Жұмбақтас

Көкшетау – текшелі тас, тепсең қырлар,
Көркемін сүйсең – ән сап, өпсең – жырлар.
Аңқылдап ақ қайыңға ақтарылсаң:
«Көкешім, күттім сені» деп сыбдырлар…

Шоқ қайың, шоқ-шоқ қайың, шоғыр қайың,
Сен алдың көңіл кірін, көздің майын.
Сезімді біз жырламай, кім жырласын,
Бәрібір ұға алмаймыз өмір жайын.

Көрінер таудан арқар түс ауғанда,
Қаңқылдап Қобда жақтан құс ауғанда.
Махаббат – ол да еркіндік!
Еркіндіктен туады тәуелділік тұсалғанда!

Құл да өзге махаббатта, құрбан да өзге,
Жарқ етер бөтен дүние жұмған көзде.
Жанардан жас еріксіз ыршиды екен,
Бетпе-бет сұлулықпен тұрған кезде!

Мезгілдер көшіп жатыр шақтан-шаққа,
Аяулы-ау, қайбір шаққа тап болсақ та.
…Жүзімді жас шылаған бұра бердім,
Жұмбақтас жүзіп бара жатқан шақта!
Ерлан Жүніс.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар