Тәуелсіздік алған жылдан бері өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға көптеген азаматтар өз үлесін қосып келеді. Солардың бірі – бүгінгі күні облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарып жүрген Еркеш Әленов. Ол осы саланың қарапайым еңбеккерінен бастап, басшылық қызметтің әр сатысын абыроймен атқарып келеді.
Еркеш Әленов 1961 жылдың 7 қыркүйегінде Зеренді ауданына қарасты Бұлақ ауылында туды. 1954 жылы бұл ауыл ауданда бірінші болып құрылған тың игеру шаруашылығы – «Симферополь» кеңшарына қарайтын. Шаруашылықты сол кезде Талғат Тегісов басқарды. Бірінші тыңгерлер Мәскеу мен Лениградтан, Украина мен Белоруссиядан келіп, қайнаған еңбектің көрігін қыздырды, селоның әлеуметік-экономикалық жағдайын жақсартты. Солардың арасында Еркештің әкесі Төлеген Әленов те жүргізуші болып еңбек етті. Ол белгілі ақын Еркеш Ибраһиммен таныс болып, соның құрметіне ұлының есімін Еркеш деп атаған екен. Ұлын жақсы көріп, өзімен бірге автокөлікте алып жүріпті. Төлеген Әленовтің ғұмыры тым қысқа болды. 1965 жылы 31 жасында бұл дүниеден озды.
Соңында 29 жасар жұбайы Мәртай Әленова зар жылап, екі ұл және төрт қызымен қала берді. Олардың алды он жаста болса, ең кенжесі 3 айлық нәресте еді. Еркеш болса небәрі 4 жаста болатын. Балаларды өсіру оңай болған жоқ, сауыншы анасына Бұлақ ауылында тұратын әкесінің туыс-туғандары, Баратай ауылындағы бөлім басшысы Махмет Ташмағанбетов көмектесті. Ол Мәртай апайдың әкесі болып келеді. Еркеш алғашында Бұлақ ауылдық негізгі мектебін, кейін Симферополь қазақ орта мектебін бітірді. Тұрмыстық жағдай оны ерте есейтті. Бос уақытын текке өткізбеді. Каникул кезінде мал шаруашылығында жұмыс істеп, ақша табатын. Үйдің отыны мен шөбін дайындайтын. Сондағы ойы – анасының мойнына ауыртпалық түсірмеу. Еркеш жастайынан малсақ болды. Үй шаруашылығында ірі қара, жылқы мен қойды көптеп бақты. Бұл жұмысқа білек түре кірісетін. Бұнысы алдағы өміріне оң ықпалын тигізді.
Алғашында Шағалалы совхоз-техникумын бітіріп, агроном мамандығын алып шықты. Оқу барысында Отан алдындағы әскери борышын өтеді. Техникумда бірге оқыған Айыртау ауданына қарасты Сарысай ауылының тумасы Дәметкен Әлімжанқызымен қол ұстасып, тұрмыс құрды. Жас маманға бірден агрономдық орын бұйырмады, Бұлақ бөлімшесінде малшы, құрылысшы болды. Есепші жұмысында егіншілік пен мал шаруашылығы жұмысының қыр-сырын меңгерді. Еркеш ұлдың кенжесі болған соң шаңырақта қалып, анасының қамқоршысы болды. Өзінен кейінгі екі қарындасын аяғына тұрғызды. Қоғамдық жұмыста оның еңбекқорлығын көрген жергілікті билік бригадир, бөлім басқарушысы етіп тағайындады. Еңбек ете жүріп, ауыл шаруашылығы институтын сырттай тәмамдады.
Сонау жекешелендіру кезінде Бұлақ ауылында шағын кәсіпорын құрылды, жерлестері оның директорлығына Еркеш Әленовты сайлады. Сол кезде кәсіпорында мал шаруашылығы дамып, ірі қара басы, жылқы мен қой саны көбейді. Ауылда жұмыс орны ашылып, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Кәсіпорын қала саяжайына көң тасымалдаумен де айналысты. Бұлақ ең таза ауыл болып, дипломмен марапатталды. 2002 жылдың аяғында Зеренді ауданының әкімі Нұрлан Рамазанов Еркеш Әленовке сенім артып, Симферополь селолық округінің әкімі етіп тағайындады. Қоғамдық жұмыс десе, ішер асын жерге қоятын ол жергілікті тұрғындарға он жыл бойы қызмет етті. Бұдан кейін өз мамандығы бойынша Зеренді аудандық, кейін Көкшетау қалалық ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды. Зеренді ауданы әкімінің орынбасары қызметін де абыроймен атқарды. Биылғы жылдың көктемінен бастап облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары міндетін атқаруда. Анасы Мәртай Әленова ұл-қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірді, бәріне жоғары білім әперді. Қазір 86 жастағы анасы Ерекеңнің қамқорлығында. Ол анасының еңбегін ақтауға үнемі тырысып келеді. Өзі бес қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың үшеуін қияға қондырды. Қыздары Астанада тұрады. Қолындағы екі қызы мектепте оқиды. Еркеш Әленов жұмысқа ерекше қабілетті жан. Кез-келген қызметте өзінің білімі мен тәжірибесін өңірдің дамуы мен адамдардың әл-ауқатын арттыруға арнап келеді. Мұқалмас қайраты, жоғары моральдық принциптері – қандай жағдайда да тура бағытынан тайған емес, қашан да айналасындағылардың пікірімен санасады, жұмыс нәтижесі өзі күткендегідей болуы үшін көп күш жұмсайды.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.