Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаны жайсаң Жанмұраттың жарқын жолдары - АРҚА АЖАРЫ

Жаны жайсаң Жанмұраттың жарқын жолдары

Жайсаң жүрек Жанмұрат Жанайдаров туралы тоқтамай көп айтуға болады. Қаз МУ-ға түскен 1970 жылдың алғашқы күндері-ақ, оныншы кластан кеше келген біздер сияқты емес, жан-жағын үйіріп алар еті тірі елпілдектігін көрсеткен. Бәрімізбен баяғыдан таныс адамдай жарқылдай келіп ішке тартады. Әр өңірдің еркетотайындай кластастарым, тіпті «стажниктердің» өзі оның жанынан шықпауға айналдық. Ойпырмау, ол кезде бәріміздің тау қопарарлықтай қайратымыз, ертең-бүрсікүндері үлкен қаламгер бола қаларлық қиястау мінезіміз бар.

Соған қарамастан, осыған жақындаумыз. Жүріс-тұрысын көрсеңіз, табанынан «от шығады». «Орион» деген балама ат өз-өзінен қойылды. Міне, 50 жылдан асып барады, Жанмұрат кең әрі жағымды мағынадағы сол «кличкасын» төмендетіп көрген жоқ.
Кім ұсынғанын білмеймін, бәлкім «жоғарыдан» нұсқау болды ма екен, Жанмұрат курсымыздың кәсіподақ ұйымының төрағалығына сайланды. «Қарсы», «қалыс» қалған ешкім жоқ. Бізде оқу жақсы, тәртіп жағы, ашығын айтсақ, онша емес. Алғашқыда біраз бұрқылдағаны бар, көп ұзамай «өз адамымызға» айналды. «Оны-мұнымыз» сыртқа шықпайды. Бірақ, принципшіл екен. Өзінікі дегенде мық шегедей қатып қалады. Сөйтсек, бізбен қатарлас жігіт «үлкен өмір мектебінен» өткен болып шықты.
Сол жылдардың үрдісімен Көкшетаудың Көктерек, Қарашілік, Қызылегіс ауылдарының мектептерінде білім алып, 1968 жылы оқуды бітірген Жанмұрат ауылында бір жыл мал баққан. Қарап жүрмей, хабар-ошар, шымшыма мақалалары Зеренді ауданық «Коммунизм таңы» газетінде жарияланып тұрыпты. Келесі жылы Алматыға келіп, №20 құрылыс-монтаж басқармасында арматуршы мамандығы курсын бітірген. Оңтүстік астананың анау мектебін, мынау тұрғын үйін салуға атсалысқанына екпін түсіре әңгімелейтіні сондықтан.
Сабағына да мығым болды. Сынақтар мен емтихандарға алдымен қойып кетіп, кемінде «төрттік» баға алып шығады. Әсіресе, «Қазақ сатирасы және фельетон», «Саяси экономика» пәндері, «Военка», «Машинапись», «Фото ісі» дейтін оқуларда белсенділігі артып тұрады. Мінездерінің сәйкестігі ме, әйтеуір, біз айналып өтуге тырысатын атақты сатирашы профессор Темірбек Қожакеев ағамыз ол дегенде жібіп тұрады. Екеуміз осы декан ағамыздың жетекшілігімен диплом қорғадық. Мен «Баспасөзге шолу», ол «Бейімбет Майлин шығармаларындағы Чехов іздері» деген тақырыпты қаузадық. Үздік бағаны еншіледік. Бұл біздің ҚазМУ-де бес жыл оқығандағы ең жоғары бағамыз еді.
Жанмұрат университет жолдамасымен 1970 жылы Көкшетау облыстық телерадиокомитетіне қызметке орналасты. Еліне ҚазМУ-дің химия факультетін бітірген қызылордалық ару қыз Раямен қол ұстасып келді. Комитет басшысы Әуез Өтеев Жанмұратқа жастар редакциясын сеніп тапсырды. Он жыл бойы ол дайындаған сан алуан мазмұндағы радиохабарлары тыңдарман қауымның құлақ құрышын қандырды десе де болады.
Тәжірибесі толысқан журналист Жанмұрат Жанайдаров 1985 жылы Солтүстік Қазақстан және Көкшетау облыстары бойынша республикалық қазақ радиосының меншікті тілшісі болып тағайындалды. Бұрын бұл өлкелерден хабарлар мен материалдар тек орыс тілінде берілетін. Міндет салмағын сезінген әріптесіміз осынау олқылықтың орнын толтыру үшін уақытпен санаспай еңбек етті. Репортерін арқалап, тыным таппады. Терең мазмұнға әрі радио қызметінің ерекшеліктеріне сай дайындаған хабарлары әуе толқынын жаулап алды десек, Жанмұратты білетіндер бұл бағамның артық еместігін мойындайтыны анық. Оның еңбекқорлық қасиеті басшылар тарапынан еленіп, тілшілер қосынына арнайы көлік бөлінді. Мұндай қамқорлық меншікті тілшіні одан сайын қанаттандыра түсті.
Білікті журналист 2003 жылы «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының ұйғарымымен Ақмола облысы бойынша меншікті тілші қызметіне бекітілді. Енді оған электронды ақпараттар дайындау міндеті жүктелді. Көкшетаудағы тілшілер қосыны тиісті құралдармен жабдықталып, интернет желісін пайдалануға қолайлы жағдай жасалды. Жұмыс ырғағы сағат тіліндей тоқтаусыз жүріп тұрғанын қалың жұртшылық және «Егемен Қазақстан» газетінің осы өңірдегі меншікті тілшісі қызметін 25 жыл атқарған мен де Жанмұраттың эфирдегі саңқылдаған даусынан-ақ білетінбіз.
Белгілі журналист Жанмұрат Жанайдаровтың баспасөз саласындағы еселі еңбегі әділ бағаланумен келеді. Ол облыстық радиода «Көкше шұғыласы» радиожурналын мазмұнды жүргізгені үшін Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен, белсенді қызметі үшін Қазақ радиосының 50 жылдығына орай Қазақ КСР Телевизия және радиохабарлары жөніндегі мемлекеттік комитеттің мерекелік Құрмет грамотасымен, Қазақстан Журналистер одағының Алғыс хатымен, облыс әкімінің «Алтын қалам» байқауының жүлдесімен бірнеше қайтара марапатталды. Оның омырауында «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі, «ҚР Ақпарат саласының үздігі» және басқа кәсіби төсбелгілер жарқырайды.
Осы орайда, бұқаралық ақпарат құралдарының меншікті тілшісі болудың жауапкершілігі мен абыройының салмақты екендігін айта кеткен жөн. Туа біткен репортер Жанайдаров өлкеміздің қазақ мақтан тұтар азаматтарының басым бөлігін радиоэфирге шығарды. Көкшетаудың әуежайында КСРО басшысы, СОКП Бас хатшысы М.Горбачевтен шағын сұхбат алғанын білеміз. Жалпы, оқуды 1975 жылы бітірген біздің курстастарымыз қазақ баспасөзінің барлық саласында ерекше еңбегімен республикамызға кеңінен таныс десек аса қателесе қоймаспыз. Ал, Қазақ радиосына қатысты айтсақ, бұл маңызды істе Жанмұратпен бірге Кәрім Бақриденов, Бақыт Шырынбековтер де абыройлы қызмет атқарғаны баршамызды мерейлендіреді.
Жаны жайсаң Жанмұрат Жанайдаров қазіргі күні қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Ол жас буын әріптестері арасында да абыройлы.
Өнегелі отбасының иесі Жанмұрат жары Рая Құсайынқызымен бірге Ерлан, Медет, ГауҺар есімді балаларын үлгілі тәрбиелеп, жоғары білім алуына қамқорлық жасады. Бүгінгі күні Ерлан білікті заңгер, Медет Астанадағы «Қазмұнайгаз» акционерлік қоғамында, ГауҺар да елордадағы бағдарламалық жоспарлау мекемесінде қызмет атқаруда. Бақытты ата-әже немерелерінің гүл құшағында.
Бақберген Амалбек,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар