Қасиет толы жүрегі

Адамзат баласының ана алдындағы парызы ешқашан ештеңемен өтелмейді. Бүгінгі әңгімеміз Игілік ауылының тұрғыны, 13 құрсақ көтерген 82 жастағы әзиз ана Мағрифа Оспанқызы Жұмағұлова хақында өрбімекші.

Тағдырдың талайынан тайсалмай өтіп келе жатқан Мағрифа анамыз ерте жасында, шамамен 8-9 айлығында әке-шешеден жетім қалады. Оны әрі қарай марқұм ағасы Бияқ өз қамқорлығына алған. Әке-шешелері қайтыс болған уақытта Бияқ ағасының өзі 13 жаста екен. Иә, ата-бабаларымыз «13-те отау иесі» деп бекер айтпаса керек. Жетімдіктің ащы дәмін ерте татқан ол қалған бауырларына қамқор болу мақсатында сол кезде отау көтереді.
– Өзіме анамдай болған Нағима анам Зеренді ауданы Уголки елді мекенінде тұрып, 92 жастан асқанда қайтыс болды. Әке-шешеден жастай жетім қалған балаларды туыстары асырап алу мақсатында бөліп жатқанда, ағамның алғашқы жары Нағима анам 9 айлық мені таңдаған. Сол кезде оған қарсы болғандар да болыпты. «Кішкентай сәбиді қайтесің, естиярлау біреуін алмадың ба, көмекшің болады ғой» дегенде, Нағима ана: «жоқ мен осы баланы аламын», – деп табандылық танытқан екен.
–Міне, сол уақыттан бастан Бияқ ағам мен Нағима анамның отбасында тәрбиелендім ғой, – дейді бүгінде өзі де 80-нен асқан Мағрифа анамыз көзіне жас алып.
– Нағима анам бала көтермеген жан, мендей жетімді сәби шағымнан бауырына басып, мәпелеп өсіріп, қолынан ұзатты. Кейін осы себептен Бияқ ағам Сәлима апамызбен шаңырақ көтеріп, олардан Жақсылық, Айтым деген ұрпақтар тарады. Ал, менің өзіммен бірге туған Биақ ағамнан бөлек, Жанахмет, Нұрғали, Қайынжамал, Қайни, Бекежан атты бауырларым болды. Бірақ, олардың бәрі де қазіргі уақытта о дүниеге менен ертерек аттанып кетті, – деген әзиз анаға өткен шаққа оралудың өзі оңай болмаған сияқты. Десе де әңгімелескенді ұнататыны байқалып тұр.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мағрифа Оспанқызы Зеренді ауданының Жамантұз ауылында 1939 жылы 4 қаңтарда қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Оспан Ержанұлы осы Жамантұз ауылында туып, анасы Жәмила Бекенқызымен отбасын құрған. Солардан туған Мағрифа Жамантұз ауылында мектепте 4 сыныпқа дейін оқып, одан кейін Бияқ ағасының арқасында Көкшетауға орыс тіліндегі мектепке ауысады. Мектепте өте зерек болған ол 8 сыныпқа дейін білім алған. Одан әрі орта-кәсіптік оқу орнына түсіп оқығысы келсе де, тағдырдың жазуымен оқудан қолы үзіліп қалады. Сөйтіп, 1955-1956 жылдары тұрмысқа шығады. Өмірдің қиындығына төтеп беріп, бұралаңынан алып шығар тірегіндей болған жан жолдасы Сабыр ағамен отбасын құрады. Ол кісі Зеренді ауданы Игілік ауылында 1932 жылы 25 қыркүйекте дүниеге келген екен. Содан Жұмағұл ата мен Рабиға әжейдің қолына келін болып түседі. Өзінің айтуынша, Рабиға әжесі сондай келбетті, ажарлы, тазалықты сүйген, аппақ болып киініп жүретін көркем адам болған екен. Оның үстіне сондай айбатты, қайратты, қаталдау кісі болған дейді. Сол кісінің тәрбиесінде болып, ыстық-суықты бірге көрген әжесі о дүниеге аттанар кезінде Мағрифа анамызды жанына шақырып алып, артық кеткен жері болса, кешірім өтініп, батасын беріп кеткенін де сағынышпен бір еске алды.
Тағдырдың сынағы мұнымен тоқтаған ба? Атан жүкті көтерер арда азаматтарымыз сияқты, Мағрифа анамыз да отбасы, балалары үшін қандай қатал сынға да шыдап баққаны оның сөзінен аңғарылып-ақ тұрды.
…Бірде Мағрифа анамыз күндегі әдеті бойынша таңғы сағат алтыдан ауыл сыртындағы мал қорасына сиыр саууға барады. Қыс мезгілі болса керек, қатты жел көтеріліп, айнала түк көрінбейтін боран соғыпты. Содан әдеттегідей сиырларын сауып, жемшөбін қарап, сүтін тапсырып үйге қарай аяңдайды. Күннің қатты боран болғаны мен ештеңе көрінбегеніне қарамай үй жақты шамамен жорамалдап кете барады. Ауыл сыртындағы мал қорасы онша алыс емес, шамамен, 500-700 метрдей болса керек, алайда, үйіне жете алмайды. Содан біраз жүргеннен кейін анамыз өзі боранның әсерінен ығып кеткенін түсінеді. Бірақ, айнала аппақ, түк көрінбейтін ақ түтек боран, қай бағытқа жүру керек екенін де аңғармай қалады. Содан шамамен жорамалдап алға қарай адымдап, жүре береді, жүре береді. Қанша жүрсе де үйге жететін емес, бірақ неде болса, тоңбау үшін тоқтамай жүре беруге бел буады. Содан қанша жүргені белгісіз, жүре-жүре әбден қалжырайды. Сөйтіп, бір ықтау жерге тіреледі. Бұл өзі үйілген қар ма, әлде даладан қалған шөптің маясы ма белгісіз. Әйтеуір, сол жерге талықсып барып құлай кетеді. Сол-ақ екен күні бойы жүріп әбден қалжыраған көзі әп-сәтте ілініп кетеді. Қатты шаршағандықтан шығар ұйқы басады. Қанша жатқаны белгісіз, бір уақытта анамыздың бетінен марқұм Бияқ ағасы шапалақпен тартып жібергендей болады екен. Анамыз әп-сәтте есін жиып жан-жағына қараса ешкім жоқ. Бірақ, күн шамалы ашылған, қараса бір ауылға жақын, үйілген шөптің шетінде жатыр екен.
Ауыл адамдары да ғазиз ана күнделікті уақытта үйге оралмаған соң, іздестіру жұмыстарын жүргізіпті. Алайда, анамыз есін жиып, жан-жағына қараса, келіп қалған жері Баянбай ауылы екен. Бұл өз ауылынан шамамен 4-5 шақырым жол болса керек. «Содан сол жердің тұғындары көмекке келіп, кейін ауылға қарай жеткізіп салды ғой», – деп анамыз бір еске алды. Содан бері шамамен 19 сағаттай уақыт өтіпті. Бұл туралы әңгімеге араласқан ұлы Қоныс:
– Сол бір күндер біздің де еміс-еміс есімізде. Анамызды көріп барлығы қуанып, мәре-сәре болыпты. Соның ішінде марқұм нағашымыз Қабдірашид деген ағамыздың анамызды көргендегі қуанышында шек болмаған. Оның анамызды қолына көтеріп алып үйдің ішінде әрі-бері жүргені анамның есінде анық қалған. Соған өзі де керемет масаттанады. Егер анамыз сол жерде қатты ұйқыға кетіп қалғанда, онда суықтан қатып қалуы да мүмкін еді ғой. Бірақ, өзі де «Жаратқанның мейірімі түсіп сол кезде талықсып жатқан мені ұйқымнан оятқан жаратқан иеме алғысым шексіз, ғұмырым бар екен ғой» деп үнемі шүкірлік етіп отыратын анамызға мың мәрте тағзым етіп, анамды мақтан тұтамын, – дейді ол.
Мағрифа ана сол кездегі қиындықтардың салдарынан өзі де, жолдасы да оқи алмай қалса да, балаларына өнегелі білім беріп, солардың ержетіп, оқуларына мүмкіндік жасайды. Сөйтіп, ұлы Сүйіндік Отан алдындағы борышын Ауғанстан жерінде өтеп келгеннен кейін, Қарағанды қаласының мемлекеттік университетінің заң факультетін оқып бітіреді. Одан әрі бауырларының білім алып, қызмет жасап, аяқтарынан тұрып кетуіне себепкер болады. Осының бәрі балаларының болашағын ойлап отыратын әзиз ананың ақ батасының арқасы екені даусыз. Ананың қайсарлығы мұнымен де біткен жоқ. Ол балалары өсіп-өніп, өз алдарына отбасын құрып кетсе де соларды ойлап, толғанып жүретін.
Бірде ұлы Ақжарқынның үйіндегі келіні Ақмарал айы-күні жетіп, өмірге шекесі торсықтай Ақжол атты ұл баланы дүниеге әкеледі. Бұл Мағрифа ананың ұл баладан алғашқы немересі екен. Қуанышта шек жоқ. Содан не керек, Ақмарал келіні ауданның перзентханасында жатады. Сол сәт ана жүрегі бір нәрсені сезгендей, күнделікті күйбең тірліктен соң, келінді бір көріп қайтайын деген ой келеді. Алайда, қазіргідей жылдам хабар алғыза қоятын телефон жоқ. Сөйтіп, жолға шығады. Ол кезде аудан орталығына көліктер үздіксіз жүріп жатқан жаз айы. Сөйтіп, перзентханаға келсе, келінінің өңі бір түрлі болып, қуарып кеткенін көреді де дәрігерлермен сөйлеседі. Сонда дәрігерлер, сіздің келініңіз жалқау, жүрмейді жата береді дейді. Сол кезде әзиз ана: «жоқ олай болуы мүмкін емес, менің келінім жалқау емес, оны дұрыстап тексеріңдер» деп талап қояды. Дәрігерлер өз айтқандарынан қайтпай, себептерін алға тартып, жоқ бәрі дұрыс деп ешқандай әрекет етпейді. Ал, Мағрифа ана бұған келіспей перзентхананың меңгерушісіне барып өзінің талабын тағы қайталайды. Осылайша қайсар ананың талабымен келінін қайтадан тексеруге жібереді. Сөйтсе, босанғаннан кейін баланың серігі іште қалып қойып, шіри бастаған екен. Содан дәрігерлер дабыл қағып, шұғыл шаралар қолданып, дереу іштегі кінәратты алып тастап, тазалап, ем қолданған екен. Егер де бұл жағдайды Мағрифа ана сезбегенде жас ананың өмірін аман алып қалу екіталай болар еді-ау. Осы жағдайдан кейін перзентхана меңгерушісі Мағрифа анамызға өзі келіп, рахметін айтып кешірім сұраған екен.
Міне, ана жүрегінің балаға деген мейірімі мен олардың қиналғанын алыстан сезетін асыл қасиеті. Иә, бұл жалғанда ананың мейірімі мен аялы алақанына жетер не бар десеңші! Балалары есейіп, қанатын қағып ұядан ұшып, алыстап кетсе де, ана жүрегі әркез солар деп соғып, жаратқаннан амандық тілеп отырады.
Иә, жетімдікке де, қандай қиындыққа да мойымай тал бесіктен басталған тәрбиемен жалғасқан Мағрифа анамыздың тоқсанға аяқ басқандағы салиқалы өмірі балалары мен немере-шөберелерінің қызығын көру арқылы өнегемен өріліп барады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар