Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Отбасылық командалар сайысы - АРҚА АЖАРЫ

Отбасылық командалар сайысы

Көкшетаудағы «Астудио-арена» спорт алаңында шағын футболдан отбасылық командалар арасында жарыс ұйымдастырылды. Конституция күніне орайластырыла және елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісінде тойланатын отбасы күні мерекесі қарсаңында өткен доп додасына Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарынан алты команда қатысты.

Әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі саналатын футболды серік еткен отбасылар қос өңірде де баршылық. Мектеп табалдырығын әлі аттамаса да, футбол секциясына жазылып үлгерген бүлдіршіннен бастап, жасы алпыстан асса да аптасына бір-екі рет доп теппесе тұра алмайтын ақсақалға дейін жасыл алаңнан табылды. Пайғамбар жасына жеткен Бауыржан Ахметов алғашқы ойынында-ақ есеп ашып, командасын жеңіске жетелесе, алтыдағы Нұрсұлтан Мырзатай ересектермен бірге алаңға шығып, гол соққанда қол шапалақтамаған жан болмады.
Алты команда екі топқа бөлініп өзара мықтыны анықтады. Бірінші топта Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданынан келген Ахметовтер командасына көкшелік Бектұр және Дәуітов отбасыларының командалары қарсылас атанды. Үш ұжым да бір реттен жеңіске жетіп, ұпайлары тең болғандықтан, соғылған голдар санын есептеуге тура келді. Сегіз гол соққан Бектұрдың ұрпағы топтағы бірінші орынды иеленсе, төрт гол салып, төрт рет өз қақпасынан доп алып шыққан Ахметовтер екінші орынмен жартылай финалға өтті.
Екінші топта Уәлиханов ауданынан келген Жапаровтар мен Сұлтановтар және Тайынша ауданының намысын қорғаған Шәменовтер командасы күш сынасты. Екі ойында да 3-2 деген бірдей есеппен жеңілген Шәменовтер үйлеріне ерте қайтты. Ал, бір ауданның қос өкілі арасындағы ойында 5-1 есебімен Жапаровтар басым түсіп, топтан бірінші орынмен келесі кезеңге шықты. Бұл екі команда жартылай финалда да қарсылас шыдатпай, ақтық сынға өтті. Өкінішке қарай, топтық кезеңдегі матчта бар күшін сарқып алған Жапаровтар финалда жеңіліп қалды. Ал, үшінші орын үшін болған ойында Бектұр командасы ірі есеппен жеңіп, қола медальді еншіледі. Жартылай финалда өнер көрсеткен төрт команда да белгілі журналист Несіп Жүнісбайұлы өткізетін республикалық «Бір атаның балалары футбол ойнайды» жарысына бірнеше рет қатысқанын айта кеткен жөн.
Көкшетауда өткен отбасылық доп додасын Байғазы Бектұрұлының ұрпағы ұйымдастырды. Қатысушылар отбасы мүшелерін саламатты өмір салтына тәрбиелеп, өзара ынтымақты арттыра түсетін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге баулитын мұндай жарысты дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіп тұруға уағдаласты.

Айбақыт МЫРЗАТАЙ,
Көкшетау әуесқой футбол лигасының жетекшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар