Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Халықаралық қарттар күніне орай өткен салтанатты жиынға қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан қазыналы қарттарымызға құрмет көрсетті.
Елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде үзілмей аталып өтіп келе жатқан қарттар айлығы 1 қазан – Халықаралық қарттар күнінен бастау алады. Облыс ардагерлерімен өткен кездесуде Ермек Маржықпаев аға ұрпақ өкілдеріне ел дамуына қосқан елеулі еңбектері үшін алғысын білдіріп, ақ жарма тілегін жеткізді.
–Биылғы жыл бәріміз үшін айтулы жыл. Ел тәуелсіздігінің 30 жылында жеткен елеулі табыстарымыз Сіздердің де қажырлы еңбектеріңіз бен бізге жол көрсетіп, жөн сілтеген ақыл-кеңестеріңіздің арқасы. Сіздердің ақ тілеулі баталарыңызбен еліміз гүлдеп, көркейіп келеді, – дей келе, аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық жетістіктері мен кейбір келелі мәселелер жайында әңгімелеп, жиналған қауымды қарттар күнімен құттықтады. Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтарға ие болған ардагерлер арасында Көкшетау қаласының құрметті азаматтары Болат Жанәділов, Айдар Мурзин, Зура Шуатаева, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Қазақстанның Халық әртісі Жібек Бағысова, еңбек ардагері Мұрат Ыдырысов және қалалық, аудандық ардагерлер ұйымдарының төрағалары болды.
Ардагерлер өз кезегінде облыстың дамуына көңілдері толатындықтарын айтып, облыс әкіміне өздеріне, жалпы, облыстың ардагерлеріне көрсетіп жатқан сый-құрметі үшін алғыстарын жеткізді.
–Үлкенге құрмет көрсетіп, бас иген халықпыз ғой. Сондықтан, игі дәстүрден аттамай, ілтипат жасап жатқаныңызға ризамыз, –деді бұл орайда Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек Данияров.