Бойында – нағыз ұстаз қасиеті

«Мұғалім қандай болса, мектеп һәм сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабары бар, жақсы оқыта білетін мұғалім», – деген болатын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.

Бұл сөздер бүгінде 20 жылдан астам уақыт шәкірт тәрбиесімен шұғылданып, «Үздік педагог – 2021» мәртебесіне ие болған Ләззат Қасқаеваның да басты ұстанымына айналыпты. Ұстаз ұғымы әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға. Ұстаз қашан да қазақ баласы үшін қасиетті де қадірлі. Замандасымыз Ләззат Байсеркеқызы Қасқаева Жақсы ауданының №1 орта мектебінде 20 жылдан астам уақыт бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, шәкірттерінің бойына адамгершілік пен адам бойында болуы тиіс жақсы қасиеттерді сіңіріп келе жатқан ұлағатты ұстаз деп ауыз толтырып айтуға болатын педагог. Бүгінде есімі республика жұртшылығына аян өңіріміздің үздік мұғалімі Арқалықтың педагогикалық институтын тәмамдапты. Жақсы ауданының тумасы Бағидден Біралинмен табысып, сөз жарастырған соң, осы елге келін болып келген ол мұғалімдік еңбек жолын ауыл мектебінен бастаған және әлі күнге осы білім ордасында ұстаздық етуде.
Ләззат Байсеркеқызы Алматы облысының Кеген ауданы Шырғанақ ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келіп, сол жерде кіндік қаны жуылыпты. Ата-анасы өте қарапайым адамдар болса да, балаларының өсіп-өркендеуіне, әрқайсының өз өмір жолын тауып, адам болуы үшін көп тер төксе керек. Отбасындағы он баланың екеуі Ләззат пен оның сіңілісі Салтанат мұғалім болуды жандары қалайды. Тіпті, ұстаздық ету, мұғалім болу Ләззат Байсеркеқызының бала күнгі арманы екен.
– Сол бала арманым орындалып, бүгінде мен педагогпын, ұстазбын деп мақтанышпен айта аламын. Мұғалім болғым келгенінің басты себебі, менің Айсұлу апайым еді. Бала деген таза парақ қой, айналасындағы адамдарға, ересектерге еліктеп, солардың бойындағы бар жақсы-жаман қылықтарды өз бойларына сіңіріп өседі. Мен де қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген сол мұғаліміме ұқсап бақтым, – дейді ұстаз. Жақында Ләззат Байсеркеқызы Қостанай қаласында Білім және ғылым министрінің қатысуымен өткен, республикадағы үздік педагогтар бас қосқан конференцияға қатысып, салтанатты жағдайда «Үздік педагог» төсбелгісін кеудесіне тағып оралды. Бұл іс-шара ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған болатын. Бұл конференцияға үздік педагогтардың әрқайсысына 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сертификат тапсырылыпты.
–Ұстаз болғандықтан ең бірінші міндетіміз – шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Сондықтан, әр сабақ сайын балалардың зейінін аударып, қызықты етіп өткізу үшін түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланамын. Жаңашыл, қазіргі заманға сай болуы үшін сабақ барысында жаңа технологияларды көбірек қолдану керек. Оның үстіне қай сабақ болмасын, оның мысалдарын бүгінгі күннің тыныс-тіршілігімен сабақтастырып, оқушыларды қызықтырып отыру қажет. Егер балада қызығушылық оянса, одан бір нәрсе ала алса, сабақтың тектен-тек өтпегені, –деп ойын білдірген Ләззат Байсеркеқызы бүгінде өзі қызмет етіп жүрген білім ордасына жұмысқа жаңа келген жас мамандарға білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп, педагогикалық қызметтің қыр-сырына бойлатып жүр. Жаңаша сабақ берудің әдіс-тәсілін тапса, жас мамандарды шақырып, арнайы ашық сабақ өткізіп, кейін бірлесіп талқылауды әдетке айналдырған екен. Әрқашан өзі де ізденіс үстінде жүретін ұстаз осындай болса керек.
Халық арасында «мұғалімдер біреудің баласына білім беріп, тәрбиелеймін деп жүріп, өз балаларына көңіл бөлуге уақыттары жетпейді деген алып-қашпа әңгіме бар. Бұл орайда, Ләззат Байсеркеқызы: «ондай әңгімені мен де жиі естимін. Бірақ, әр ата-ана өз мамандығына, қызмет-лауазымына қарамастан, өзінің туған ұрпағына қашан да көңіл бөліп, адам болып қалыптасу жолында жағдай жасап, бағып-қағуы тиіс. Балаларыңмен бір сәт бос уақыт тауып, кітап оқу, көркем фильм көру, табиғат аясына шығу, үй шаруасына баулудың өзі үлкен тәрбие емес пе?! Жас кезімізде балаларым кішкентай болғанда, сабақтан берген үй тапсырмаларын орындауға көмектесуге үлгермей қалатын кездерім жиі болатын. Ондайда жолдасым екі қызымыздың сабағына өзі көмектесетін. Ал, әкенің мұндай қамқорлығы, баламен бірге сабақ оқуы, ұрпақ бойында сенімділік ұялатады» дейді ұлағатты ұстаз. Уақытының басым бөлігі жұмыста өтетін ұстаздың қыздары білімге құштар болып өсіпті, екеуі де мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекеттік грантпен білім алыпты.
– Өмірдегі ең басты қағидам – отбасымның дін амандығы, ынтымақ-бірлігі. Егер отбасымда береке болса, мен жұмысымды алаңсыз жалғастырамын. Екінші қағидам ­– менің алдыма келіп білім алатын ұрпақтың тәрбиесіне деген үлкен жауапкершілікті әсте ұмытпау, ұстаз деген ұлы есімге лайықты болу, –дейтін педагогтың шәкірттері түрлі аудандық, облыстық және республикалық ғылыми-зерттеу жобаларына қатысып, биіктерден көрініп жүр. Солардың ішінде 2020 жылы Арлан Темірғали есімді оқушысы «Үздік эссе» облыстық сырттай байқауынан ІІІ дәрежелі диплом алса, «Үздік ғылыми жоба» номинациясында Динара Мұханбедия арнайы дипломмен марапатталды және соңғысы «Мәңгілік ел үміттері» атты VIII республикалық дарынды озат оқушылар антологиясына белсене қатысып, Алғыс хатқа ие болды. Махамбет оқуларында «Ұлы арман» номинациясы бойынша Ұлан Қазымбек деген оқушысы облыстық кезеңде ІІ орыннан көрініпті.
Педагог зерттеуші Ләззат Қасқаева бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру ұйымдарының қызметкерлері арасында ұйымдастырылған бүгінгі заманға сай біліктілік дәрежесі ­– «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауының облыстық кезеңінде 1-дәрежелі дипломға ие болыпты. Сондай-ақ, ол «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында да «Өз ісінің шебері» атанған. «Дарынды оқушылардың қабілетін айқындау, дамыту» атты бағыттарын жүзеге асыру мақсатында өткен «Білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда І дәрежелі дипломды иеленген.
Мақсаты айқын ұстаз бүгінде Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай ғылыми авторлық жобаны қолға алыпты, ендігі жоспары – оны аяқтап, кейін өз іс-тәжірибесімен педагогтармен бөлісу.
–Шын ұстаз – ұстаз болуды балалық шағынан армандайды. Сондықтан, ұстаздық жолына үлкен арманмен келгеннен кейін бе, қиналған сәттерде одан кету, мамандық ауыстыру деген ой мүлде мені мазаламапты. Кез-келген жұмыстың өз машақаты болады, сондықтан мамандығына адал адамдар оған төтеп бере алады, –деді Ләззат Қасқаева қиналған сәттеріңіз болды ма деген сауалымызға.
Жапонияның императоры Сёва өзінен кейінгі ең үлкен жалақыны ұстаздарға тағайындапты. Бұл өркениетті ел билеушісінің педагогтарға деген үлкен құрметі. Бізде соңғы жылдары ұстаздардың беделі мен мәртебесі артып, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлінуде. Осы орайда, кейіпкеріміз:
­–Елімізде педагог мәртебесі туралы заң қабылданып, мұғалімдерге құрмет пен осы мамандыққа деген қызығушылық артып келеді. Бұрын біздің елімізде мұғалімдерді кез-келген жұмысқа араластырып, тіпті сайлау науқандарына да жұмылдырылатын. Заң қабылданғалы мұғалімдер тек өздерінің жұмысымен айналысып, ұрпақ тәрбиесімен шұғылдануда. Ұстаздардың құқығы мен беделі заңмен бекітіліп, әлеуметтік қолдаудың артқаны қуантарлық жағдай, – деп ойымен бөлісті.
Қызығы мен шыжығы бірге жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін педагогтар көптеген қиындықтардан өтеді. Қиын дейтініміз, әр сабағына жете дайындалып, балаларға білім ғана емес, тәлім-тәрбие беру, өмірге икемдеп, адамгершілік қасиеттерді бойларына дарыту оңай шаруа емес. «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасасаң, еңбегің еш кетпейді деп түсінетін Ләззаттай ұстазымыз қанша жыл тер төгіп еңбек етсе де, «болдым, толдым, мен бәрін де білемін» деп айтқан емес. Қайта ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы керек деп есептейді. «Өмір бір орнында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отыру керек», –дейді.
Ғалым да, дәрігер де, шенді-шекпенділер де алдынан білім алатын ұстаздар қашанда шәкірттерінің жүрек төрінен орын алып, жадында сақталады. Олай болса, ардақты ұстазды біз де кәсіби төл мерекесімен құттықтап, саналы шәкірттері көп болғай деп тілейміз!
Ырысалды Ахметқалиева,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар