Облыс әкімі Ермек Маржықпаев «Болашақ» сарайында Мұғалім күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға қатысып, өңірдің білім беру саласына елеулі еңбек сіңірген педагогтарды Алғыс хаттармен және басқа да наградалармен марапаттап, жас мамандарға қолдау ретінде 100 мың теңгелік сыйақы сертификаттарын табыс етті.
Биылғы Мұғалім күні ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен және ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығымен тұспа-тұс келді.
–Білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде облыста білім беру жүйесін жаңғырту мен дамытуға бағытталған жұмыстарға бөлінген қаржы едәуір артып, 132 миллиард теңгеге жетті. Бүгінде облыстың 1300-ге жуық білім беру ұйымдарында 21 мыңнан астам педагог еңбек етуде. Олардың қажырлы еңбектері мен білім нәрі үшін жұмсайтын күш-жігері қашанда мақтауға лайық, – дей келе, облыс әкімі педагогтардың мәртебесі мен оларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдауларға тоқталып, ел ертеңі – жас ұрпақты білімнің кәусарымен сусындатып жатқан ұстаздар қауымын кәсіби төл мерекелерімен құттықтады.
Өңірде еңбек етіп жатқан педагогтардың 123-і «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болса, 101-і «Ыбырай Алтынсарин», 15-і «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Облыстың 30-дан астам мұғалімі «Үздік педагог» республикалық байқауы грантының иегерлері болып табылады.
Салтанатты жиында Бурабай ауданының №9 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі, зейнеткер Теңдік Ахмадиева «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары Жақсы ауданы №1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләззат Қасқаева мен Көкшетау қалалық «Өркен» балабақшасының музыка пәнінің мұғалімі Ольга Корябкина «Үздік педагог» төсбелгісіне және 2 миллион 917 мың теңге көлеміндегі сертификаттарға ие болды. Сондай-ақ, Ерейментау ауданының «Болашақ» балабақшасының әдіскері Айман Оразбаева мен Степногорск қаласындағы облыстық №4 мамандандырылған мектеп-интернатының пән мұғалімі Ирина Енкеге «Педагогтың адал еңбегі үшін» жергілікті ерекшелік белгісі мен 1 миллион 458 мың 500 теңге көлемінде сертификат табыс етілді.
Биыл бірінші рет жас маман-педагогтарға қолдау көрсету мақсатында облыс әкімінің арнайы 100 мың теңгелік ақшалай сыйақысы 11 адамға табысталды. Олардың ішінде Зеренді ауданы Айдабол орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Әсет Ахметов, Целиноград ауданының №2 Қосшы орта мектебінің пән мұғалімі Қуаныш Мұқашева, Астрахан ауданы Жалтыр орта мектебінің пән мұғалімі Серікгүл Омарбекова бар.
Салтанатты жиынның соңы мерекелік концертке ұласты.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.