Өңірлердің дамуына бөлініп жатқан қаржы тиімді жұмсалып, тиісті қайтарымын беруі керек

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Аршалы және Ерейментау аудандарында болып, елді мекендерді көркейту және жолдарды жөндеу, мектептердің құрылысын жүргізу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелерін шешу, егін орағын ұйымшылдықпен аяқтау және тағы басқа да алда тұрған міндеттерді саралап, Мемлекет басшысының ел халқына арнаған Жолдауы бойынша атқарылатын істерді пысықтады.

Аршалы. Ауданның Жібек жолы ауылында облыс әкімі ауыл ішіндегі жолдардың күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жолдың инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі бұл жоба екі жылға арналған. Оның барысында 1 миллиард теңгеге жиырма шақырым жол жөнделмекші. Биылғы жылы бюджеттен 98 миллион теңге бөлінген. Мердігер ұйым одан да көп, 118 миллион теңгенің жұмысын игерген. Алайда, жобада тротуарлар мен жарық тарту қарастырылмапты. Бұл үлкен ағаттық. Жібек жолы ауылында ресми түрде бес мың адам тұрады деп көрсетілген. Ал, іс жүзінде тұрғындар саны одан бірнеше есе көп. Облыс әкімі жол жөндеушілерге осы жағын ескеруді тапсырып, қосымша 200 миллион теңгені игерулерін сұрады.
–Жібек жолы Аршалы ауданында өз маңызы жағынан аудан орталығынан кейінгі екінші елді мекен. Сондықтан, жобалау жұмыстарына жауапкершілікпен қарау керек, – деді Ермек Маржықпаев аудан басшыларына қарата. Аудан әкімі Айдар Баймановтың айтуынша, мұнда үш шағын ауданда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар қолға алынуда. Бұл жұмыстарға 840 миллион теңге ұйғарылып отыр.
Осы Жібек жолы ауылындағы 300 орындық мектептің жобасында да ауытқушылықтар кеткен. Жаз мезгілінде жобаны түзеуге көп уақыт жұмсалды. Жерасты суларының жақын орналасуы ескерілмегендіктен, жұмыс созыла түсуде. Облыс әкімі мердігерлерге уақыттан ұта еңбек етіп, мектеп құрылысын тездетуді тапсырды. Аудан орталығында музыка мектебі мен балалар-жастар шығармашылық орталығы орналасқан үй жөндеуден өткізілген. Жас техниктер станциясы ғимараты да жаңа келбетке ие болыпты. Бұл жерде 300 бала әртүрлі үйірмелерде өздерінің қабілеттерін шыңдауда. Осының бәрін ой елегінен өткізген облыс әкімі ескірген құрал-жабдықтарды жаңартуға қаржы табатынын айтып қуантты.
Осыдан үш жыл бұрын Аршалыда қысқы жылу беру сапасын жақсарту үшін жаңа қазандық пайдалануға берілген еді. Осының арқасында екі жылдан бері тұрғындар жылудан қиындық көрмеуде. «Аршалы су-2030» кәсіпорнының теплотехнигі Наталья Губина хабарлағанындай, қазандық жаңа жылу беру маусымына толықтай дайын. Опрессовка жұмыстары жүргізіліп, басқа да қажетті шаралар шешімін тапқан. Бұл қазандық жалпы көлемі 90 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй алаңын, әлеуметтік және өндірістік нысандарды жылытады. Алайда, Аршалыда пешпен отырған екі қабатты көп пәтерлі үйлер де бар. Бұл орайда, облыс әкімінің көзқарасы айқын. Аршалылықтар да Астрахан немесе Макинскінің тұрғындары сияқты орталық жылу жүйесінің қызметін пайдаланулары керек. Бұл үшін аудан басшылары тиісті жұмыстарды қолға алып, тұрғындардың тілегін қанағаттандыруы тиіс.
Волгодоновканың ішкі жолдарына да биыл жаңа жамылғы төселіп, тротуарлар пайда болыпты. Бұл жоба да екі жылдық, биыл 1500 миллион теңге қаржы бөлінген. Биыл жол инфрақұрылымын жақсарту Волгодоновка ауылдық округінің барлық елді мекендерін қамтып отыр.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қалай жолға қоюға болатындығын осы Волгодоновкада 70 орындық ясли-бала бақшасын ашқан жеке кәсіпкер Фариза Хавдеш жақсы аңғартып отыр. Облыс әкімі оған өз алғысын білдіріп, бизнес пен мемлекеттің арасындағы осы бір тиімді байланыстың маңызын ерекше атап өтті. Сапарының соңында Ермек Маржықпаев осы ауылдық округтегі кірпіш зауытының құрылысында болды. Мұнда жылына 100 миллион дана кірпіш шығарылатын болады. «SG Brick» ЖШС басшылығымен әңгіме барысында мемлекет тарапынан зауыттың салынып, іске қосылуына барлық қолдау көрсетілетіні айтылды.

Ерейментау. Өңір басшысының Ерейментау ауданы бойынша жұмыс сапары Новомарковка ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға барудан басталды. Дәрігерлік амбулаторияның ғимараты 1956 жылы салынып, бұрын жергілікті мектеп болған. 2017 жылы мұнда облыстық бюджеттен бөлінген 28 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. Ерейментау аудандық орталықтандырылған ауруханасының бас дәрігері Марал Сүлейменова мұндағы тұрғындармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстар, коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау туралы айтып берді.
– Облыстық бюджетке сенім арта бермей, медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету керек. Біз аудандық ауруханаларды жөндеу бойынша көп жұмыс атқарып жатырмыз, алда Ерейментауға да жетеміз. Ал, мына дәрігерлік амбулаторияның уақыт талабына сай жұмыс істеп жатқаны көрініп тұр, – деген облыс әкімі бұдан әрі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының арқасында Балабек Жахин атындағы Новомарковка орта мектебінің де жағдайы жаман еместігіне көз жеткізді.
Ермек Маржықпаев «А.Ф.Новомарковка 2010» серіктестігінің егістік алқаптарын аралап, астық жинау барысымен таныса келе, шаруашылық басшысы Әділхан Сейітжановтың сөзіне құлақ түрді. Ол дәнді дақылдар химикаттарсыз өсірілетінін айтып берді. Бүгінгі таңда егін алқаптарының 60 пайызы жиналған. Ауа райы дұрыс болса, осы аптаның аяғында науқан аяқталып қалуға тиіс.
Егін шаруашылығындағы жағдай туралы аудан әкімі Абай Әлжанов баяндады. Жергілікті диқандар үшін қуаңшылық салдарынан биылғы жыл жайлы деп айтуға келмейді. Ара-тұра жауындар болмады емес, болып тұрған. Сонда да оның жетіспегендігі байқалады. Қазір егін орағы өрмек жүзінен ауа түскен.
Бұл ауданда да бұған дейін №5 қазандық пен магистральдік желілер қайта жаңартудан өткен болатын. Соның арқасында қыста орталық жылу жүйесіне қосылған ерейментаулықтардың пәтерлері жылы. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының аясында бұл жұмыстарға бөлінген 724,2 миллион теңге қаржы өзін-өзі толық ақтауы тиіс. Облыс әкімінің «Біз ауданның жылу жүйесіне айтарлықтай қаржы жұмсадық. Енді мұның тұрғындарға қаншалықты пайдасы болады?» деген сауалына «Теплосервис» кәсіпорнының басшысы Ерболат Мәдияров:
–Он бес көп пәтерлі тұрғын үйді жылуға қосуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта тұрғындармен түсінік жұмыстары жүргізілуде. Бар гәп бұл үйлердің ішкі желілерінің пайдалануға жарамай қалғандығында және кейбіреуінің бұзып алынуында болып отыр, – деп жауап берді. Облыс әкімі сол жерде аудан әкіміне жаңа абоненттерді жылуға қосу жөніндегі жұмысты бақылауға алуды, сөйтіп, кейін ықтимал тосын жағдайларға жол берілмеуін қарастыруды тапсырды.
Ермек Маржықпаев аудан орталығы үшін маңызды жобалардың бірімен де танысты. Әңгіме ұзындығы 1,6 шақырым болатын кірме жолдың орташа жөндеуі туралы болып отыр. Жобаның құны – 78,5 миллион теңге. Жаңа асфальтбетон жамылғысы дайын. Қазір жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Абай Әлжановтың айтуынша, осы участокті қосқанда қазір аудан орталығындағы тас жолдардың жалпы ұзындығы 48 шақырымға жетеді. Сондай-ақ, ол келер жылы ауданның бірнеше елді мекендерінде қаржыландыруды қажет ететін инфрақұрылымдық жобалар туралы айтты. Олар автомобиль жолдарының, сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы мен реконструкциясына қатысты.
Үшінші жыл қатарынан Ерейментауда спорттық-сауықтыру орталығы салынуда. Нысан әлі «сақалды құрылыс» емес, бірақ, егер мердігер, ал, ол мұнда біріншісі емес, осындай баяу қарқынмен жұмысын жалғастыра берсе, сондай нысанға айналуы мүмкін. Облыс әкімімен әңгімеде мердігер құрылыс материалдарының бағасының өсуі түрткі болып отырғанын, нәтижесінде жобаның құнының өсуі мүмкін екенін айтты. Алайда, бұған себеп жоқ, өйткені, негізгі құрылыс материалдары көктемгі бағаның көтерілуіне дейін сатып алынған.
Облыс әкімі жобалардағы кез-келген түзетуге мүмкіндігінше мұқият және ойластырылған түрде қарау керектігін баса айтты. Бұл жерде құрылыс қарқынында кідіріс бар, жалпы, бұлай жұмыс істеуге болмайды. Әсіресе, егер бұл көптен күткен әлеуметтік нысанның құрылысы болса. Ермек Маржықпаев барған тағы бір құрылыс алаңында 45 пәтерлік тұрғын үй салынуда. Ермек Боранбайұлы құрылыстағы кейбір кемшіліктерге тоқталып, белгіленген мерзімді ұстануды баса айтты. Оған қоса, ерейментаулықтар биылғы қараша айында осы үйде қоныс тойын тойлаулары керек екенін де еске салды.
Өңір басшысы аудандарға жұмыс сапарын аяқтай келе, жақында жөнделген Ерейментау аудандық полиция бөлімінің ғимаратында да болып, оның қазіргі жай-жапсарына назар аударды.
Алексей ЧАЙКА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар