Мерейтойыңмен, Көкшенің көркем театры!

Аймақтық театрлар фестивалі

 Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және театрдың негізі қаланғанына 25 жыл толуына арналған ІІІ Аймақтық театрлар фестивалі басталды.
Фестивальге Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды, Ілияс Омаров атындағы Қостанай және Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрлары қатысып отыр.
Фестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова сөз сөйлеп, өнер мерекесіне қатысушыларға облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың құттықтауын жеткізді. Бұдан кейін өткен баспасөз мәслихатында ақмолалық өнер ұжымының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов театрдың ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктері туралы баяндап, үш күнге созылатын Аймақтық фестивальдің жай- жапсары туралы айтып берді.
Облысымыздың мәдени өмірінде елеулі оқиға болып табылатын өнер мерекесіне Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Жібек Бағысова бастаған жергілікті әртістер, фестивальге келген өзге театрлардың ұжымдары және ақмолалық өнерсүйер қауым өкілдері қатысты.

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ашылғанына 25 жыл! Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және театрдың төл мерекесіне орай, кеше Көкшетауда ІІІ Аймақтық театр фестивалі өз шымылдығын ашты. Ширек ғасыр бойы көзі қарақты көрерменіне қуаныш сыйлап, рухани әлемін сәулелендіріп келе жатқан өнер ордасының ілкімді ізденісінің, тынымсыз талпынысының арқасында қол жеткізген табысы толымды.

Сол бір қуанышты сәт күні кешегідей көз алдымызда. Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкшетау топырағында қазақ театрының ашылуын өнерқұмар қауым нешеме жылдан бері тағатсыздана тосып жүрген болатын. Ақ түйенің қарны жарылған сәтте бір-бірінен сүйінші сұрасқан, ақжарма ақ тілегін ақтарған ізгі ниетті адамдарда есеп жоқ. Тұңғыш қойылым да сүбелі. Театр шымылдығын Алаштың абыз қаламгері Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклімен ашты. Қоюшы режиссері жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, марқұм Жақып Омаров. Театр залы лық толды. Сол жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының бір топ жас түлектері жаңа театрға келіп орналасқаннан ел хабардар болатын. Тұңғыш қойылым өте сәтті өтті. Көрерменнің қуанышында шек жоқ.
Осы сәттен бастап театрдың өрлеу жолдары басталды. 2001 жылдың қыркүйек айында Мысырда өткен әлемдік театр фестивалінің бес жүлдесінің бірін иеленіп, атақтары аспандады. Өнер ұжымына қанат бітірген қамқорлық аз емес еді. 2004 жылы қазақ театрына облыстық бюджеттің есебінен ғимарат тарту етілді. Сол жылы Сәкен сері Жүнісовтың мерейтойына орайластырылған аймақтық театр фестивалі ұйымдастырылып, өте жоғары деңгейде өтті. Театр ұжымы жүлделі екінші орынға ие болды. «Ең үздік сценография» аталымын жергілікті театрдың бас суретшісі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұрат Мақсұт иеленсе, «Ең үздік режиссура» аталымын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Оспанов еншіледі. 2006 жылы театрдың белді актерлері Ж.Қалдаров, Т.Көңбай, Ж.Құсайынова, Қ.Мырзаболатов, Қ.Қалқатаев, А.Жүнісовалар Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері белгісіне ие болды. 2007 жылы мамыр айының 17-18 күндері аралығында жазушы-драматург Шахмет Құсайыновтың туғанына 100 жыл толуына орай аймақтық фестиваль ұйымдастырылып, оған 8 театр ұжымы қатысып, Көкшені өнер тойымен көркейтті, өнер мерекесімен нұрландырды.
Бүгінде театр репертуарында жүзден астам қойылым бар. Олардың арасындағы классикалық қойылымдардан У.Шекспирдің «Король Лир», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», С.Жүнісовтың «Абылай хан», А.Камюдың «Калигула», драмалық қойылымдардан Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы», О.Бөкейдің «Атаукере», Ж.Ерғалиевтың «Жан шырылы» спектакльдерін атап айтуға болады. 2007 жылы театр ұжымы гастрольдік сапармен Қытай Халық Республикасында болып, Іле қазақ автономиялық облысының төрт ауданы мен Құлжа қаласында өнер көрсетті. 2011 жылы Украинаның Қырым автономиялық республикасында өткен антикалық өнердің ХІІІ «Боспорские агоны» Халықаралық театр фестивалінде классиканы жоғары дәрежеде сахналағаны үшін «Ника Боспорская» статуэткасын жеңіп алды. Мәскеулік және Украинаның беделді сахна шеберлері мен сыншылары тарапынан жоғары бағаға ие болған театр тәуелсіздік алғалы бері қазақ елі атынан мұсылман елдері арасынан тұңғыш қатысқан ұжым болды. Театр 2012 жылы Қостанай қаласында өткен І.Омаровтың 100 жылдығына арналған республикалық театрлар фестиваліне А.Камюдің «Калигула» қойылымымен қатысып, Гран-При жүлдесін еншіледі. 2013 жылы театр ұжымы Ресейдің Татарстан елі Қазан қаласында өткен «Ремесло+» жас режиссерлардың Халықаралық театр фестиваліне И.Лаузундтың «Офис» қойылымымен (режиссері Ф.Қанафин) қатысып, дипломант атағына ие болды.
2014 жылдың қыркүйек айында театр ұжымы Солтүстік Қазақстан облысы мен Ақмола облысының өңірлік өзара алмасу гастроліне сай балаларға арналған Э.Стэнтонның «Ойыншықтар оқиғасы» ертегісімен Петропавл қаласында болып қайтты. 2015 жылдың 19-24 қараша аралығында театр Беларусь елінің Минск қаласында өткен ТМД, Балтық және Грузия мемлекеттерінің Жас театр қайраткерлерінің II Халықаралық театр форумына режиссер Болат Әбдірахманов сахналаған Т.Уильямстің «Құштарлық» трамвайы» қойылымымен қатысып қайтты.
2016 жылдың мамыр айында театр ұжымы Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Айтқыштар Ақтөбеде» VII республикалық әзіл-ысқақ фестиваліне қатысып, театр актерлері Төлеубек Көңбай және Бағлан Иманғазинов екінші орынға ие болды. Сонымен қатар, актер Төлеубек Көңбай «Үздік актер» номинациясында жеңімпаз атанды. 2017 жылдың сәуір айында театр ұжымы Ақтөбеде «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өткен Қазақстан драма театрларының II республикалық «Балауса» эскперименталды қойылымдар фестиваліне қатысып эксперименталды ізденісі үшін дипломмен марапатталды.
2018 жылы театрымыздың жас режиссерлары жылдан жылға өз біліктіліктерін арттыру мақсатында келесі аталған халықаралық және аймақтық театрланған фестиваль және көптеген конкурстарда қатысуда. Мәселен, театр режиссері Б.Әбдірахманов Татарстан Қазан қаласында өткен V Халықаралық түркі тілдес мемлекеттерінің «Науруз» театр форум-фестиваліне қатысты. 15-20 маусым күндер аралығында театр режиссері Ф.Қанафин Ресейдің Новосибирск қаласына С.Н. Афанасьев жетекшілігімен режиссерлік лобараторияға тәжірибе алмасуға барды. Театр режиссерлері Ф.Қанафин, Б.Абдрахманов Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған шетел шеберлерінің қатысуымен өтетін театр өнері қайраткерлерінің республикалық практикумына қатысып, сертификат иегерлері болып оралды. Сонымен қатар, осы жылдың маңызды оқиғасы – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында театр өнерін дамытуға және насихаттауға қосқан зор үлесі үшін жоғары санаттағы драма әртісі Құмарбек Қалқатаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алуы болды. Сондай-ақ, театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Манарбек Қыдырбай IX республикалық «Тәуелсіздік толғауы» байқауында «Тұман» пьесасының авторы ретінде «Үздік пьеса» номинациясы бойынша дипломға ие болды.
2019 жылы қаңтар айында талантты актриса Маржан Бөкешқызы «Мəдениет саласының үздігі» төс белгісімен және музыка бөлім меңгерушісі Медет Мұхамедин Мəдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында 2 жаңа премьера Зульфат Хакимнің «Мәссаған! Сенсация!!!» трагикомедиясы мен Рэй Кунидің «№13» комедиясы сахналанды. Жаңа дүниелердің сахналануына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Үкібайұлы үлкен еңбек сіңірді.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай, «Абай айтқан асыл сөз» онлайн жобасы іске қосылды. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі бастаған «Абай өлеңдерін әлем тілдерінде оқу» видео челленджіне ат салысқандар қатарында театр әртістері Төлеубек Көңбайұлы мен Маржан Бөкешова да бар еді.
Мәдениет саласының қызметкерлері күніне орай іс-шарада театрымыздың талантты қоюшы режиссері Болат Әбдірахманов «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен және театр әртісі Еркебұлан Төлеуов облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
–Іргесі берік, шығармашылық әлеуеті зор ұжымның ширек ғасыр ішіндегі табысы толымды, – дейді театр директоры Мұратбек Оспанов, – бір сөзбен айтып шығудың өзі де мүмкін емес. Алдағы жос-парларымыз да салмақты. Рас, төрткүл дүниені бір дәннің қауызына сыйғызған жаман тұмаудың шығармашылық жолға тұсау салып тұрғанын да айта кету керек. Бірақ, қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Биыл қасиетті Көкшедегі өнер ордасының ашылғанына 25 жыл. Осыған орай, әрі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен орайластырып үшінші аймақтың театр фестивалін өткізбекшіміз. Фестиваль деген сөздің өзі мереке деген ұғымды береді ғой. Бұл шын мәнінде өнер мерекесіне айналса екен деген тілек бар. Фестивальға Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры, Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры, Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театры, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры қатысады. Көрермен қауымды құлағдар ету үшін жергілікті театр жұртшылық назарына Александр Володиннің режиссер Болат Әбдірахмановтың сахналауымен «P.S.Мен сені сағындым» драма-ностальгиясын, Қарағанды облыстық қазақ драма театры М.Задорновтың режиссер А.Қырықбаевтың сахналауымен «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясын, Қостанай облыстық қазақ драма театры А.Чеховтың режиссер Батырбек Шамбетовтың сахналауымен «Кішкентай адамның үлкен трагедиясы» қалжыңсыз комедиясын, Петропавл қазақ сазды драма театры Бранислав Нушичтің «Қарапайым адам» комедиясын режиссер Барзу Абдураззаковтың сахналауымен ұсынатынын айта кеткен жөн.
Міне, осылайша өнер тойы жалпыхалықтық мерекеге айналып, театр өнерін сүйетін қауым жарқын өнердің жақсылығымен жан жадыратпақ.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі.

Суреттерде: театр директоры Мұратбек Оспанов және театрдың алғашқы қойылымы – «Біржан сал мен Сара» спектаклінен көрініс.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ,
Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар