Целиноградтықтар егін орағын аяқтап шықты

Целиноград ауданының диқандары биылғы орақ науқанын дер шағында аяқтады. Жалпы, егістік алқабының көлемі 253070 гектар болса, оның ішінде дәнді дақылдар алқабы – 219791,4 гектарға, майлы дақылдар – 16889,2 гектарға орналастырылған болатын.

Аудан шаруашылықтары үшін биылғы жаз түрлі қиындықтар әкелді. Сондықтан, егістіктің түсімі де әркелкі болып отыр.
«Ақтық» агрофирмасының бидай алқабы 18 мың гектарды құрайды. Өнімділік 13,3 центнерден айналды. Арпаның түсімі бұдан жоғары – 17,2 центнер. «Родина» ЖШС-да бидайдың түсімі 14 центнерді құраса, арпаның әрбір гектары – 18,6 центнерден айналды. Қуаңшылықтың жолын әрқашанда агротехникалық шаралардың бөгейтіні белгілі. Сондай қадамға барған «Есенжол-Н» серіктестігінде астықтың өнімділігі 12,3 центнерді құрады. «Мәншүк-АЭ» ЖШС-да бұл цифрлық көрсеткіш – 7,6 центнер. «Новоишимка» диқандары айтарлықтай жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Мұндағы бидай өнімділігі гектарынан 10,0 центнер, арпа 16,7 центнерден айналды. «Бай Жер» агрофирмасының көрсеткіштері бидай бойынша 10,3 центнер, арпаны оруда 13,7 центнерге жеткен.
Биылғы орақ науқанына жалпы аудан бойынша 545 астық комбайндары, 104 жоғары өнімді шетелдік техника, сондай-ақ астық тасуға 94 тіркемелі тракторлар,118 автопоездар жұмылдырылды.
Жалпы, диқандар қауымын ынталандыру мақсатында іргелі шаруашылық ұжымдары жақсы нәтижелерге қол жеткізген бригадаларға, әсіресе, механизаторларға көп қолдау шараларын жасай білді. Науқан жүріп жатқан кезде егіс басында оларға жасалған құрмет шын мәнінде өте әсерлі болды. Солардың арасында «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамының игі мақсаттағы жұмыстары ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Алғыс хатпен қатар сыйақы, еңбек тулары мынадай озат еңбеккерлерге берілгенінің куәсі болған едік. Мысалы, астық бастыруда алға озған Елдар Смағұлов, Денис Сидорский, Еркебұлан Баймағамбетов көпшіліктің алдында зор қошеметке ие болды. Алқап басынан қырманға астық тасуда Керім Ілиясов, Анатолий Шишкин озат атанды. Аудан диқандарына облыс үлесінен арзандатылған 4 мың тоннаға жуық жанар-жағар май бөлінді. Бұл биылғы күзгі орақ науқанын уақытында аяқтауға мүмкіндік берді.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
арнайы «Арқа ажары» газеті үшін.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар