Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы қоғамның бүгінгі даму үрдісіне жауап береді. Заманның сәт сайын өзгеруі кез-келген қоғамның алдына тың әрі жаңа да жедел міндеттерді алға тартары бар. Ел тәуелсіздігінің отыз жылы аралығында сан өзгерістерге түскен дүниенің құбылмалы сәттерін тізбелеп айтпастан, бір ауыз сөзбен «әлем өзгеріп жатыр» деуге болар еді.
Иә… әлем өзгеріп жатыр. Қазіргі жаһанданудың қарқыны адам баласы ойламаған шапшаңдықпен, тіпті көз ілестірмес жылдамдықпен өрістей түсуде. Өйткені әлем, соның ішінде адамзат баласы өзін және өзінің мемлекеттілігін сақтап қалудың жан алыс та, жан беріс күйін өткеруде.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты күні кешегі Жолдауына назар аударсақ, осы құжаттың «халық бірлігі» деп басталуы және де жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» деп аталуы тегін еместігін ұғынамыз. Екеуі де маңызды ұғым. Президентіміз халық бірлігін ауызға неге бірінші болып алып отыр десек, қазіргі дүниенің дамуында жалғыз қазаққа ғана емес, дүние халықтарының барлығына да бірлік керек болып отыр. Пандемия кезіндегі адамзат тағдыры бір кеменің үстіндегі халге көшкені анық.
«Еліміз Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сондықтан, кез-келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет»,–деген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевты осы айтқанындағы «ұдайы алға ұмтылудың» біздің халқымыз үшін маңызы орасан зор екендігін атап өтуге тиістіміз.
Алға ұмтылу дегенімізді ең әуелі еңбек ету деп ұғынғанымыз абзал болар. Маңдайымыздың терін сорғалата жүріп еңбек етпейінше, өзімізге керек-жарақты өз қолымызбен жасамайынша қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ бола қоймасы да анық. Алайда, қоғамды дендеп бара жатқан масылдық пиғылды қазір әбден аңдауға болады. Бұл орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жолдауында «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда, қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда»,–деген осы бір жан айқайын әбден орынды деп білеміз. Патернали́зм дегеніміз билік азаматтардың негізгі талаптарының біразын орындаған сайын, азаматтар билікке өз дегендері мен айтқандарын орындатуға диктовать етеді.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары мектеп оқушыларынан бас-тап, мешіт қызметкерлері аралығындағы өткізіліп жатар сол қайырымдылық шараларын өткізу мемлекеттің негізгі бір жұмысына айналған ба деп ойлап қаласың. Әрине, біз бұған қарсы да емеспіз. Алайда, теледидардан, не әлеуметтік желілерде жүк көліктеріне салтанатты жағдайда тиеліп жатқан қайырымдылық қоржындарын көріп, мұның өзі біздің ендігі өмір салтымызға айналып кетпес пе екен деп алаңдаймыз.
Қай халықтікі екенін дөп басып айта алмаймын. «Біреуге көмектескің келсе, балық берме, қармақ бер де, балық аулауға үйрет» дегенге саяды сол сөз. Біраздан бері бізде бір үрдіс пайда болды. Ол – «қайырымдылық қоржынын» үлестіру! Жөн-ақ! Сол «қайырымдылық қоржыны» тұрмысы төмен, қол-аяғы кем, басқа да мүгедектігі барларға үлестіріп жатқан да болар. Әрине, сауапты іс! Дегенмен, қазір мінбеге немесе халықтың алдына шығып есеп беретін кез-келген деңгейдегі әкімдерден бастап, басшылардың ендігі айтатындары да осы «қайырымдылық қоржыны» қанша адамға, қанша отбасына таратылғандығы болды. Сонда біз өз күндерін өздері көре алмай отырған және де күн көрістері қиындап бара жатқан қайыршы елге айналып барамыз ба?
Ендігі арада сол «қайырымдылық қоржыны» неғұрлым көбірек үлестіріліп жатқан өңірде жұмыссыздық, берекесіздік орын алып отыр деп бағалануы керек сияқты. Біз қоржын үлестіруді дәстүрге айналдырудан, оны айтып, жариялап есеп беруден, болмаса өз қызметіміздің басты бір рейтингісі есебінде көрсетуден аулақ болсақ етті. Қайырымдылықтың да айтпай, үнсіз жасалғаны абзал емес пе еді? Қоржынның түбінде «масылдық» атты кесел жатпасына кім кепіл?!
– Әрине,–деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында,– біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан, бізге түбегейлі өзгеріс керек!
Міне, қазақ қоғамын шалған «масылдық» дертті біз ендігі арада жоққа шығара алмасақ етті. Президент «бізге түбегейлі өзгеріс керек» деді. Бұл талас тудырмайтын мәселе. Ең әуелі осы түбегейлі өзгерісті жасау үшін Үкімет халқымызды еңбек етуге жетелейтіндей, ынталандыратындай сенімді бағдарлама, сенімді жүйе жасауға тиісті. Бұл халқымыздың басым көпшілігін еңбекке жұмылдыруға әсер ететін болуы керек. Біраз уақыттан бері айтылып келе жатқанымен, ауыл халқы асырап ұстап отырған малын, оның өнімдерін, тері-терсегіне дейін, оңтүстіктің диқандары өсірген жеміс-жидектері мен, көкөністерін күні бүгінге шейін қайда апарып өткізерлерін білмей салдары суға кетіп, кей жағдайда еңбектері еш болып жүр. Күн көрістері үшін малдарын татымсыз бағамен қала базарларының делдарларына бере салып жүр. Ендігі арада Үкімет ауыл халқының өндірген өнімдерін шаруаның басын қатырмай-ақ, жергілікті жерлерде сатып алу жүйесін орнықтыруға міндетті болса дейміз. Ауыл адамы сойған малының тері-терсегін, қойынан қырыққан жүнін бүгінгідей боқтыққа апарып тастамайтындай, соларды өткізіп, одан тиын-тебен алатындай жағдай жасалса, ұстаған малынан пайда бар екендігін сезінсе, сөз жоқ қазақ баласы да еңбек етер еді.
Әзірше де, болашақта да қазақты асыраушы – малы екенін ескерейік!
Бізге ең бастысы әуелі қазақ баласын бір мүдде, бір мақсатқа жұмылдыратын бағыт-бағдар керек. Өйткені, қазіргі жағдайдағы қоғамдағы түрлі пікірсайыс негізінен Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің төңірегінде болып жатыр. Тәуелсіз ел болған отыз жыл бойы айта-айта жауыр болған тақырыптың бірі осы Қазақ тілі еді. Әлі де сол! Бұл орайда, Президентіміз «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі!» деп мәселенің басын ашып берді. Және де бұл Конституциямыз қабылданған күннен бастап белгілі жай! Ендеше мемлекеттік тіл мәселесі қазақстандық қоғамда неге шешілмей келеді? Біздіңше қазақ тілі ең әуелі қазақ баласының өзіне керек болмай отыр. Егер де елімізді мекендеп отырған қазақ халқының 80-90 пайызы өз ана тілінде сөйлеп, сол ана тілін өз қызметінде қолдана білсе, қазақ тілінің бағы жана түспес пе еді?!
Қазір кей жағдайда мемлекеттік тіл жайлы арнайы Заң қабылдап, орыс тілін ұлтаралық тіл ретінде Конституциядан алып тастау қажет деген пікірлер айтылып қалып жүр. Әрине, қуана қолдаймын. Алайда, өзім өмір сүріп отырған Қазақстанның солтүстік аймағының жағдайын көріп, біліп отырғаннан кейін тілімді тістей беремін. Әлі де болса қазағының басым бөлігі орыс тілінде ғана сөйлейтін, жыл сайын орыс мектептеріне оқуға барып жатқан қазақ балаларының саны күрт өсіп келе жатқан өңірлердің қазағының өзі күні ертең орыс тілінің жыртысын жыртып шыға келерлеріне шек келтірмес едік.
«Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамаға сәйкес, оның қолданылуын шектеуге болмайды. Болашағын танымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады. Жастарымыз өзге тілдерді, соның ішінде орыс тілін жетік меңгерсе, бұдан еш ұтылмайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара – әлемдегі ең ұзын шекара. Орыс тілі – Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ресми алты тілдің бірі. Сондықтан, бұл мәселеге парасаттылықпен қарауымыз қажет».
Қазақ тілінің шынайы мемлекеттік тілге айналуы үшін бізге уақыт керек дедік. Отыз жыл өтті. Енді қанша жыл керек? Енді қанша тосу керек? Тәуелсіздік жылдары туған ұрпақтарымызға сенім артып едік, олар да өз ана тілдеріне жүре қарайтындықтарын көріп отырмыз. Жергілікті жерлерде мәжілістер мен жиындар өтетін орындарды синхронды, яғни, ілеспе аударма жабдықтарымен қамтамасыз ету мәселесі де аяқсыз қалып барады. Мемлекеттік тілге қажеттілік тудыра алмай отырмыз. Кезінде «орыс тілін білмесең наныңды тауып жей алмайсың» дегеннен кейін бар қазақ орыс тілін үйреніп кетті емс пе? Тіпті, қазақша оқып жүрген балаларын «адам боласың» деп орысша сыныптарға жетелеп апарған кез де аға ұрпақтың есінде болар. Енді кәне, «қазақ тілін білмесең наныңды тауып жей алмайсың» неге айта алмай келеміз? Өйткені, біз шынын айтқанда өз тілімізге өзіміз жүрдім-бардым қарап отырғандаймыз.
«Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді,–деген Президентіміздің Жолдаудағы осы бір ауыз сөзі үміт сәулесіндей болып сезіледі. – Жастарымыз өзге тілдерді, соның ішінде орыс тілін жетік меңгерсе, бұдан еш ұтылмайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара – әлемдегі ең ұзын шекара. Орыс тілі – Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ресми алты тілдің бірі. Сондықтан, бұл мәселеге парасаттылықпен қарауымыз қажет. Еліміз өркениетті диалог пен өзара сыйластық мәдениетін дәріптеуі керек», – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Өз тіліміздің бағын өзіміз жандыра алмай отырған дәл осы кезеңде Президентіміздің осы айтқанына тоқтаймыз. Енді сол бір ғана мемлекеттік тілде – қазақша сөйлейік, жазайық, тіл білмесек үйренейік, тіл білмейтіндерге кінә қоймайық, тілді меңгеруге қол ұшын берейік! Ең әуелі қазақтың тілі үшін әр қазақтың баласы өзін жауапты сезінуге міндетті!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі