Індет әлі де бәсеңдейтін емес

Биылғы жаңа оқу жылы басталғалы облыс орталығындағы орта білім беретін мектептерде 79 оқушыдан коронавирус індеті зертханалық жолмен анықталып, 68 сынып қашықтықтан оқу форматына ауыстырылыпты.

Бұл туралы Көкшетау қаласының бас санитарлық дәрігері Қанат Ысқақов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады. Коронавирус жұқпасы әлем бойынша әлі де өршіп тұрғаны белгілі. Қазақстанда өткен тәулікте Covid-19 2411 адамнан ПТР арқылы анықталды. Инфекцияның таралу матрицасына сәйкес Ақмола облысы әлі де қызыл аймақта.
–Індет басталғалы облыс орталығында 12463 адамнан коронавирус зертханалық жолмен анықталды. Қыркүйек айында 856 оқиға тіркеліп, 79-ы балалар арасында анықталды. Соңғы тәулікте 67 жағдай зертханалық жолмен анықталса, 3 адам індеттің құрбаны болды. Көкшетау қаласында әзірленген төсек-орындардың жүктемесі 49 пайызды құрап отыр. Қазіргі уақытта стационарларда 199 адам ем қабылдауда, олардың 25-і реанимация бөлімдерінде. Ауырып жатқандардың 99 пайызы вакцина алмаған тұрғындар. Жаңа оқу жылы басталғалы қаладағы орта мектептерде білім алып жүрген 79 оқушының індет жұқтырғаны анықталды. Олардың 75-і штаттық, 4-еуі қашықтықтан білім алып жүрген. Осылайша 68 сынып карантинге жіберілді, –деді қаланың бас санитарлық дәрігері.
Вакцинация – індеттің алдын алудың басты қаруы. Қала тұрғындарына коронавирусқа қарсы екпе егу үшін 12 стационарлық екпе пункті мен 1 жылжымалы кешен жабдықталыпты. Қазіргі уақытта Сарыарқа шағын ауданында жылжымалы кешен тұрғындарға екпе егуде. Бұл жылжымалы нысан 1-1,5 апта осы шағын ауданда тұрса, кейін басқа аудандарға жылжып, сол аумақтың тұрғындарына қызмет ететін болады.
22 қыркүйектегі мәлімет бойынша қалада коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші бөлігімен 66744 адам қамтылыпты. Бұл екпе алуға денсаулығы жарамды адамдардың 56 пайызын құрайды.
Брифинг барасында шаһардың бас санитарлық дәрігері «Ashyq» қосымшасының пайдасы мен карантиндік ережелерді бұзып жүргендердің аталмыш қосымша арқылы көптеп анықталып жатқандығы туралы айтып берді. Мәселен, қаладағы 80-нен аса кәсіпкер «Ashyq»-ты пайдалануда. Осы қосымша орнатылған қоғамдық орындарға барған 690 адамның карантиндік оқшаулау тәртібін бұзушылар екендігі анықталыпты. Олардың 553-і қызыл, 157-і сары мәртебесімен көпшілік орындарда жүрген. Бұлайша, талап бұзғандарға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салыныпты. Көкшетау қаласының бас санитарлық дәрігері брифингте мониторингтік топтардың жұмысы туралы айта келіп, шаһар тұрғындарын карантиндік талап-ережелерге бағынып, сақтық шараларын сақтауға шақырды. Әсіресе, көпшілік орындарға маска тағып бару қажеттігін ескертті.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар