Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі

Кешегі «Жеті жарғы» мен Қасым ханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолынан бастау алып келе жатқан Ата Заң – біз үшін бірлікті сақтаушы, жол бастаушы шамшырағымыз екені анық. Сондықтан да, жыл сайын елімізде дәстүрлі түрде 30 тамызда Конституция күні мерекесі кең көлемде өз деңгейінде аталып өтіледі.

«Адам ұрпағымен мәңгі жасайды», – демекші ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дархан көңіліміз бен қазақи салт-санамыз бір шаңырақ астындағы әртүрлі елдердің достығы бүгінде әлем елдеріне белгілі. Кез-келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.
Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Әрине, тарих ауқымымен айтқанда, бұл азғантай ғана мерзім. Десе деп, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата Заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтіп, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Ал, көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы, әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата Заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.
Өткен тарихқа сәл шегініс жасар болсақ, тәуелсіздікке ие болған Қазақстанның ең басты қадамы Конституцияның қабылдануымен тұтастай байланысты. Бұл туралы: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, аға ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын», – деп жазады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында. Осылайша ел егемендігінен кейін 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы егемендік тарихындағы ең демократияшыл құжат болып табылған еді.
1995 жылғы Конституцияны талқылау кезеңінде еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың жоғары талқылау шараларына атсалысты. Қазіргі келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 миллион 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 миллион 100-і конституция жобасына енгізілген. Бұл жөнінде Елбасы «Қазақстандық жол» атты кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ, біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі занының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», – деген болатын.
Халық – биліктің қайнар көзі, Конституция – көптің киелі сөзі. Қазақстан халқының қалауымен өмірге келген негізгі Заңымыз –тәуелсіздікпен егіз ұғым! Біз кемел Конституцияны тәуелсіздік арқылы қабылдадық. Ата-Заң – біздің азаттық алғалы атқарған барлық істеріміздің алтын таразысы болып табылады. Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің қайнар көзі – өзінің егемендік құқығын баянды етті.
Міне, осылайша Ата Заң қабылданған күн демалыс, мемлекеттік мереке, Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланды.

Жанар ҚАСЫМОВА,
Щучинск қалалық №7 мектеп- лицейінің тарих пәні мұғалімі.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар