«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтің төрағалығымен өткен филиал жанындағы өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау мәселелері қаралып, Жол картасын іске асырудың барысы талқыланды.
Атап айтқанда, осы бағыт бойынша облыста, соның ішінде Бурабай мен Зеренді ауданындағы туризмді дамытуды қолдау жөнінде мәселе көтерілді. Бүгінгі күні Бурабай ауданында туризмді дамытуды қолдау бойынша 9 шара, оның ішінде 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соңғысының бір жобасы іске қосылды. Ол жөнінде Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев баяндап берді.
–Текекөл мен Үлкен Шабақты көлдерінің арасында 800 нөмірлік «AQBURA Resort» жаңа курорттық аймағы салынуда. Биылғы жылы құрылыстың 30 пайызы жүргізілмекші. Щучье көлінің жағалауында 13 қонақ үй салынуда. Бурабай кентінде «Проиенад» көпсалалы кешенінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, осы кентте 102 нөмірлік отель, мәдени тұрмыстық және ойын-сауықтық қызмет көрсету нысандары салынуда.
Бірінші фаза бойынша 4,6 миллиард теңгенің «Маяк» мұнарасы, «Ақбура плаза» отелі, «Шале» қонақ үйі, 12 киіз үй, яхт-клуб, дәмхана салынбақшы. Бұл маңайдың бәріне магистральдық инженерлік жүйе тартылып, абаттандырылады. Сондай-ақ, Текекөлдің айналасына 13,7 шақырым автокөлік жолы салынуда. Бұл жұмысқа 1,5 миллиард теңге бөлінді. «Санаторный» мен «Ақбура» шағын станциясын ұстауға қаржы бөлу қажет,–деді Бурабай ауданының әкімі.
Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықовтың айтуынша, бұл өңірде 40-тан астам туристік нысан жұмыс істейді. Оның 11-і жыл бойы жұмыс істеуде. Сондай-ақ, ауданда тарихи мәдени мұраның 16 нысаны бар. Уәли хан, Монтай, Қосағалы батыр, Бөгенбай би кесенелері мен Балқадиша ескерткішіне туристер көп келеді. Сондай-ақ, Исаковка мен Үлгілі сарқырамасы, «Зеленый мыс», «Әулие бұлақ» бағытында туристік бағыттар жасалыпты. Мәселен, Үлгілі сарқырамасына биылғы жылдың жаз айларында 200 мың адам келіп, дем алған екен.
–2020 жылы Зеренді курорттық аймағын 2025 жылға дейін дамытудың жоспары жасалып, бекітілді. Мұнда 45 шараны кезең-кезеңмен жүзеге асыру қарастырылған.
Бүгінгі күні аталмыш жоспардың 19 шарасы орындалды. «Зеренді паркінің» аумағы мен «Aurora Garden» отбасылық демалыс орталығы ұлғайтылды. Бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтқанда, 4 қабатты медициналық блоктың құрылысы жүргізілуде. «Парус» балаларды сауықтыру орталығы ұлғайтылуда. Глэмпингтің және монша-мейманхана кешенінің құрылысы аяқталды. Зеренді-Ермаковка бағытындағы автокөлік жолын жөндеу қолға алынды. Қараүңгір көлі игеріле бастады. Алдағы уақытта жол бойындағы сервис нысандары салынбақшы. Шілдеде Зеренді селосының жаңа бас жоспары бекітілді. Онда туризм саласының нысандарын салу қарастырылған. Туризмді дамытуға Досбол Жанғалов басқаратын «Зеренді групп» серіктестігі кедергі жасауда. Аудандағы электр жүйесі 30 жыл жөнделмеген. Осының салдарынан зеренділіктер электр қуатына жарымай отыр,–деді Зеренді ауданының әкімі.
Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский өз сөзінде облыстың туризм саласында 500-ден астам кәсіпорын жұмыс істейтінін айтты.
Соңғы 5 жылда туризм саласының негізгі көрсеткіштерінің тұрақты өсу серпіні байқалады. Облыс әкімдігі 30 шараны жүзеге асыруда. 2021-2025 жылдары Ақмола облысында сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудың Жол картасы аясында Ақмола облыстық туризм басқармасына 10 шараны орындау бекітіліпті. Еліміздің аумағында коронавирус індетінің таралу кезінде туристік бизнесті мемлекеттік қолдау шарасы ұсынылды.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.