Ауа райының қуаңшылық жағдайында егін жинаудың өзіндік ерекшеліктері мен әдіс-тәсілдері

Ауыл шаруашылығы саласының ең қиын және жауапты жұмысы – өсірілген өнімді жинау болып табылады. Ауа райы жағдайларын, ауыл шаруашылығы дақылдарының биологиялық ерекшеліктері мен ауыспалы егіс құрылымындағы әр түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру агротехникаларын және сорттық құрамын ескере отырып, орақ науқанын ұтымды ұйымдастыру астық жинауды ең аз шығынмен, оңтайлы және қысқа мерзімде жүргізуге мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес Ақмола облысында 2021 жылғы егін алқабының жалпы көлемі 4853,4 мың гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 4582,1 мың гектар, жаздық бидайдың егістік көлемі 3947,6 мың гектар. Бұл – барлық егін алқабының 86 пайызы. Ал, майлы дақылдар үлесі 271,3 мың гектарды құрайды. Ағымдағы жылы облысымызда өсірілген астықтың өнімі бойынша дәнді дақылдар егістіктерінің әр тектілігі байқалды.

Болжам бойынша, кәдімгі қара топырақ аймағында жаздық бидайдың өнімділігі гектарынан 8-14 центнерді құрайды; оңтүстік қара топырақтарда гектарынан 7-11 центнерді және қара-қоңыр топырақтарда гектар берекесі 6-10 центнер күтілуде. Жаздық арпаның өнімділігі жаздық бидайдан 8-12%-ға жоғары болады деп күтілуде.
Өңірдің көптеген шаруашылықтарында астық өнімділігі гектарынан 6-дан 11 центнерге дейінгі аралығында өзгереді деген болжам бар. Облыс бойынша жалпы майлы зығыр және дәнді-бұршақ дақылдарының (ас бұршақ, ноқат, жасымық) орташа өнімін алу үшін жақсы алғышарттар қалыптасты, ал,вегетациялық кезеңнің күрделі метеорологиялық жағдайларына байланысты рапс пен күнбағыстың төмен өнімділігі күтіледі. Облыстың барлық аудандарында байқалған дәнді-дақылдардың түтікке шығу фазасындағы атмосфералық жауын-шашынның жетіспеушілігі және жоғары температура сабақ бітіктігінің аз биіктікте қалыптасуына және жалпы жер үсті массасының аз болуына әкелді. Кейбір шаруашылықтарда сабақтың биіктігі 25 сантиметрден аспайды, бұл өнімді жинау сапасына кері әсер етеді және астық шығынын арттырады. Ағымдағы жылдың климаттық жағдайларының өз ерекшеліктері байқалды. А.И.Бараев атындағы ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы метеопостының алынған деректері бойынша көктем мен жаз мезгілі құрғақ болды. Масақ дәнінің пісіп-жетілу кезеңінде ылғалдың жетіспеушілігі астықтың өнімділігіне және оның табиғи массасына теріс әсер етті, бұл жалпы өнімділіктің төмендеуіне әкелді. Қолайлы ауа райы жағдайында, астықтың сапалы дәннің толысу және уақтылы жинау кезінде облыс бойынша әлеуетті (биологиялық) өнімділігі алдын ала алынған деректер бойынша гектарынан 11,0 центнер болып бағаланады.
Облыстың барлық аудандарындағы егін бітіктігінің жағдайы негізінен комбайнмен тікелей жинау тәсілін қолдануды қажет етеді, алайда, арамшөптермен қатты ластанған егістіктерде және кеш себу мерзімдерінде себілген егістіктерде бөлектеп жинау тәсілін немесе десиканттарды қолдану өзекті болып табылады. Астық дақылдарын жинау тактикасына егістіктердің жағдайы мен дәннің пісу ұзақтылығы әсер етеді. Ауыл шаруашылығы дақылдарының пісу кезеңінде түсетін толассыз жауын-шашын өнімнің бастырылып қалуын тудыруы мүмкін. Мұндай жағдайда өнімді бөлектеп жинау барысында дестенің көлеміне мән беру керек. Яғни, орылған десте тез құрғауы үшін комбайн жаткасының алым енін реттеу қажет. Масақты дәнді дақылдарды екі тәсілмен жинайды – бірфазалы (тікелей жинау) немесе екіфазалы (бөлектеп жинау, дестеге ору және оны кейін бастырып жинау). Жинау тәсілін таңдау ауа райы жағдайларына, егістіктің жағдайына, дақылдардың түрі мен сортына, механизация жадығаттарының болуына байланысты таңдалады.

Тікелей жинау тәсілінің ерекшеліктері

Тікелей жинау тәсілі арамшөптерден таза, дәндері біркелкі піскен, өздігінен дәндердің шашылуына айтарлықтай төзімді егістіктерде қолданылады. Сондай-ақ, тікелей жинау тәсілімен биіктігі аласа және егіс жиілігі сирек подгонсыз жаздық дәнді дақылдар егістігі жиналуға тиіс. Тікелей жинау тәсілі жоғары өндірілімді, жанар-жағар май мен финанс жағын үнемдейді, шығындарды азайтады. Алайда, ол тәсіл экономикалық тиімділігін егістік құрғақ, толығымен піскен және арамшөптерден таза болған жағдайда ғана көрсете алады. Тікелей жинауды егін бітіктігінің 80-90 пайызы толығымен піскенде, дән ылғалдылығы мөлшері 14-17 пайызға жеткенде бастайды. Егінді ору жұмыстарын жүргізгенде аңыз биіктігін 20-25 сантиметр етіп қалдыру керек, егер өсімдік биіктігі аласа болса 10 сантиметр етіп қалдырылады. Қыста неғұрлым молырақ қар ұстап қалу мақсатында өсімдіктің сабақ биіктігін мүмкіндігінше жоғары қалдыру ұсынылады. Тікелей жинаудың маңызды тұсы болып комбайнның егістікте аз уақыт жүруі болып табылады. Түнгі шықтан өсімдіктердің тез кебуі таң ата 1-1,5 сағатқа жұмысты ерте бастауға, ал, кешкі уақытта 0,5-1,0 ұзағырақ жасауға мүмкіндік береді. Масақты астық дақылдарын тікелей жинауды аталмыш егістікте толық пісуден кейін 7-8 тәулік арасында жүргізу болып келеді. Егер кеш мерзімге қалса масақтағы ірі дәндердің шашылуы мен сынуы болуы мүмкін. Соның әсерінен өнімділіктің төмендеуі мен дән сапасының нашарлауы жүреді (астық натурасы мен дән шынылығы төмендейді).

Бөлектеп жинау тәсілінің ерекшеліктері

Бөлектеп жинау тәсілі біркелкі піспеген, арамшөптермен ластанған егістіктерді жинауда қолданылады. Бұл тәсіл жинау жұмыстарын ерте бастап, ерте аяқтауға мүмкіндік береді, әсіресе, комбайндары жеткіліксіз шаруашылықтар үшін маңызды. Сондай-ақ, бөлектеп жинау тәсілі шашылуға бейім, біркелкі піспеген сорттарды жинауда қолданылады. Бөлектеп жинау тәсілін дәннің балауыздана пісу кезеңінде бастайды. Бұл тәсілге егін бітіктігі орташа биіктікте және сабақ жиілігі 230-300 сабақ/м2 болатын егістіктер айтарлықтай сәйкес болып келеді. Егістікті ору биіктігін сабанның орылған дестені жақсы көтеруіне байланысты таңдау қажет. Сабанды жоғары биіктікте қалдырады, себебі, оның бетінде жатқан десте жақсы желдетіліп, тез уақыт аралығында кебуі тиіс, алайда, аса тым биік қалса сабан майысуы мүмкін. Келесідей ору биіктігі ұсынылады: 60-80 сантиметр егін биіктігінде 15-20 сантиметр сабан биіктігін қалдырады; 80-120 сантиметр егін биіктігінде 15-18 сантиметр сабан биіктігін қалдырады; егер 120 сантиметрден биік болса 20-25 сантиметр сабан биіктігін қалдырады. Десте ені мен қалыңдығы бойынша біркелкі болуы тиіс, айтарлықтай қолайлы қалыңдығы 20-25 сантиметр болып келеді. Дестедегі сабақтар жатка бағытына параллель немесе шамалы (10-30°) бұрышпен орналасуы керек. Ол таза десте массасын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қоса мұндай десте тығыздалып қалуға және желмен көтеріліп, шашылуға төзімді болып келеді.
Егер дестеде сабақтар үлкен бұрышпен орналасса, онда масақтар дестенің бір жағына жиналып, ауыр массасының есебінен төмен қарай түсіп иіледі, ал, төменгі жағы жеңіл болғандықтан жоғары қарай көтеріледі. Ол дестенің желмен шашылуын тудырады. Жауын-шашын түскенде сабақ бойымен төмен қарай ағып, масақтарға жинақталады да оның кебу ұзақтылығын созады, дән сапасы нашарлайды. Өсімдік сабақтары десте бойымен орналасқан жағдайда оны бастыру жұмыстары қиындайды. Сабақтардың біраз бөлігі топырақ бетіне түседі, себебі бастырғыш машинаның тістері арасынан сабандар ұсталынбай өтіп кетеді. Дестені орғанда оның ені жинағыш комбайн жаткасының еніне сәйкес болатындай етіп қалыптастырады. Егер оның ені қысыңқы (жіңішке) болған жағдайда негізгі массасы жинағыш комбайн молотилкасына біркелкі түспей дән шығыны артады. Сондықтан да, егер десте қысыңқы (жіңішке) болған жағдайда оны екіге бөлген ұсынылады. Бөлектеп жинау тәсілінде оңтайлы жинау мерзімі шектеулі болып келеді де 6-8 тәулікті құрайды. Жинау жұмыстарының ұзаруы биологиялық және механикалық шығындарды арттырады және дән сапасын нашарлатады. Дәнді дақылдарды бөлектеп жинауда десте жаткалары қолданылады. Агрегаттау тәсілі бойынша келесідей жатка түрлерін ажыратады: комбайнға аспалы, өздігінен жүретін, тіркемелі және тарағыш жаткалар қолданылады.

Егістіктерді десикациялау

Егін бітіктігі төмен егістіктерде кеш жауған жауын-шашынның мөлшері арамшөптердің екінші толқынының пайда болуы алып келеді, бұл өз кезегінде өнім жинауды қиындатады. Десикацияны қолдану астық дәні мен тұқымша ылғалдылығын төмендетеді, арамшөптермен ластану дәрежесін төмендетеді, жинау жұмыстарын жеңілдетеді және жиналған тұқымды стандартқа дейін дайындауға кететін шығындарды азайтады. Жинау алдында егістіктерді десикациялау егістік арамшөптермен орташа және қатты ластанған жағдайда тиімді болып келеді. Дикват, глифосат және глюфосинат аммония негізіндегі десиканттар қолданылады. Әр гектарды десикациялау құны препарат пен дозаға, сонымен қатар дақылдарды бүрку жұмыстарының өзіндік құнына байланыс-
ты болады. Препараттың дозасынан басқа, барлық өсімдіктерді біркелкі бүрку үшін жұмыс сұйықтығының қажетті мөлшерін (200-250 л/га) беру өте маңызды. Бұл әсіресе дикват (дибромид) негізінде жанаспалы препараттарды қолдану жағдайларына қатысты, онда десикацияның сапасы мен біркелкілігі қамтамасыз етіледі. Глифосат негізіндегі жүйелі препараттарды қолданған кезде жұмыс сұйықтығының мөлшерін 150-200 литр/гектардан төмен азайтуға болмайды.
Десикация кезінде ауа температурасы кемінде плюс 10 градус болуы керек. Ылғалды, салқын ауа райында десикация баяу, бірақ, біркелкі және сапалы, ал, құрғақ және ыстық ауа райы кептіру процесін тездетеді. Жалпы, дикват (дибромид) негізіндегі жанаспалы препараттарды қолданғанда бұл процестер 5-8 күннен кейін, жүйелік десиканттарды (глифосат ә.е.з.) қолданғанда – 10-14 күннен кейін аяқталады. Десикация көршілес танаптар егістіктеріне, екпелеріне, нақтырақ айтқанда, кеңістіктік оқшаулауды немесе десикация кезінде желдің жоғары жылдамдығын сақтамаған кезде зиян келтіруі мүмкін. Тұқым алатын егістіктерде жүйелі препараттарды қолдану ұсынылмайды, өйткені, жоғары өнгіштігі бар тұқым ала алмау қауіпі туындайды. Осы мақсаттар үшін тұқым сапасын төмендетпейтін дикват (дибромид) негізіндегі жанаспалы препараттарды ғана пайдалануға болады. Сондай-ақ, десикациядан кейін ұзақ уақыт тұрып қалған өсімдіктер өте нәзік болып кететінін есте ұстаған жөн, бұл жоспарланбаған шығындарға әкелуі мүмкін. Бидай мен арпа өсімдіктерін десиканттармен бүрку астықтың орташа ылғалдылығы 30 пайыздан аспайтын жағдайда жүзеге асырылады. Бұл кезең балауыздана пісу кезеңіне сәйкес келеді және әдетте жинаудан 10-15 күн бұрын пайда болады. Дәнді масақты дақылдарды десикациялау арқасында (астық ылғалдылығын және оның ластануын азайту арқылы) астық сапасы артады. Астық шығыны екі-үш есе азаяды. Егін жинаудан 14 күн бұрын глифосат тұзына негізделген препараттар қолданылады. Дикват негізіндегі препараттар дәннің балауыздана пісу кезеңінде қолданылады.
Десикация егін жинау уақытын 5-7 күнге қысқартады. Көп жылдық көрсеткіштерге сүйенсек ең жақсы сапа көрсеткіштері бар астықтың максималды шығымдылығы 26-30 пайыз ылғалдылығы бар астықтың балауыздана пісуінің ортасында бөлектеп жинау тәсілін жүргізу арқылы алынған. Егін жинау технологиясын жоспарлау кезінде шаруашылықтағы егістіктердегі өнімділіктің әр түрлі болуын білу керек. Дестеге орылған өнімнің көп бөлігін ұзақ жатып қалуға қалдыруға болмайды. Дестеге орылған өнім 15 тәулік жатып қалса, тіпті қолайлы ауа райы тұрса да астық натурасы күрт төмендейді, дән шынылығының нашарлау тенденциясы байқалады.

Сирек шыққан егістік алқаптарын жинау

Биылғы жылы сирек шыққан және арамшөптермен ластанған егістіктер кездесуі мүмкін. Мұндай танаптарда егін жинаудың қиындығы агрегаттардың астық бастырғышына дән массасының жеткіліксіз және біркелкі берілмеуімен жұмыс істейтіндігіне байланысты болып тұр. Төмен кесілген өсімдіктер комбайндардың өсімдік сабақтарының ұшын жұлып тастауы (декаптация) мен пернелерін бөлетін беттер арамшөптермен және топырақпен бітеліп қалады. Нәтижесінде зақымдалған астық мөлшері, оның ластануы артып, шығындар артады. Сирек шыққан егістіктерді бөлектеп жинау кезінде дестені себу бағытына көлденең шабу өте маңызды. Бұл жағдайда дестені жинағыштың жалпы шығыны себу бағыты бойынша шабумен салыстырғанда 1,5-1,8 есе азаяды. Егін сабағының өнімділігі гектарынан 20 центнерге дейін болса, онда екі қабатталған дестеге шапқан дұрыс. Мұндай дестені бастырудағы комбайндардың жұмыс өнімділігі 40 пайызға дейін артады, комбайнның өту саны екі есе азаяды, бұл гектарына 30 пайызға дейін жанар-жағармайды үнемдеуге әкеледі. Астыққа бастырылған десте санының азаюы олардың массасының ұлғаюына байланысты астық шығыны азаяды, мұндай дестелерді қармауышы бар астық бастырғыштары жақсы тартып алады. Астықты екі қабатталған дестеге шапқан кезінде дән бастырғыштардың техникалық мүмкіндіктері жақсырақ қолданылады, комбайнның жұмыс органдарын біркелкі жүктелу және бастыру сапасын жақсарту үшін қолайлы жағдайлар жасалады.

Тұқымға арналған егістіктерді жинау

Тұқымдық егістіктерді оңтайлы уақытта жинау керек. Егер сорт әртүрлі репродукциямен себілген болса, онда жинау жоғарыдан басталады, содан кейін төменгі деңгейге өтеді. Жинау кезеңінде комбайндарға тұрақты көлікті бекіту қажет. Басқа сортты немесе дақылды жинаудың басында бастырылған астықтың бір-екі бункері тауарлық мақсатта пайдаланылады, осылайша комбайнды алдыңғы дақылдан немесе сорттан тазартады. Тұқымдарды тазарту және сұрыптау қырманға түскеннен кейін бірден жүзеге асырылады. Ылғалдылығы жоғары, арамшөптермен ластанған және біркелкі піспеген егістіктерден жиналған тұқым үйіндісінің қызып кетуін болдырмау үшін оған бастырған күні дереу алғашқы тазартуды жүргізу керек. Тұқым тазартқыш машиналар тұқымның шығымдылығы 70-75 пайыз, ал 1000 тұқымның салмағы жоғары және тегіс болатындай етіліп реттеледі. Бұл кезеңдегі ішкі экономикалық бақылаудың міндеті-алдыңғы кезеңдерде қол жеткізілген сорттық қасиеттерді сақтау, тұқымдарды стандартта қарастырылған егістік кондициясына дейін жеткізу. Дақылдардың, сорттардың, репродукциялардың араласып кетуін және өзара ластануын болдырмау, тұқымдардың қабілетінен айырылу және жарамсыздығына әкеп соқтыратын қателерге жол бермеу жөніндегі талаптар сақталады.
Қырмандағы барлық жұмыстар тұқым партияларын қырман алаңдарына орналастырудың алдын ала жасалған жоспарына, оларды тазалау, сұрыптау және қоймаларда орналастыру кезектілігіне қатаң сәйкестікте жүргізілуі тиіс. Тазартылған тұқымдар алдын-ала дайындалған қоймаларға орналастырылады. Түпнұсқа және элиталық тұқымдар қаптарда, ал қаптар еденнен 10 сантиметр төмен емес табандықтарда қатарлап сақталады. Репродукциялық тұқымдар үйінді күйінде орналастырылады. Тұқымдарды сақтау кезінде ылғалдылықты мұқият бақылау керек. Тұқымдардың сорттық және егістік сапасын мемлекеттік бақылау тұқым шаруашылығының барлық бөлімдері бойынша жүзеге асырылады. Жалпы қорыта келгенде ағымдағы жылдың өте құрғақшылық болуына байланысты өңірдегі тауар өндірушілер егінді жинау жұмыстарын тиімді жүргізу үшін өздерінің танаптарындағы байқалған егінді жинау ерекшеліктеріне қарай тікелей және бөлектеп жинау әдістерін қолдану қажет, немесе танаптардағы егіннің нақты қалыптасқан жағдайына қарай десикацияны пайдалану жоғары тиімділікті көрсетеді. Тек бақылауды күшейту мен қолайлы басқару мүмкіндігін жасау арқылы, еңбек өнімділігін арттыру және нәтижесінде шығындарды азайтуға болады.

Алдаберген ҚИЯС,
А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы
ғылыми-өндірістік орталығындағы ауыспалы егіс зертханасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар