Қазыналы қарттарымыз – ел тірегі

Көкшетау қаласындағы Достық үйінде «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен облыстық ардагерлер ұйымы мен «Азаматтық альянс» заңды тұлғалар бірлестігі тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқан ардагерлердің басын қосып, көшемет көрсетті.

Қазақстан Республикасы Ақпараттық және әлеуметтік даму министрлігінің тапсырысы бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында өткізілген шараны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл ашып жүргізіп, шараға шақырылған ардагерлерді таныстырды. Олардың арасында қоғам қайраткері Шияп Әлиев басқаратын Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері де бірсыпыра еді.
–Көптеген мемлекеттерге ғасырлар қажет болатын жолдан, біздің мемлекетіміз 30 жыл ішінде өтті, ең бастысы біздің қаруымыз бірлікте, біз кез-келген сынақты бірге еңсереміз. Біз тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуының бастауында тұрған аға буын ретінде оның қалай болғаны туралы тәжірибе мен біліммен бөліскіміз келеді»,– деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Одан әрі білім саласының ардагері Тельман Мұқышев сөз сөйлеп, халқымыздың әртүрлі кезеңдерді бастан өткеріп, көп құндылықтарын жоғалтқанын айтты. Өздерінің мемлекеттік тілді дамыту үшін атқарған қызметтеріне тоқталды. Атап айтқанда, Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжі, облыстық мектеп-интернаты, «Әсем» балабақшасы ашылды. Ауғанстан соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы, жоғары техникалық мектептің директоры Ыбырай Дуанбай мемлекеттік тілдің және Отанды сүюдің проблемасын көтерді. Бұл мәселеге биліктің дұрыс мойнын бұрмай отырғанын алға тартты. Достық үйінің директоры Ермек Нұғыманов ұлтаралық бірлік, ұрпақтар сабақтастығы жөнінде тартымды әңгіме айтты. Алтай Нұрқасымов, Баян Байлина, Сайлаубек Ыбыраев, Күміс Мұратбекова өздері бұрын еңбек еткен салаларының мәселелерін айтты. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында жас механизаторлар жетіспейді. Жастар ауылда тұрақтамайды. Көптеген адамдар вакцина алғылары келмейді. Олар қоғамның саулығы жөнінде ойланғысы келмейді.
–Тәуелсіздік – кез-келген елдің басты құндылығы, ал, қазақстандықтар үшін бұл мемлекеттіктің қалыптасуындағы ерекше маңызды сәт. Біздің Отанымыздың, Қазақстан Республикасының дамуына үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсету жас ұрпақты тәрбиелеудегі, тарихи жадыны сақтаудағы басым бағыттардың бірі»,– деді Азаматтық альянстың төрағасы Жанат Мұхамеджанов.
Шара соңында Тельман Мұқышев, Алтай Нұрқасымов, Есілбай Қадірәлин, Дуанбай Ыбырай сияқты бірқатар ардагерлерге Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрі қол қойған Алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар