Зейнетақы және жәрдемақы төлемдері кідіріссіз төленуде

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаменті басшысының орынбасары Нәзипа Сәлімгереева «Қазақстан-2050» Стратегиясы.Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік» тақырыбында журналистермен брифинг өткізді. Департамент қызметі ең алдымен, әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыруға және халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауға бағытталған.

Мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыру екенін айтқан Нәзипа Ербатырқызы бүгінгі таңда Ақмола облысында 111 444
адам қарттық бойынша зейнетақы алушылар, 109 594 адам базалық зейнетақы төлемдерін алушылар екенін жеткізді. Ал, 27 882 адам мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алса, олардың 20 829-ы мүгедектікке байланысты және 7053 адам асыраушысынан айырылған жандар. Сондай-ақ, бірінші және екінші тізім бойынша зиянды және ауыр еңбек жағдайында жұмыс істеген жәрдемақы алушылар саны 152 адам болса, мемлекеттік арнаулы жәрдемақы алушылар 10 751 адам, мүгедек бала күтімі бойынша 2880 адам. Бала кезінен бірінші топтағы кәмелеттік жастағы мүгедектерге күтім жасайтын 731 адам да арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылар болып табылады.
Республикалық бюджеттен Ақмола облысына зейнетақы мен айлық қажеттілікке байланысты жәрдемақы төлеу
13 миллиард теңгеден асқан. Барлық төлемдерді тағайындау мемлекеттік қызметтер аясында жүзеге асырылады. Олар зейнетақы төлемдерін электронды түрде тағайындаудың автоматтандырылған ақпараттық жүйесі және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы қамтамасыз етілген, олардың сегізін «электронды үкімет» веб-порталы арқылы алуға болады.
Хабарламашының айтуынша, ынтымақтастық зейнетақысының мөлшері біртіндеп азаяды, өйткені, оны тағайындау бойынша еңбек өтілі 1998 жылы 1 қаңтарға дейін, яғни, Қазақстанда жинақталған зейнетақы жүйесі енгізілгенге дейін ғана ескеріледі екен. Жасына байланысты зейнеткерлікке шығатын адамдар бұл күні қажетті толық жұмыс тәжірибесіне ие бола алмайды. Мысалы, биыл 1958 жылы туған ерлер мен 1961 жылы туған әйелдер зейнеткерлікке шығады. Егер олар еңбек қызметін 18 жасында бастаған болса, 1998 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ер адамның еңбек өтілі 25 жылға, ал, әйелдерде 20 жылға жетпейді.
Егер 2005 жылдан бастап енгізілген және барлығына бірдей мөлшерде тағайындалған базалық зейнетақы болса, онда 2018 жылдың шілдесінен оның мөлшері зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілін ескере отырып, әрбір алушыға жеке белгіленген.
Мемлекеттік жәрдемақылар туғаннан қартайғанға дейін Қазақстан Республикасының барлық тұрғындарын қамтиды. Мәселен, бала дүниеге келген кезде оны бір жылға дейін күту үшін 110 846 теңге біржолғы жәрдемақының мөлшері төленеді. Бірінші балаға бір жылға дейінгі күтімі бойынша жәрдемақы –
16 802 теңге, екінші балаға – 19 865, үшінші балаға – 22 899 теңге, төртінші балаға – 25 962 теңге.
Кәмелетке толмаған төрт немесе одан да көп балалары бар көп балалы отбасыларға, оның ішінде 23 жасқа толған соң білім беру ұйымдарында оқитындарға республикалық бюджеттен ай сайынғы жәрдемақы төленеді. 4 баласы бар отбасыларға жәрдемақы мөлшері 46 760 теңге, 5 және 6 балалыларға 70 154 теңге, 7 балаға 81 852 теңге, 8 балаға және одан да көп балаларға
4 айлық есептік көрсеткішпен белгіленеді. Осылайша 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 9 489 отбасы жәрдемақы алушылар болып табылады.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқасымен, сондай-ақ, бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға 18 669 теңге мөлшерінде ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Ақмола облысы бо-
йынша мұндай жәрдемақы алатын 6 366 ана бар.
Еңбекке жарамды халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша түрі – бұл әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдер. Бұл төлемдер алты әлеуметтік тәуекелділік жағдайы туындаған кезде жүзеге асырылады. Олар адам еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда, яғни, мүгедектігі белгіленсе, асыраушысынан айырылған жағдайда, жұмысынан айырылған жағдайда, жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда, жаңа туған баланы асырап алу мен бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты беріледі.
Өз мәлімдемесінің соңында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген Нәзипа Ербатырқызы, республикалық бюджеттен барлық әлеуметтік төлемдер уақытылы және толық көлемде жүзеге асырылатынын атап өтті.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар