Жолдауда білім саласына дәйекті көңіл бөлінген

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын теледидардан тыңдап, мерзімдік баспасөзден оқыған Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылары мен білім алушылары осы бір маңызды тарихи құжат туралы біздің тілшімізге өз ойларын былай білдірді.

Қазақстан тарихы және «Рухани жаңғыру» кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының магистрі Гүлмира Ахметова:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын тыңдай отырып, мемлекет пен оның тұрғындары үшін көптеген маңызды мәселелерді көтергеніне риза болдым. Ол алдағы кезеңге елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым мақсаттары туралы айтты. «Алдағы онжылдық қиын болады. Мұны қазір айту керек», – деді Президент. Бұл оның Президент ретінде халыққа жолдаған үшінші Жолдауы. Алғашқысы 2019 жылдың 2 қыркүйегінде, екіншісі 2020 жылдың 1 қыркүйегінде жолданған еді.
Биылғы Жолдауы барысында қашықтықтан оқыту кезіндегі білім беру саласына тоқталған Президент: «Пандемия кезінде қашықтықтан оқыту нәтижелері ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігінің жеткіліксіздігін көрсетеді – бұл қарапайым білімі жоқ студенттердің көп болуына әкелді», – деді. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бұл мәселені байыпты түрде шешуді, атап айтқанда, қашықтықтан оқыту форматындағы ақпараттық жүйелердің сапасын жақсартуды тапсырды. Оған қоса, біздің елімізде білімнің қолжетімді және инклюзивті болуы керек екенін атап көрсетті. Елімізде салынатын мектептер саны 2025 жылға дейін кемінде 1000-ға жетуі керектігіне де баса назар аударды. Одан бөлек, ғылым саласында грантты қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту керектігін де баса айтты.
Білім министрлігінің алдында оқу бағдарламаларын жаңашылдыққа бейімдеу міндеті тұр. Біз – халқымыздың тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық арман-тілегіне қолжеткізген ұрпақпыз. Сондықтан, бізге мемлекеттің болашағы үшін жүктеліп отырған зор жауапкершілікті сезіне білуіміз керек.
Қазақстан тарихы және «Рухани жаңғыру» кафедрасының аға оқытушысы Меруерт Шуматова:
– Мемлекет басшысының Үкімет пен Парламенттің алдына қойған міндеттері біз үшін түсінікті және нақты орындалатын тапсырмалар екені анық. Президенттің Жолдауында бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер айтылды. Сонымен бірге, Жолдаудың басым бөлігі пандемия салдарынан туындаған дағдарыстан кейінгі экономикалық әлеуметтік мәселелерге арналғандығын байқадым. Ел Президенті өз сөзінде, халықтың әл-ауқаты, дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданғанын айтып өтті. Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматымыз 42500 теңге мөлшерінде көмек алғандығын және миллионнан астам адамға азық-түлік пен тұрмыстық заттар қоржыны берілгенін атап өтті. Бұл мемлекет тарапынан халыққа көрсетілген елеулі көмек екендігін айта кету керек. Сондай-ақ, Президентіміз мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастауымыз керектігін де баса айтты. Азық-түлік бағасын қадағалайтын органын құру жөніндегі шешімі де халықтың оң көзқарасын тудырды. Өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын жетілдіру керектігін, шет елге жердің сатылмауы туралы да нақты айтылды. Бұл өте дұрыс ойлардың бірі болып табылады. Сонымен қатар, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты екендігі, нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне орай жүзеге асатындығы пысықталды. Президент тапсырмасы бойынша ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі жақсы шешім болды. Бұл, әсіресе, қазір ерекше маңызды.
Президентіміз коронавирус індетінің салдарынан дүниежүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтықтан оқуға көшкендігін, Қазақстанда әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқтығын айтып, толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн-платформа құруды тапсырды. Құрылатын жаңа онлайн-платформа сабақ жүргізуге де, оқытушының да, студенттің де қолдануына ыңғайлы, әрі қолжетімді мүмкіндік туғызады деген сенімдемін. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, жол картасы мәселесіне, балалардың қауіпсіздігі мен құқығы мәселелеріне баса назар аудару керектігін мықтап тапсырды.
Президентіміздің жолдауы болашаққа деген нық сенімді ұялатты деп ойлаймын. Мемлекет басшысының Жолдауын қолдай отырып, оның іске асуына барынша атсалысуымыз біздің қасиетті борышымыз деп санаймын.
«Экология, тау-кен ісі және құрылыс» кафедрасының оқытушысы Есентай Өтегенов:
– Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын
жариялап, Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап берді. Сондай-ақ, пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамаларын жариялады.
Елімізде төменгі жалақы көлемі 2018 жылдан бері көтерілген жоқ. Әлемдік коронадағдарыс қазақстандықтардың табысына өз әсерін тигізді. Оның үстіне ең төменгі жалақы көлемі бойынша Қазақстан ТМД-ның бірқатар елдерінен артта келеді. Осы орайда 2022 жылғы
1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны
42 500 теңгеден 60 мың теңгеге өсіру туралы шешім қабылдайтынын атап өтті мемлекет басшысы. Бұл бастама 1 миллионнан астам адамды қамтитын болады. Жанама түрде барлық жұмысшының айлығына өз әсерін тигізетіні де белгілі.
«Экология, тау-кен ісі және құрылыс» кафедрасының оқытушысы, Нұрлан Байкенов:
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осы жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өскенін атап өтті. Алдағы үш жылда осы мақсаттарға қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді. Қабылданған шаралар өз нәтижесін беруде. Сондай-ақ, педагогикалық мамандықтарға түсушілердің орташа балы күрт өсті. Ел Президенті мұғалімдерді қолдау саясатын да атап өтті, ол жалғасын табатыны бізді қатты қуантады.
«Тау-кен ісі» мамандығының 2 курс студенті Арайлым Қайыркенова:
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында елдің алдындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарына тоқталды. Сонымен қатар, Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар бере отырып, IT-технологиялар салалары, қазақ тілі мәселелері, ең төменгі жалақыны көтеру мәселелері және тағы басқалары туралы айтты. Президент нақты қойған мәселелерді айқындап берді. Сондықтан, алдағы жылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы көтерілуіне сенім артып отырмыз.
«Тарих-дінтану» мамандығының 4-курс студенті Балнұр Қарасай:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 1 қыркүйек күні Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауы ел өркендеуінің негізі. Президент бүгінгі ел мен халықтың әлеуметтік және экономикалық жағдайының терең сараптамасын жасап, оны әрі қарай дамытудың бағыт-бағдарын жариялады. Сонымен қатар, 7 мәселе мен 3 бастама жайында сөз қозғады. Пандемия кезеніңдегі қиыншылықтарды жеңудің басты тірегі ретінде Қазақстан Республикасының резерві мен мемлекеттік қарыздың төмендігін атап өтті. Оған қоса, IT маманы қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше маңызға ие екендігі де айтылды. Сандық технологияның дамуы мен өркендеуі кезеңіндегі сандық хаб құру мен сандық технологиясы мемлекетте жаңа кезеңге көшу қажеттігіне мән берілді.
Мемлекет басшысы «Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл – отаншылдықтың басты белгісі», – деп қазақ тіліне ерекше назар аударуы қуантарлық жағдай. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл деңгейінде үйрену, дамыту мен насихаттау арқылы біз өз тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын сақтаймыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы өзіндік нақтылығымен, ұғынықтылығымен ерекшеленді. Білім мен ғылымға әдеттегідей аса мән берілген бұл Жолдауда ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесі қарастырылды. Бұл дегеніміз еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет, парыз тұрғандығы. Осыған дейін қабылданған маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен саяси құжаттардың жалғасы болып табылатын бұл жолғы Жолдау ұстаздар мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне және мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқа да қызметкерлер үшін ерекше екпін берді.
Біз – жастар, жаңа экономикалық, саяси және әлеуметтік жағдайға байланысты ел тағдырын жан-жақты талдап, дамудың стратегиясын көрсеткен осы Жолдауды толықтай қолдай отырып, оны іске асыру үшін барлық біліміміз бен тәжірибемізді жұмылдыруымыз қажет.

Топтамаларды ұйымдастырған
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар