Ардагерлер – елдің сыйлысы, қоғамның үлгі-ұйытқысы

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл біздің қоғамда ең бір атаулы да маңызды мерекелердің бірі болып саналады. Елімізде қарт адамдар мерекесі бір айға созылады. Бұл ардагерлер ұйымдарында едәуір уақыттан бері берік қалыптасқан, тіршілігімізден өз орнын алған айтулы мереке. Қанатын кеңге жайған тамаша дәстүр эпидемиологиялық жағдайдың қиындығына қарамастан, міне, биыл да өзінің абыройлы жалғасын тауып отыр.

Халқымыздың рухани құндылықтарының ішінде жасы ұлғайғандарды құрметтеу, олардың өнегелі өмірінен тәлім алу тарихи тұрғыда қалыптасқан берік дәстүр. Атадан балаға мирас болып, сан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан осы салт халықтың береке-бірлігін сақтап, адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, ынтымақпен ұйысып, ел болуға оң ықпал ететін құндылық екені аян.

Осының айқын айғағындай жыл айналып келген 1 қазан – Халықаралық қарттар күні биыл да біздің ардагерлеріміздің жанын жылытып, көңілдеріне шуақ сыйлап отыр. Мұның ресми негізі – Ақмола облысының әкімі Е.Б.Маржықпаевтың 2021 жылдың 15 қыркүйегінде қабылдаған «Ақмола облысында қарт адамдар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығын өткізу туралы» № А-9/462 қаулы және соған сәйкес бекітілген іс-шаралар жоспары. Аудан, қала әкімдері де осындай тиісті шешімдер қабылдады.
Бүгінде облыс әкімшілігі, облыстық ардагерлер ұйымдарының тарапынан қарттардың тұрмысына, тыныс-тіршілігіне, әлеуметтік жағдайына аса мән беріп, жан-жақты қолдау мен қамқорлық жасауда. Өйткені, әрбір жасы ұлғайған зейнеткердің өмірін лайықты ету тәуелсіз еліміздің басым бағыттарының бірі болып келеді. Отанымыздың өсіп-өркендеуіне, әл-ауқатының артуына, тұрмыс-салтының жаңғырып, жастардың өсуіне аяулы да ардақты қарттарымыздың қосып отырған үлестерін мақтаныш сезіммен ауыз толтырып айтуға болады. Бар саналы ғұмырын еселі еңбекке арнаған қарияларымыздың өмір жолы бүгінгі ұрпаққа таусылмас қазына, әрі үлгі-өнеге болып табылады.
Дана халқымыз «Қарттарын қадірлеген ел озады» деп бекерге айтпаса керек. Өнегелі ісімен, бай тәжірибесімен, ұрпаққа айтар ақылымен де кейінгі толқынды дұрыс жолға бағыттайтын ардагерлер қауымына деген сый-құрмет ешқашан тоқтамауы тиіс. Өйткені, қарияларымыздың үлгісі мен өнегесі тәлім-тәрбиенің бастауы.
Халықаралық қарттар айлығында ең алдымен, аз қамтамасыз етілген қарт адамдар, жалғызілікті зейнеткерлер мен қарт мүгедектер құрметке бөленеді.
Осы айлық қарсаңында бірқатар ақпарат құралдарында, ютуб, ватсап жүйелерінде барлық кәсіпкерлерге, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларына, ардагер ұйымдарымен бірлесіп зейнеткерлер мен мүгедектерге, жалғызбасты қарияларға қайырымдылық көмек көрсету туралы тың бастамалар көтерілді. Бұл бастамаға әртүрлі деңгейдегі билік өкілдері, басқа да әлеуметтік қызметтер, сондай-ақ, бизнес қоғамдастықтары, еңбек ұжымдары және қоғамдық ұйымдар қызу үн қосты. Олар облыстың 111 мыңнан астам аға ұрпақ өкілдеріне қамқорлық танытып, қолқабыс жасауға жете көңіл бөліп отыр. Бұл әрине, қуантарлық жай.
Жергілікті жерлерде әкімдіктер, кәсіпкерлер мен еңбек ұжымдары карантин талаптарын сақтай отырып ардагерлер үшін салтанатты жиналыстар ұйымдастыру, құрмет көрсету және мерекелік дастархан жаю салттарын жандандыруда.
Бүгінгі таңда облыстық ардагерлер ұйымының құрамында 111 мыңнан астам зейнеткерлерді біріктіретін 849 бастауыш ардагерлер ұйымы, 2 қалалық және 17 аудандық ардагерлер кеңесі, 18 Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер, бір мыңға тарта соғысқа қатысушыларға теңестірілгендер, 3 175 тыл еңбеккерлері, 730-дай Ауған соғысына қатысқандар, 55 Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысушылар бар.
Мәселен былтырғы жылы облыс әкімінің қабылдаған арнайы қаулысына сәйкес облыс бойынша соғыс және еңбек ардагерлеріне, мұқтаж адамдарға айлық шеңберінде 482,904 миллион теңгенің көмегі көрсетілді, бұл оның алдындағы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 36,1 миллион теңгеге артық.
Облыс көлеміндегі ардагерлер ұйымдарының жұмысы жүйелі, жоспарлы түрде жүргізілетінін, олар жергілікті атқарушы органдардың ұдайы назарында болатынын атап айтқан орынды. Биылғы жылы да пандемия қиыншылықтарынан туындаған күрделі жағдайға қарамастан, ардагерлердің құқығын қорғау, оларға қызмет көресту, жан-жақты қолдау, тегін дәрі-дәрмек алуды ұйымдастыру, басқа да назар аударатын көкейтесті мәселелерді шешу мақсатында жұмыстың сан түрлі формалары мен тәсілдері қолданылды.
Мұның бәрі осынау қиын-қыстау кезеңде қарияларды өздерінің күнделікті өзекжарды мәселелерімен жеке қалдырмай, тұрақты түрде назарда ұстауға тірек болды. Қолдан келгенше жергілікті жерлердегі өкілдеріміз арқылы аудан басшыларымен, әлеуметтік қызмет көрсету салаларының қызметкерлерімен, денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларымен тікелей байланыс жасап, ауру-сырқауға душар болған қарияларға көмек көрсетуде нақты іс-қимыл танытудамыз.
Біздің қызметіміздің басты ұраны «Бірде-бір ардагер назардан тыс қалмайды» бағытын ұстана отырып, айлық кезеңіне белгіленген шараларды өткізу барысында қарт адамдарды барынша толығымен қамту болып табылады. Індеттің жағдайының қиыншылықтарына қарамастан өткен мерзім ішінде облыстың арадагерлер ұйымдары аудандық, қалалық, ауылдық әкімдіктермен бірлесе отырып, 1 522 қоғамдық шараларды өткізді, оның ішінде 209 «Дөңгелек үстелдер», конференциялар мен кездесулер ұйымдастырылды, 183 «Қайырымдылық сенбіліктері», 79 әлеуметтік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, медицина мекемелерінде 239 «Ашық есік күндері», 824 концерт, 170-тен астам спорттық шаралар, 29 мыңнан астам мерекелік дастархан ұйымдастырылды, 13 332 зейнеткердің тегін және жеңілдетілген бағамен дәрі-дәрмекпен, 1 300 зейнеткердің газет және журналдарға жазылуын қамтамасыз етті. 1 317 адам шипайжай-сауықтыру мекемелерінде денсаулықтарын түзеді.
Сол сияқты 63 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді, 67 адамға коммуналдық қызмет көмегі көрсетіліп, 13 460 адамға тегін немесе жеңілдетілген бағамен дәрі-дәрмектер әперілді, 31 430 қарт адамдар мен мүгедектер азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілді, 542 қариялар мен мүгедектерге БАҚ-на тегін жазылу жүзеге асырылды, 231 ардагерге шипажайлар мен сауықтыру орталықтарына тегін жолдама, 562 адамға мерекелік түскі ас берілді, 52 891 адамға қаржылай көмек және басқа да жәрдем түрлері көрсетілді.
Мәселен, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі әкімдікпен, кәсіпорындармен, бизнес-қоғамдастықтармен, халыққа әлеуметтік қызмет көрсету басқармаларымен бірлесіп, жасы ұлғайған қарт адамдарға тегін медициналық көмек көрсету, қаржылай көмек жасау, дастархан жайып, ас беру, концерттер ұйымдастыру шараларын жүзеге асырды.
Медицина мекемелерінен қалалық кеңеске қарт адамдардың денсаулықтарын тексеріп, кеңес беру үшін дәрігерлер шақыртылып, «Ашық есік күндері» өткізілді. Сондай-ақ, айлық шеңберінде білім мекемелерінде және мектептерде «Қарт адамдар күні» өткізіліп, «Біз алтын жасты мақтаймыз», «Кәрілікті сыйлау – болашаққа көз тігу», «Менің әжемнің суреті», «Қариялар – ақылшы даналар» тақырыптарында жас жеткіншектермен кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, айлық барысында қаладағы еріктілер қоғамының мүшелері «Жалғызбастылық қарттарға жараспайды», «Ардагерлерге күздің гүл шоқтары» акцияларын ұйымдастырып, «Жайлау» шағын ауданының 12 жалғызбасты қариясына, көмекке мұқтаж адамдарына қолқабыс жасап, гүл шоқтарын ұсынды.
Көкшетау, Степногорск қалаларының, Зеренді, Есіл, Жарқайың, Целиноград, Аршалы, Қорғалжын аудандарының сауда нүктелерінде халықтың тұрмысы төмен топтары үшін арнайы әлеуметтік сөрелер ашылды. Бурабай, Ерейментау, Біржан сал, Шортанды, Бұланды аудандарында тұрмыс деңгейі төмен отбасылары арзан бағалы отынмен қамтамасыз етіледі.
Мәселен, өткен жылдың Қарттар айлығында Көкшетау қаласында 238 кәсіпорын мен бизнес құрылымы ардагерлерге 263 миллион теңгенің әлеуметтік қолдауын көрсетті. Пандемияға дейін ардагерлерді әкімдіктерге, кәсіпорындарға, мәдениет үйлеріне, кітапханаларға, басқа да ұйымдардың ұжымдарына шақырып, сыйлықтар тапсырып, дастархан жайылатын және концерттік бағдарламалар ұйымдастырылатын, ал, енді былтырғы жылы бұл шаралардың барлығы мекен-жайларына жеке-жеке кездесулер жасау арқылы жүзеге асырылды. Мүгедектерге, әл-ауқаты төмен ардагерлерге қаржылай көмек көрсетілді. Бұл ретте студенттерден, мектеп оқушыларынан жасақталған еріктілер қоғамдарының атқарған істері ауқымды. Олар қариялардың үйлеріне барып, дәрі-дәрмектер, азық-түлік жеткізіп беруге қолқабыс жасады, отын-суларын әкеліп, үйлерін, қора-қопсыларын жинауға көмектесті. 2000 отбасыларына қала ұжымдарының есебінен азық-түлік және ақшалай көмек көрсетілді.
Аудандық ардагерлер кеңестері жергілікті атқару органдарына сүйене отырып, қарттар мен мүгедектердің мұқтаждықтарын қанағаттандырумен тек айлық кезінде ғана емес, жыл бойы айналысады. Степногорск қаласында, Ақкөл, Целиноград, Есіл, Сандықтау, Біржан сал, Бурабай аудандарында кәсіпорындар есебінен ұйымдастырылған әлеуметтік үйлер жүйелі жұмыс істеп келеді, олардың қатары басқа аудандарда да жылдан-жылға толығуда.
Аудандарда, қалаларда барлық меншік түріндегі еңбек ұжымдарында, мекемелер мен ұйымдарда зейнетке шыққан егде адамдармен кездесулер өткізу игі дәстүрге айналған. Сол күндері оларға нағыз мейрам ұйымдастырылып, ардагерлер мен мүгедектерге құрмет көрсетіліп, концерттік бағдарламалар, түрлі қайырымдылық акциялар жүзеге асырылады. Шаруашылықтар ауылдық жерлерде мерекелік дастархандарын жайып, азық-түлік жиынтықтарын үлестіреді. Егде адамдарға отын, көмір, дәрі-дәрмек алуға, пәтерлерін жөндеуге ақшалай көмек жасап, тұрмысқа қажетті бұйымдар мен киім-кешектер табыс етеді. Тауар өндірушілердің белсенді қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің арзандатылған жәрмеңкелері өткізіледі. Зейнетақысы төмендерге, мүгедектерге бір реттік ақшалай жәрдем көрсетіледі.
Айлық кезінде тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелердің, аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің, бастауыш ардагерлер ұйымдарының белсенділігі ерекше артатыны белгілі. Өйткені, біздің басты мақсатымыз – аға ұрпақ өкілдерін әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыдан қорғау, олардың өмірлік белсенділігін арттыру.
Аға буын ешқашан қоғамдық-саяси оқиғалардан тыс қалған емес. Өздерінің бай өмірлік тәжірибелеріне, білімдеріне, күш-қуаттарына, ақыл-ойларына сүйене отырып, мемлекетіміздің дамып көркеюіне ат салысып келеді. Сол елеулі шаралардың бірі – Ұлы Отан соғысының 76 жылдық торқалы тойы. Бүкілхалықтық маңызы бар мерекені лайықты қарсы алу мақсатында арнайы шаралар белгіленіп, онда облыс, аудандар мен қалалардың ардагерлер кеңестерінде, олардың бастауыш ұйымдарында Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай, соғысқа қатысушыларға көмек көрсету, кездесулер өткізу, жастарға патриоттық тәрбие беруді күшейтуге ден қойылды. Бірақ, облыс көлемінде індеттің белең алуына байланысты бұл шаралардың басым көпшілігі онлайн режимінде өткізілді.
Қызыл ізшілердің көмегімен Ұлы Отан соғысында қаза тауып, белгісіз болып келген жауынгерлердің зираттарын іздеу, анықтау, опат болған майдангерлердің сүйектерін елге әкеліп қайта жерлеу жұмыстары ұдайы өз жалғасын тауып келеді. Із-түссіз жоғалып, бейіттері табылған жауынгер жерлестеріміздің туған-туыстарына қаржылай көмек көрсетіліп, олардың жақындары табылған қалаларға барып қайтуға қолқабыс жасалды.
Бір ғана дәлел ретінде Ленинградты қорғауға қатысқан жерлесіміз, 1943 жылы ғайып болып, 2018 жылдың 3 мамырында Ленинград облысының орманында табылған Жақсы ауданындағы Терісаққан ауылының азаматы Кенжебек Болтаевты, Новгород облысының Старая Русса қаласының түбінде табылған Сандықтау ауданындағы Ұлан ауылының азаматы Кирилл Семенович Демченконы қайта жерлеу рәсімдері бұқара халықтың қатысуымен өткізілді. Сол сияқты, Бұланды ауданының Тастыөзек ауылында 1942 жылы қаза тапқан жауынгер-жерлесіміз Иван Петрович Гвоздевтің және Целиноград ауданына қарасты Жалғызқұдық ауылында Калуга облысынан жеткізілген жауынгер-жерлесіміз Тәжібаевты қайта жерлеу рәсімдері абыроймен атқарылды. Ол рәсімдерге бүкіл аудан, ауыл тұрғындары қатысты.
Ағымдағы жылы облысымыздың барлық бастауыш, аудандық және қалалық ардагерлер ұйымдарында Х-шы облыстық есеп беру-сайлау конференциялары елімізді жайлаған індетке байланысты алғаш рет онлайн режимінде өтті. Оның өзіндік ерекшеліктері бар екені байқалды. Бұл ардагерлер өміріндегі атап айтар елеулі оқиға. Есепті мерзімде атқарылған жұмыстар жан-жақты сараланып, конференция делегаттары өз бағасын берді. Негізінен, есеп беру-сайлау жиналыстары мен конференциялар барлық ардагерлер ұйымдарында ұйымшылдықпен ойдағыдай өткізілді.
Үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі қазақ халқының ежелден келе жатқан ата салты. Өмір жолын еліміздің гүлденуі мен дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету – бүгінгі жас буынның басты парызы. Осы бағытта көмекке мұқтаж қарттарымызды ел болып қамқорлыққа алайық, қарттарға қоғам болып қолдау білдірейік, жұмыла қимылдап, елдігімізді көрсетіп, ардагерлерімізді ардақтауға атсалысайық дегіміз келеді.
Өткен жылдардағы тәжірибеге сүйене отырып, облыстық ардагерлер кеңесі, аудандар мен қалалардың ардагерлер ұйымдары биылғы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл толатын мерекелі жылы да Қарттар айлығында көптеген көңіл қуантарлық шараларды жүзеге асырмақ.
Жасы ұлғайған адамдарға ең керегі – ардагерлер ұйымы мен билік органдары тарапынан айтылатын жылы сөз, олардың еңбектерін қоғамның мойындауы, сыйластық көзқарас, сенімді қарым-қатынас. Сондықтан, айлық аясында осы мәселелерге басты назар аударған абзал. Ардагерлер ұйымдары, біздің барлық белсенділеріміз осынау жауапты кезеңді ойдағыдай өткізуге бар күш-жігерлерін салады, қарттарға нақты моральдық және материалдық көмек пен қолдау көрсетеді деген сенімдеміз.
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар