Орман дәрігері

Жас ғалым Екатерина Вибе байқауға «Экология» аталымы бойынша өтінім берген болатын. Орман дәрігері соңғы кезде бар ынта-ықыласымен беріле істеген жұмысының нәтижесінде жүзеге асырған жобалары туралы тарқатып айтып берді. Қазылар алқасы, әсіресе, Арал теңізінің тағдыры туралы айтқан кесімді пікірлерін ескерген.

Нәтижесінде орман дәрігері жүзден жүйрік атанып, байқауда бағы жанды. Табиғатпен тілдесіп, тылсым сырын аңғарып, сырқатын сылып тастауға бел буған белсенді қыздың еңбегі құрметке лайық.
Көзін ашқалы көргелі көгілжім мұнар жабылған жасыл орман. Мәңгі жасыл қарағайлар мен қолдың саласындай аққайыңдар. Ұйыса біткен тал-терек. Жанына соншалықты жақын өзге бір сүйкімді әлем. Байыбына бармай, сырттай қарап сұқтанған жанға бақыттың құшағына бөленіп, балбырап тұрғандай болып әсер етер еді. Ал, тынысын жаза баспай аңғарып, түйсігіңмен таразылайтын болсаң оның да өз сыры, өз мұңы жетерлік. Адамдарға көл-көсір қуаныш сыйлағанымен, діңіне байланған дерттен аза бойы қаза болып, жаны шырқырап, өне бойы тітіркене, талмаусырайтын тұсы да аз емес. Жас ғалым Екатерина Вибенің түн ұйқысын төрт бөліп, тылсым ойдың құшағына бөлейтін де жай осы.
Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келгенімен, алты жасынан Бурабай баурайындағы жасыл желекке бөленген Щучинск қаласында тұрады. Содан ба екен, төңірегіндегі ажары аңызға айналған табиғат тылсымымен етене таныс. Бәлкім, Жаратқан иенің пендесіне сыйлаған сыйы болуы да ғажап емес. Сәби шағынан сырын ұқты, кез-келгенге құпиясын аша бермейтін көркем әлемнің тілін меңгерді.
–Табиғат менің өмірімнің бір бөлшегі, – дейді жас ғалым, – әр күн сайын тілдесіп, жағдайын жан дүниемдегі сүзгіден өткізбесем, бой жазып серпіле алмаймын. Алысқа шықсам аңсарым да, сағынарым да осы топырақ, осы топырақтағы көрген жанның көзін сүйсінтетін көркем табиғат. Бала жасымнан жанымды баураған мамандықты игеру үшін еліміздегі ең көне оқу орындарының бірі – экология және орман шаруашылығы колледжіне оқуға түстім. Жүздеген, бәлкім мыңдаған табиғат жанашырларын баулыған білім ошағы бүгінгі күні экология және туризм, орман шаруашылығы жоғары колледжі деп аталады. Колледжді үздік тәмамдаған соң Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде экология мамандығы бойынша білім алдым. Жоғары оқу орнын сырттай оқыдым да, Көкшетау орман селекциясы орталығында жұмыс істедім.
Бұрынғы ынта, жас жанындағы құштарлық осы жерде кемеліне келген. Ғылым тілінің тәжірибемен ұштасқанына не жетсін?! Көңілі құлай сүйгендіктен бе екен, Екатеринаға білім алу оншалықты қиынға соқпаған. Күнде көзімен көріп, қолымен ұстап жүрген көркем табиғаттың пүшпағы, өз өмірін онсыз елестете алмайтын орман қолсозым жерде. Тіпті, одан да жақын. Қиялында. Жоқ қиялында ғана емес, жүрегінде.
Екатерина бакалавр атанған соң Ә.Н.Бөкейхан атындағы қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелио-рация ғылыми-зерттеу институтында білімін толықтыра түсті. Алдағы болашақтың берік байламы да осы жерде жасалды. Сөз арасында бұл оқу орнының еліміздегі білім саласында алар орны айрықша екендігін сыналап айта кетсек те болар.
– Ғылыми-зерттеу институтының ұжымымен бірден тіл табысып кеттім, – дейді жас ғалым, – бұл жердегі ғылыми ортаның, алдарына қойған мақсат-мұраттың жөні бөлек. Иә, мұнда да талмай атқарылып жатқан орасан жұмыс ел игілігіне бағытталғанымен, соның ішінде көксейтіні – менің жаныма өте жақын орман мәселесі. Білікті адамдармен бірлесе жұмыс істеудің сәті түсті. Үйренгенім де аз болған жоқ. Орман ғылымының бастауында тұрған, оны қорғауға, өсіріп-өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан марқұм Владимир Каверин тәрізді алыптарды көзім көрді. Владимир Семенович Арал теңізінің мәселесімен айналысқан айтулы ғалым еді. Ол кісінің зерттеулері әлі күнге дейін маңызға ие.
Өзінің ғылыми жетекшісі Ольга Телегинаны да ерекше ілтипатпен еске алады. Екі ғалым бірлесе отырып, Қазақстанның солтүстік өңіріндегі қарағайлы және қайыңды ормандарды зиянкестерден арылту ісімен шұғылданған. Орман – тірі организм. Ағзасына ойсыратып түсірер зиян келтіретін зиянкестер аз емес. Егер дер кезінде алдын алмаса, ондаған жыл бойы сыптығырдай сұлу діңі күнге ұмтылып, күлім қаққан қарағай да, жасыл желегі самал желмен тербелген ақ қайың да аз уақыттың ішінде қурап қалары сөзсіз. Жұқпалы ауру орман шетіне іліксе, тұтас алқап аз уақыттың ішінде құлазыған қу далаға айналады. Міне, зиян-
кестермен күрестің керек жері осы. Ал, ол күресті ғылыми негіздеп сырқатынан арылту кәдімгі дәрігердің еңбегі тәрізді алапат төзімділікті, асқан біліктілікті қажет ететін қызмет. Екатерина Вибе туралы мақаламызды «Орман дәрігері» деп атауымыздың жөні де осы.
Жұмыстан қол үзбей білім айдынына құлаш ұрған жас ғалым Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің магистратурасын, Орал мемлекеттік университетінің аспирантурасын аяқтады. 2018 жылдың мамыр айында ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаттығын қорғаса, арада бір жыл өткеннен кейін «Орман ресурстары және орманшылық» мамандығы бойынша ғылым докторы атанды.
Үстіміздегі жылы ғылыми-зерттеу институты орман шаруашылығы мекемелері мамандарының білімін жетілдіру бағытында тақырыптық оқу әдістемелері мен білім бағдарламасын түзді. Бағдарламада орманды қорғау, оның өзіндік ерекшеліктері, орманды ойсыратып түсіретін зиянкестердің негізгі түрлері мен оларды жою қамтылған. Бұл тиімділігі зор бағдарламаны жас ғалым түзіп шықты.
Өміріндегі ең бір сәтімен сабақталған кезеңді орман зиянкестерімен кешенді күреске арналған халықаралық семинарға қатысуы деп есептейді. Осы алқалы жиыннан кейін жас ғалымға шетелдегі әріптестері де назар аудара бастады. Қияндағы Кореядан шақыру келді.
–Мен өз мамандығымды жан-тәніммен сүйемін. Орманның ішіне кіріп барғанда қай ағаштың сау, қай ағаштың ауырып тұрғанын жаза баспай танимын. Әуел баста мен мамандық таңдап, болашағыма бағдар жасап қиналған емеспін. Орман түсіне білгенге қатпар-қатпар сыры бар сиқырлы әлем. Олардың да адамдар тәрізді өз талайлы тағдыры бар. Орман ғылымы шет-шегі жоқ дүние. Мен осы салада өзімнің бар қабілетімді сарқа жұмсап, қызмет еткім келеді.
Орман туралы ой толғап отырған сәтте бар болмысы, жан дүниесіндегі әдемі сезімдер табиғат тылсымымен қоса өріліп, өзі де сол орманның бір бөлшегіндей болып көрінеді екен. Әсіресе, еліміздің табиғаты туралы толғана айтқан төл пікірі көңілге қонымды, тіпті, мұраты ел экологиясын жақсарту болып отырған елгезек қыздың алдына қойған асқаралы жоспары жаныңа соншалықты жақын бола түседі. Жас ғалымның айтуына қарағанда, алаңдайтын тұс аз емес. Арал мен Балқаш, Каспий тәрізді көк айдындар жыл сайын тартылып келеді. Бұл қазір жалқының емес жалпының жанын күйзелтіп отырған өте өзекті мәселелер. Таяуда ғана Қызылордадан оралыпты. Осы өлкедегі өсімдік әлемін зерттеген. Табиғаттың төл бейнесін сақтау үшін ең алдымен сексеуіл алқаптарын көбейткен жөн деп есептейді. Ал, сол сексеуілді зиянкестерден қорғаудың өзі кешенді шараларды қажет ететін өзекті мәселе. Ғалымдар зиянкестерден сау қалған сексеуіл алқаптарын зерттеп, алдағы уақытта оларды барынша көбейтуге назар аударуда. Жас ғалымның пікірінше, бұл жергілікті жердегі экология мәселесін айтарлықтай жақсартуға септігін тигізбек.
–Бұл мәселелердің бәрін біз егжей-тегжейлі зерттедік. Өкінішке орай, осындай қиындық қалыптасып отыр. Әйтсе де, табиғаттың тамаша тартуларын сақтап қалуға толық мүмкіндік бар. Асылында баға жетпес байлықтың айдай сұлу ажарына кіреуке түсірмеу бірдің емес мыңның міндеті болуы шарт, – дейді жас ғалым.
Жас ғалымның ғылым жолындағы табандылығы тәнті етеді. «Тау басынан құдық қазғанмен бірдей» деп сипатталатын ғылым жолындағы еңбегі жастарға әбден үлгі боларлық. Он бір жыл ішінде қарапайым зертхана қызметкерінен бөлім меңгерушісіне дейін көтерілген, алпыстан астам ғылыми мақалалар жазып, халықаралық және республикалық жобаларды жүзеге асырып келе жатқан талпынысы талайды тәнті етерлік.
Өз замандастары тәрізді өтпелі кезеңнің өкпек желі ұйытқып тұрған уақытта бой түзеген. Білім ошағы, әртүрлі үйірмелер. Ғылым жолына бастар алдындағы соны соқпақ. Осы бір ұзақ та азапты жолда қолтығынан демейтін, көзге көрінбейтін демеушісі бардай сезінеді өзін. Әуелгі бетте аңғармаған. Кейін түйсінді. Туған жердің табиғатына деген перзенттік махаббат екен-дағы.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар