Онлайн-байқау вакцинацияға арналды

Қазіргі таңда елімізде болып жатқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты коронавирустық індеттен құтылудың жолы әрине, екпе алу.

Бұл тек республикамызда ғана емес сонымен қатар әлем бойынша ауқымды күрес. Қазақстанда вакцинация ерікті болып табылады.
«Эпидемияны ауыздықтау – оңай шаруа емес. Оның экономикаға және халықтың әл-ауқатына тигізетін салдарын барынша азайту – маңызды міндет. Біз жан-жақты ойластырылған және нақты шаралар қабылдауымыз керек», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында осыған да тоқталып кеткен болатын.
Осыған сәйкес, аталған індеттен тезірек арылу, халқымыздың тыныс-тіршілігін бұрынғы қалыпқа келтіру, еліміздің болашағы үшін дені сау ұрпақ тәрбиелеу және саналы ой қалыптастыру мақсатында Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығы «Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация бойынша үздік пост» атты онлайн-байқауын өткізді. Байқауға өңіріміздің кез-келген аудан, қала, ауылдарынан жасы 14 пен 29 аралығындағы жастар қатары қатысуға болатыны ескертілген болатын.
Инстаграм желісінде өткізілген іс-шарада облыс бойынша жалпы 60-қа жуық қатысушы бақ сынасты. Байқау ережесіне сәйкес, ең көп лүпіл, пікір жинаған және де жазылған пост ғаламтор желісінен көшірілмеген болса, ондай адам жеңімпаз атанады. Дәл осы ережені қатаң сақтай отырып, шараның жеңімпазы болып Көкшетау қаласының Ш.Уәлиханов атындағы университетінің ұстазы, волонтер Айжан Құсайынова анықталды. Ал, екінші жүлделі орынды Зеренді ауданынан қатысқан Әсем Кайкенова иеленді.
Онлайн-байқаудың нәтижесі айқындалғаннан кейін жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл арада мәселе коронавирусқа қарсы екпе алу туралы болып отырғандықтан, осы бір қажетті шараның маңыздылығы жазылған шығармаларда жан-жақты ескерілсе деп едік. Өз пайымдауымызша, жастар мұны түсінеді екен. Олай дейтініміз онлайн-байқауға бірсыпыра жастардың қатысуы және олардың вакцинациялауға деген оң көзқарасы көңілімізден шықты.
Осы байқауды өткізудің өзі біздің коронавирус сияқты аса қауіпті індетті ауыздықтау амалдарына қосқымыз келген азды-көпті үлесіміз деп білген жөн. Жастар ресурстық орталығы алдағы уақытта да індетпен күресте осындай оң қадамдарға жанашыр әрі тілекші бола беретіні сөзсіз. Өйткені, көп болып жұмылғанда ғана іс алға басатыны ежелден белгілі жай.
Жеңіс БАЛАБЕКОВ,
Ақмола облыстық жастар-ресурстық орталығының
баспасөз қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар