Коронавирус

– Бұл кім өзі бейуақта,
Есігімді дүңкілдеткен,
Маған дікің-дікің еткен?
– Мен коронавируспын ғой.
– Коронавирус?!.
Астапыралла,
Мына ойынды аты жаман,
Жер жүзіне заты жаман.
Кім болсаң да, кәне қой!
–Қайдағы ойын?!.
Қоймаймын.
Және былай ойлаймын:
Сендерсің ғой маған сенбей,
Тойдан тойды тойлайтын.
Көзге ілмей мына мені,
Оңай көрдіңдер-ау, тегі.
Құдалыққа да шаптыңдар,
Жоламайды жұтсам деп,
Арақ та ішіп бақтыңдар,
Масканы салып қалтаға,
Салютқа дейін аттыңдар!
Әсіресе,
Соңғың мені қынжылтты,
Мен болмасам, талайларды,
Кім жұтты?!.
Әлде, коронавирустан,
Дедіңдер ме, біз мықты?!
Осы тұста,
Жасы ыршып көзінен,
Шындығына,
Көшті Әйтөш сөзімен:
– Мен жай ғана адаммын,
Сұраңызшы,
Басшылардың өзінен!..
– Олардан да сұраймын,
(Буы ғой сол мұнайдың).
Қанша вирус десең де,
Мен де соған мұңайдым.
– Ауру елім шетінен,
Аяңызшы, өтінем.
Кетсе бұлай қиын ғой,
Індет деген бетімен.
Темір есік арада,
Бой да үйреніп барады, ә.
Кенет вирус гүр етсін.
Сақ еткізіп санаға:
– Меніменен күресте,
Күшіңді біл, тірес те.
Аурудың көп тарауы,
Дәрменсіздік емес пе?!.
Баяндасаң ел жайын,
Жарқырасын маңдайың.
Мен де енді қорқытпай,
Осы арадан қайтайын.
Бірақ, бірер сөзім бар,
Саған емес, оны анау,
Басшыларға айтайын:
Ей, жер басқан әр пенде,
Қорқынышпын сендерге.
Бірақ, билік мықтаса,
Шегінбейін мен неге?!.
***
Деді осылай тәжтажал,
Сәл жуасып қалды ажал.
Кім біледі, бұдан соң,
Біздің «гөй-гөй» Үкімет,
Халқын дерттен сақтауға,
Табар мүмкін, бір амал…

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.
Шілде, 2020 жыл.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар