білім басқармасынан бастап, оған қарасты мектептерге білім беру жүйесінде орын алған осы олқылықтарды жою бойынша арнайы ұсыныстар жолданып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар