Мемлекетіміз үшін халықтың денсаулығы – басты мәселе

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел өміріндегі ең өзекті мәселелерді қамтыған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деп аталатын Жолдауын зейін қоя мұқият тыңдап, әр сөзінің астарындағы ойға мейлінше мән беріп, денсаулық саласына қаншалықты жауапкершілік жүктеліп отырғандығын айқын сезіндік.

Ел Президенті коронавирус дертінің денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болғандығын екшеп айтты. Індетпен күресу шараларын дереу қолға алғандығымыздың арқасында жүздеген бәлкім мыңдаған адамдарымыздың өмірін сақтап қалғандығымыз белгілі. Шынында да әрбір адам үшін өз денсаулығы қымбат екендігі белгілі. Әр адамның денсаулығы мемлекет үшін маңызды. Жолдауда біздің салаға қатысты тың ойлар айтылды. Алдағы уақытта әрқайсымыз жауапкершілік жүгін сезіне отырып, Ел Президенті қойып отырған асқаралы міндет биігінен табылатын болсақ, салада соны серпілістің болатындығы ешбір күмән туғызбайды.
Бүгінгі күні төрткүл дүниені елеңдетіп отырған маңызды мәселе жаман тұмаудың өршуі болып отыр. Ел Президенті «Елімізде жаппай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп»,– деп ашық айтып отыр. Жалған хабарлар жұртшылықты әлі де адастыруда. Бұл табыс өте қауіпті көрініс. Мұндай мәселеге тойтарыс беруіміз керек. Әлемде бұрын-соңды болмаған дерт үлкен қауіп туындатқандығы баршаға мәлім. Дерттің бетін қайтарудың бір жолы вакцина алу. Қазақстан әлем елдерінің ішінде пандемияға қарсы вакцина ойлап тауып, өндіре бастаған алғашқы мемлекеттердің қатарында. Бұл біздің елдегі медицина саласындағы жетістігімізді көрсетеді. Әйтсе де, әрқилы әлеуметтік желілерде екпенің адам денсаулығына жақсы әсерінің аздығы, тіпті одан ауырып қалуы да мүмкін екендіктері туралы жалған ақпараттар таратыла бастады. Нақты негізі жоқ осындай алыпқашты әңгімелердің өзі адамдардың уақытында вакцина алуына кедергі болып отырғандығын жасырмай айтуымыз керек. Жалпақ әлемді ажал шеңгелімен уыстап тұрған жаман тұмаудың қатерінен елді аман алып қалатын әрекет тек қана екпе екенін түсінетін уақыт жетті.
Біз сол дертке қарсы тұра білдік. COVID-19 пандемиясымен күрес көпбейінді облыстық аурухана базасында карантиндік және провизорлық бөлімшелердің ашылуымен басталды. Клиникалық симптомдар пайда болған кезде науқастарды одан әрі тексеру және емдеу үшін провизорлық бөлімшелерге ауыстырдық. 2020 жылдың сәуір-маусым айлары аралығында облыс орталығындағы көпбейінді облыстық аурухана негізінде 525 төсектік карантин бөлімшесі ашылды.
Өткен жылдың 5 наурызынан бастап оң нәтижесі бар науқастарды емдеу үшін 185 төсектік провизорлық бөлімше ұйымдастырылды. Шілде айынан бастап 100 төсектік инфекциялық стационар ашылды. Заман ағымына сай замандастарымыздың денсаулығын сақтауға әрі нығайтуға айрықша мол үлес қосып жатқан ұжымның шығар белесі биік.
Ел Президенті өз Жолдауында саланың олқы тұстарына көңіл бөліп отыр. Бұл елдің денсаулығын ойлап қамқорлықпен айтылған пікір. Шынында да медициналық құрал-жабдықтар жаңартылуы керек. Мұндай мәселе бізде де бар. Мысалы, МРТ аппараты 2018 жылдан бері жұмыс істемейді, қалпына келтіруге жатпайды. Облыс әкімдігінің қолдауымен біз жаңа томограф сатып алмақпыз. Осы кезде өңір тұрғындары үшін магниттік-резонанстық зерттеулер тегін болады. Осы арада науқастың өз денсаулығы үшін жауапкершілігіне байланысты бір ғана ой айтқым келеді. Аурудың алдын алу әрдайым маңызды. Әрбір адамның денсаулығы үшін мемлекет, медициналық мекеме және өзі жауапты. Көптеген аурулардың алдын алуды бала кезінен емес, ананың құрсағында болған кезінен бастау керек. Егер уақтылы екпе егіліп, медициналық тексерулер мен скринингтерден өтіп, дәрігерлердің ұсыныстарын орындап, салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанса, тиісінше ауру қаупі айтарлықтай төмендейді. Көптеген жағдайларда бұған жол бермеуге болады.
Бүгінгі күні аурухана ұжымы жетілдірілу үстінде. Диагностикамен емдеудің жаңа заманғы түрлері батыл енгізілуде. Осындай ізденістің арқасында бұрын адамдардың түсіне де енбеген өте күрделі оталар жасалып, сырқаттар ауруларынан айығуда. Мұндай жетістікке жету үшін ең алдымен материалдық-техникалық базаны жақсарту қажеттігін айтып өттік. Оған қоса дәрігерлердің қапысыз шеберлігі де қажет. Сондықтан, біз үнемі шеберлік сыныптарын өткізіп, отандық және шетелдік білікті мамандарды шақырып, олардың тәжірибелерін үйреніп, басшылыққа алып отырамыз. Соңғы жылдары шеберлікпен бірге мүмкіндік те ұлғайып келеді. Демек, алдағы уақытта Ел Президенті қойып отырған міндеттерді абыроймен атқарып, талап үдесінен шығуға толық мүмкіндік бар.
Нұрлан ЖАРОВ,
Ақмола облыстық көпбейінді
ауруханасының бас дәрігері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар