Өткен жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталған реформалық Жолдауда айтылған негізгі қағидаттарды басшылыққа ала отырып, бұл бағытта Елбасының Ұлт жоспарын және Бес институттық реформаны негізгі бағдар етіп ұстануымыз қажет деген Президенттің көзқарасын бүгінгі күннің тамыр соғысы деп бағалағанымыз дұрыс.
Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу. Былтырғы Жолдауында Президент осылай деген болатын. Биылғы Жолдауында осыларды саралай келіп, пандемиядан кейінгі экономикалық дамуға барлау жасайды, оның тұрақтанып, халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал ететініне сеніммен қарайды.
Қазіргі қиын жағдайда халықты дағдарыстан алып шығатын басты қаржы көзі – ұлттық қордың болуы біздің басты артықшылығымыз екенін көрсете отырып, оның мақсатты жұмсалуына назар аударуымыз керек екеніне айрықша тоқталды.
Көпсөзділіктен гөрі нақтылы істерді атқаратын уақыттың келгенін Президент Жолдауда атап көрсетті. Триллиондаған ақшалардың тиісті салаларға жұмсалғанына, субсидия мәселесіне күмәнмен қарайтынына және оның соңы қылмысқа соқтырғанына, яғни, ұлттық қордан жұмсалатын қаржының талан-таражға түскеніне қынжылыс білдірді. Халықтың көкейінде жүрген ойларды түсінгендей көрінді маған. Жұмсалған шығындар мен енді кететін қаржының Жолдауда айтылған сандық мәліметтері бізді қызықтырмайды, ендігі мәселе оның тиімді, әрі мақсатты түрде жұмсалатындығы қызықтырады. Ұлттық қор – біздің байлығымыз, оны сарқып алмай, керісінше, молайтып отыру керек деген пікірі мені де қуантты. Экономикамыздың сауығуы – әл-ауқатымыз бен тұрмысымыздың, рухани дамуымыздың басты көрсеткіші екеніне көңіл аударуы халыққа сенімділік пен тұрақтылық нышанын сыйлайтыны күмәнсіз.
Жолдау ұнады. Мемлекеттік қызмет қол жетпейтін жабық кастаға айналмауға тиіс. Бұл – Президенттің былтырғы Жолдауында айтылған пікір. Барлық саладағы реформаларды жүзеге асыруда ашық қоғам орнатудың бірден-бір тетігі – саяси билік басындағыларға, яғни, кадр мәселесіне ерекше тоқталуы көңіл қуантады. Халыққа жақын үкімет жүзеге асырылатын реформалардың басты тетігі. Ұлттың ұйысуына қажетті жұртшылықтың көкейінде жүрген көптеген ойлардың айтылуын халық та қолдайды деп ойлаймын. Халық орындалмайтын бағдарламалар мен боссөзділіктен гөрі нақтылы әрі нәтижелі іс-әрекетті күтеді. Экономиканы сауықтырудағы Жолдауда айтылған мақсатты іс-шаралар арқылы сол үміттері ақталады деген сенімдемін.
Ғабділмәжит ОМАР,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы.