Білім әлеміне сәт сапар!

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев 1 қыркүйек – Білім күніне орай, Көкшетау қаласындағы «Advanced Junior School» жеке меншік бастауыш мектеп-гимназиясында болып, білім ордасының бірінші сынып оқушылары мен ұстаздарын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

Жеке меншік жаңа оқу ордасы 240 орынға арналған. Онда әзірге 60 бала оқиды, оның ішінде 17-сі мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер. Мемлекеттік және орыс тілінде оқытатын мектеп-гимназиясы лингвистикалық білім беруге бағытталған. Мұнда оқушылар ағылшын тілін тереңдетіп оқумен қатар, француз және испан тілдерін де меңгеріп шығады. Сонымен қатар, мұнда бүлдіршіндер мектепалды сыныбына да қабылданады.

–Мұндағы оқушылар таңертеңгі 8.00-ден кешкі 18.00-ге дейін мұғалімдер мен зерттеушілердің бақылауында болып, режим бойынша тамақтанады. Оқушылар тек сабақ оқып қана қоймай, үйірмелер мен секцияларға қатысады. Біздің оқытушыларымыз – әртүрлі мектептерден келген мұғалім-сарапшылар мен зерттеушілер. Бізде сыныптардағы оқушылар саны шағын, сондықтан, мұғалім барлық оқушыларға назар аударып, балаларға жекелей үйрете алады. Мұндай әдіс кейде бастауыш сынып оқушыларына жетіспей жататыны белгілі. Білім беру қызметтеріне ақы төлеуге келетін болсақ, 1-ден 3-сыныпқа дейінгі оқушылар айы-на 120 мың теңге, «даярлық» тобында оқитындар 80 мың теңге төлейді, – дейді мектеп директоры Инна Водианова.

– Құрметті балалар, ата-аналар! Бұл салтанатты мереке – оқушылардың ерекше есінде қалатын күн. Алғашқы күндері сіздер өздеріңіздің мұғалімдеріңізбен танысасыздар. Бүгінде осы озық үлгідегі мектептің қабырғасында толыққанды сабақтар өткізуге барлық жағдай жасалған. Тәуелсіздік жылдарында біздің облыста 50-ден астам мектеп пен 5 қосымша оқу корпусы салынды. Бүгін сіздерді, яғни, бірінші сыныптарды Білім күнімен құттықтай отырып, мен барлық ақмолалық 130 мың оқушыны және жаңа мектеп-гимназиясының ұжымын оқу жылының басталуымен құттықтаймын! – дей келе, облыс әкімі жеке меншік әріптестік пен мұндай бизнес бастамалар болашақ ұрпақтың кемелденуіне зор үлес қосатынын атап өтті.

Осы жерде айта кетсек, ақмолалықтар «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясына да белсенді қатысуда, оны көптеген ұйымдар мен кәсіпорындар қолдап отыр. Сонымен қатар, «Жалпы білім» қорынан осы мақсатқа
1 миллиард 300 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, оған әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 13 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетілді.

Сонымен, кеше еліміздің түкпір-түкпірінде бірінші сынып бүлдіршіндері үшін салтанатты алғашқы қоңырау іс-шаралары ұйымдастырылса, қалған оқушылар үшін сынып сағаттары болып өтті. Білім әлеміне қанат қаққан ақмолалық шәкірттер мен оларға тәлім-тәрбие беретін ұстаздар қауымына оқу жылы нәтижелі де сәтті әрі жемісті болуын тілейміз!

Аэлита ТАЕВА,
Ырысалды ШАМШИЕВА.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар