Өнеркәсіп өндірісі көлемінің өскендігі байқалады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов облысымызда Мемлекет басшысының ел халқына арнаған биылғы Жолдауын жүзеге асыру шаралары тұрғысында келелі әңгіме қозғап, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына тоқталды.

Басқарма басшысы өз сөзінде 2021 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіптің өндіріс көлемі тау-кен өндірісі мен өңдеуші салалар есебінен 8,4 пайызға өскенін айтты.
–Машина жасау және тағам, сусын, химия, резина, пластмассо өнімдері тәрізді өңдеуші өнеркәсіп саласында өсім сақталуда. Өндірісті диверсификациялау жұмысы аясында 2020-2021 жылдары машина жасау саласында техниканың жаңа түрлері шығарыла бастады. Бұл бағытта УайТиО тракторы, өнімділігі жоғары Торум комбайны мен астық кептіретін кешенін атап өтуге болады. Химия саласында «Сареко» серіктестігі сульфоаммофос шығара бастады. Құрылыс индустриясында жұмсақ плита, үлкен диаметрлі темір-бетон құбыры жасалуда. Жыл соңына дейін ұнның және картоптың жаңа өнімдері жасалмақшы. 2025 жылға дейін балық өндірісін игеру жоспарлануда. Сондай-ақ, темірден арматура мен өзге заттар жасалып, техникалық алмаздың концентраттары алынбақшы. Тасымалдау географиясын кеңейту заман сұранысы. Осы орайда, Мемлекет басшысы өңделген экспорт көлемін 1,5 есе ұлғайту бойынша нақты міндет қойды. Ақмола облысының шикізатқа жатпайтын экспорты биылғы жылдың 5 айында 91,4 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 185,2 пайыз. Уран экспортының, сусынның, ірі қара мал етінің, сүттің көлемі артты,–деген басқарма басшысы облыста елуден астам экспортерлер компаниясы жұмыс істейтінін, олар өз өнімдерін 26 елге тасымалдайтынын айтты. Подшипник, ұн, ет, сүт өнімдері, жұмыртқа, өсімдік майы, сусындар, полиэтиленнен жасалған қап, авиациялық өнім және өзге де өңделген өнімдер экспортталады. Өткен жылы кәсіпорындармен экспорттық тасымалдау географиясын ұлғайту жұмысы аясында «Астана-Агропродукт» пен
«САМХАТ аяқ киім фабрикасы» серіктестігі жаңа экспорт рыногын игерді. Сондай-ақ, бірқатар экспортқа бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. 2021 жылдың қорытындысы бойынша шикізат емес экспорттың өсуі бойынша қабылданған міндеттемелер орындалмақшы. Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздің экономикасында өңдеуші өнеркәсіптің өскен рөлін атап өтті. Өңдеуші салада 613 ірі, орта және шағын кәсіпорындар мен өндіріс орындары жұмыс істейді. Өңір экономикасының бұл саласындағы оң серпін 10 жыл бойы сақталып келеді. Биылғы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің көлемі 501,1 миллиард теңгені құрады.
–Ақмола облысында өңдеуші өнеркәсіптің 70 пайыздан астамын құрайтын негізгі салаларға металлургия, тағамдар өнімдерінің өндірісі, машина жасау жатады. 15 мың адам еңбек ететін аталмыш салалардағы ірі кәсіпорындар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалын молынан тигізеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында өнеркәсіп өндірісіне технология енгізу жөнінде айтты. Өнеркәсіпті цифрландыру аясында 2023 жылға дейінгі Ақмола облысындағы өнеркәсіпті цифрландыру жобаларының Жол картасы жасалды. Осы бағытта 7 кәсіпорынды цифрландырудың 11 жобасын жүзеге асыру қарастырылса, оның жетеуі іске қосылды,–деген Ербол Оспанов одан әрі Мемлекет басшысы өз Жолдауында тапсырған жер қойнауы саласын бақылауды нығайту, бизнесті қолдау, субсидия мен несие беру, өнім бағасын қадағалау және тұрақтандыру тәрізді өзге де міндеттердің орындалу барысын айтып берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар