80 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіреді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының төрағасы Дінмұхаммед Шалабаев өзі басқаратын салалық кәсіподақтың негізгі жұмыс бағыты мен өткен кезеңде атқарған істері жөнінде айтып берді.

–Әр кезеңде де кәсіподақ қозғалысы және оның ұжымдағы рөлі өте маңызды. Өйткені, кәсіподақ Еңбек заңнамасының сақталуын, оның ішінде әлеуметтік және еңбек қатынастарының жақсартылуын, ұжымдық шарттардың орындалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, еңбекақы бо-йынша мәселелерді көтереді, еңбек адамының құқы мен мүддесін қорғайды,–деген филиал төрағасы кәсіподақтар өндірістік-салалық қағидат бойынша құрылатынын айтты.
–Біздің филиалдың құрамына 3115 кәсіподақ мүшесі бар 80 бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді. Әлеуметтік мәселелердің ең бастысы – еңбекақы мәселесі. Соның бірі «Лауазымдық базалық айлық жалақының» көлемі жөніндегі мәселе республика деңгейінде қаралып жатыр. Осы тұрғыда салалық кәсіподақтар мен Кәсіподақ федерациясы тарапынан базалық лауазымдық айлық еңбекақы көлемін ұлғайту немесе бұл түсінікті алып тастап, тек ең төменгі айлық еңбекақы мөлшерін қалдыру туралы Үкіметке ұсыныс жасалды. 17 697 теңгені құрайтын базалық лауазымдық айлық еңбекақы мөлшері 2016 жылдан бері көтерілмеген. Еңбеккерлер қажеттіліктерінің ең төменгі деңгейін анықтау мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты болады. Мәдениет пен спорт саласындағы техникалық қызметкердің, есепші мен заңгердің еңбекақысын өсіру де өзекті мәселе болып тұр. Осы мәселелер жөнінде Президент өзінің халыққа арнаған Жолдауында кеңінен айтты. Ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеге көтеріледі. Сондай-ақ, мәдениет, архив, кітапхана саласының және техникалық қызметкерлеріне жалақы орта есеппен 20 пайызға өсірілетінін айтты. Бұған да кәсіподақтың жұмысы ықпал етті,–деген Дінмұхаммед Шалабаев өткен жылы мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға көтерілгенін айтты. Сондай-ақ, спорт мектептеріндегі жаттықтырушылардың жалақысы 20 пайызға өспекші. Одан әрі филиал төрағасы салалық келісімдегі шарттар жөнінде кеңінен айтты, журналистер
қойған сауалдарға тұшымды жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар