Сәл бейқамдық жетіп жатыр, адамдар суға кетіп жатыр…

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаев Ақмола облысының аумағында биылғы суға шомылу маусымының өтуі, оның барысында орын алған бақытсыз жағдайлар жөнінде баяндап берді.

–Жаздың соңғы күндері ыстық болуына байланысты облыстың тұрғындары мен меймандары өңірдің су айдындарында көптеп шомылды. Осының нәтижесінде 5 қайғылы оқиға болып, 5 адам қайтыс болды. Оның ішінде екі жасөспірім бар. Барлық оқиғалар шомылуға болмайтын әрі жабдықталмаған орындарда тіркелді. Суға кеткен 5 адамның үшеуі еліміздің өзге өңірлерінде тұрады. Мәселен, 21 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында тұратын туыстарына қонаққа келген 2005 жылы туған жасөспірім суға кетті. Туыстары балаларды дем алу үшін Целиноград ауданы Талапкер селосының маңынан ағып өтетін Есіл өзеніне апарған екен. Демалыс барысында 2 бала суға түседі. Біреуі өзеннің ортасына дейін малтып барып, суға бата бастайды. Мұны көрген екінші бала көмекке шақыра бастайды. Ағасы бұл жерге келген кезде бала суға батып кетіпті. Оның денесін Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлері алып шықты. 21 тамызда Көкшетау қаласындағы №20 мектепте оқитын 2008 жылы туған жасөспірім суға кетті. Ол ата-анасына каникулға барған екен. Сандықтау ауданы Лесной селосының маңынан ағып өтетін Жыланды өзенінің жағасында анасымен аралап жүрген кезде аяғын жуамын деп суға құлаған. Анасы оның қолынан ұстап үлгергенмен күші жетпепті. Бұл оқиға жөнінде аудандық полиция бөлімшесіне хабарлап, селодан көмек шақыруға жүгірген екен. Қыздың денесін жергілікті тұрғындар судан алып шығыпты,–деді департамент бастығының орынбасары.
22 тамызда Қоянды су қоймасында 1979 жылы туған әйел суға батып кетті. Ол Қоянды ауылына дем алуға келіп, су қоймасының жағалауында құрбыларымен бірге спирттік ішімдік ішкен. Қастарындағы қайыққа құтқаратын жилетсіз масаң күйде отырады. Кенет қатты жел тұрып, қайық аударылады. Қайық иесі малтып, жағалауға шығады. Малту білетін әлгі әйел суға кетті. Осы күні Степногорск қаласы маңынан ағатын Ақсу өзеніне 1975 жылы туған азамат суға кетті. Ол мұнда өз ұлымен және досымен келіп, спирттік ішімдік ішеді. Кейін досы екеуі масаң күйде шомылуға болмайтын жабдықталмаған жерде суға шомылады. Одан әрі оның досы өзеннің арғы бетіне малтып барады. Кейін қайтқанда досының суда қимылсыз жатқанын көреді. Оны жағалауға шығарып алғашқы медициналық көмек көрсетеді, жедел жәрдем бригадасын шақырады.
–22 тамызда Талапкер селосының маңындағы Есіл өзеніне 1992 жылы туған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны суға кетті. Ол өз достарымен дем алуға келіп, жалғыз өзі шомылмақшы болған екен. Қасындағылардың айтуынша, аталмыш азамат бірден суға батып кетіпті. Малту білмейтін достары оны құтқаруға қауқарсыз болған. Қайғылы оқиғалар болған жерлерде алдын алу шаралары жүргізілді. Сондай-ақ, «Шомылуға болмайды» деген белгілер орнатылды. Дегенмен, адамдар бұл шектеуге қарамайды, аталмыш талаптарға ден қоймайды. Департамент полиция департаментінің аумақтық бөлімшелерімен, жергілікті атқарушы органдармен және волонтерлермен бірге өткен демалыс күндері 118 рейд жүргізді. Бұл іс-шараға 300 адам тартылды. Нәтижесінде 33 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 1500 мың үгіт материалдары таратылды. Осы демалыс күндері департамент бөлімшелерімен Зеренді және Бурабай көлдерінен 6 адам құтқарылды. Жалпы, шомылу маусымында бөлімшелердің құтқарушыларымен 81 адам, оның ішінде 11 бала құтқарылды. 20 азаматқа, оның ішінде 10 балаға дәрігерге дейінгі бірінші көмек көрсетілді. Барлық қолданылған алдын алу шараларына қарамастан бүгінгі күні судағы адам өлімінің 31 фактісі тіркелді. Оның ішінде 7 жасөспірім бар. Целиноград ауданында 10 адам, Аршалы ауданында 5 адам, Бурабай мен Сандықтау ауданының әрқайсысында 3 адам, Көкшетау қаласы мен Ерейментау ауданының әрқайсысында 2 адам, Степногорск қаласы мен Астрахан, Атбасар, Зеренді, Шортанды, Біржан сал аудандарының әрқайсысында бір-бір адамнан суға кетті,–деген Қанат Доспаев журналистер сауалына нақты жауап берді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар