Ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлінгені қуантады

Облысымызда мал азығын дайындау мен егін орағы қатар жүргізілуде. Осы орайда, тілшіміз Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілік және астық нарығын реттеу бөлімінің басшысы Медет Досжановпен әңгімелескен еді.

– Медет Төлегенұлы, Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында ауыл шаруашылығы мәселелеріне көп көңіл бөлді. Соның ішінде жайылым туралы айтылды. Дәл қазір бізді мазалайтыны, облыс шаруашылықтары жоспарлаған мал азығын дайындап алды ма? Бұл бағытта ауыл тұрғындарының жағдайы қандай?

– Иә, Президенттің жемшөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейту туралы сарабдал ойлары біздің де көңілімізге қонып отыр. Осы орайда, Жолдау негізінде мықтап айналысатын басқа да мәселелер бар. Сондықтан, Мемлекет басшысының пайымды ой-пікірлерін құптаймыз. Ал, сіз қойған сауалға келсек, биылғы жылы 1 миллион 260 тонна шөп дайындауды жоспарлағанбыз. Бүгінгі күні облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері жоспардың 94,8 пайызын орындап, 1 миллион 194,5 тонна шөп жинап алды. Бұдан өзге былтырғы қыстан қалған 85,0 мың тонна шөп бар. Шөп науқаны одан әрі жалғасуда. Жемшөп, сүрлем, сабан дайындалып жатыр. Алға қойылған жоспар бойынша 1 миллион тонна сабан дайындау және мұқтаж жандарға мал азығы жағынан көмектесу қажет болатын. Ол жөнінде арнайы меморандумға да қол қойылған. Аудандар әкімдігі шөпке мұқтаж жандардың тізімін жасап, жеңілдетілген бағамен ірі шаруашылықтар арқылы шөппен қамтамасыз етуде. Бұл міндет жөнінде аудандағы серіктестіктер мен шаруа қожалығының басшылары біледі. Осы орайда аудан шаруашылықтары 14 мың тонна мал азығын дайындап, аталмыш тұрғындарға тасымалдауда. Бүгінгі таңда шетелдік комбайндар сабанды ұнтақтамайтын болды. Қазір күн ашық. Осы ашық күндерді пішеншілер тиімді пайдалануда. Аршалы, Целиноград, Қорғалжын, Шортанды аудандарының шаруашылықтары алға қойған шөп дайындау жоспарын толық орындап шықты. Бұл жұмысты одан әрі жалғастыруда. Биылғы жылы жергілікті тұрғындар сайлы, ойлы және томарлы жердің шөбін шабуда. Мұндай жерлерде құрғақшылық жылы да шөп жақсы өседі. Мал басын азайтпау негізгі міндет. Тұрғындар малын жаппай сатып жатыр деген сөз шындыққа жанас-пайды. Тамыз айында жұрт балаларының киімі мен оқу құралдарын сатып алу үшін малдарының бір бөлігін сатады. Ол көптен бері жалғасып келе жатқан үрдіс.

– Төрт түлік мал басы көп Зеренді мен Ерейментау аудандарының шөп дайындау жағдайы жөнінде не айтасыз?

– Ерейментау ауданында шөп жақсы шықты. Бұл ауданның шаруашылықтары өз жоспарының 124,5 пайызын орындады. Зеренді ауданында шөптің шығымы орташа. Олар 117,7 мың тонна шөп дайындады. Бұл аудандар жемшөп, сүрлем және сабан дайындап жатыр. Мәселен, Ерейментау ауданы 7,4 мың тонна жемшөп, 6,5 мың тонна сүрлем дайындап алды. Оның үстіне 19,9 мың тонна сабан дайындамақшы. Сондай-ақ, Зеренді ауданы 20,6 мың тонна жемшөп, 59,7 мың тонна сүрлем, 46,3 мың тонна сабан дайындап алады.

–Биылғы жылы егін орағы жұмысы қалай жүргізілуде, астықтың шығымдылығы жөнінде айтсаңыз?

– Облыс аумағында егін ору жұмысы басталды. Бұл науқанға барлық аудандар жаппай кірісті. Жұмыс қарқын алғанда күніне 240 мың гектардың астығы бас-тырылуы тиіс. Бүгінгі таңда күніне 1182 мың гектар алқаптың астығы орылуда. Былтырғы жылмен салыстырғанда дәнді және бұршақты дақылдардың шығымы төмен. Өйткені, жаз айларында аптаған ыстық болды. Уақытында жаңбыр жаумай, егіс алқаптары қуаңшылыққа ұрынды. Астықты өңір болып саналатын Жарқайың, Жақсы, Есіл аудандарында егіннің шығымы тым төмен. Мәселен, Жақсы ауданының диқандары гектарынан 6 центнерден, есілдіктер 5 центнерден өнім алуда. Шортанды ауданында гектар берекесі 8 центнерден, Зеренді ауданында 7 центнерден айналуда. Қазір орташа гектар берекесі 6 центнерді айналуда. Бұдан әрі бұл көрсеткіш көтерілуі әбден мүмкін. Былтырғы жылы гектарынан 11,8 центнерден өнім алғанбыз. Қазір комбайндар бірден астық бастыруда. Бидайдың бір тоннасы 100 мың теңге тұрады. Егін орағына барлық шаруашылықтар жақсы дайындықпен келді. Ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеп, уақытында литрі 184 теңгеден берілген жанар-жағар май тасымалдап алды. Биылғы жылы субсидия уақытында берілді. Ең соңғысы осы тамыз айында толық берілді. Ауа райы қолайлы болса, егін орағын 20 жұмыс күні ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Бұл біздің Президент Жолдауына нақты іспен жауабымыз болмақ. Биылғыдай қуаңшылық жылы шабындықтағы әр тонна шөп пен егінжайдағы әр тонна астықтың нарқы аса қымбат. Мұны облыс ауыл еңбеккерлері де жақсы түсініп, осы қос жауапты науқанға бар күш-жігерлерін салуда. Олардың күнбе-күн уақытпен санаспай еңбек етулері ертеңгі жағдайдың тұрақты болуының да кепілі.
Президентіміз өзіміз танысып шыққан Жолдауында ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығындағы түйткілді мәселелерді жақсы көрсетіп бергендігін айтады. Ол проблема бізде де бар. Сондықтан, біздің міндетіміз осы күрмеулі тұстардың түйінін тарқатып шешу болса керек. Сол үшін іздене жұмыс істейтініміз анық.

Сұхбатты жүргізген Рамазан ТІЛЕУОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар