Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жас ұрпақ пен болашаққа ұлы қызмет - АРҚА АЖАРЫ

Жас ұрпақ пен болашаққа ұлы қызмет

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық. Өйткені, мұғалім мектептің жүрегі».
Ы.Алтынсарин.

Ұстаздық – ұлы қызмет. Мұғалім – әлемдегі ең ардақты мамандықтардың бірі. Мен осы қадірлі мамандықты таңдаған жанның бірімін.

Бүгін мен алғашқы еңбек жолын бастаған мектебім Жалтыр №4 орта мектебі жайлы сөз қозғамақпын. Менің жүрегімдегі мектеп деп айтсам да қателеспейтін сияқтымын. Мұғалім мамандығын таңдаған әрбір адам осылай баға береді деп ойлаймын. Өйткені, мен алғаш осы мектепке жас маман болып келгенде ҚР Білім беру ісінің үздігі Сартай Таменова мен Хадиша Шаймерден сынды тәжірибелі басшылар бауырына басты. Білмегенімді үйретті, қателігіме сын көзбен қарай білді. Бұл кісілер менің ұстаз болу арманыма жетуіме өздерінің мамандықтарына деген сүйіспеншілігімен өнеге бола білді. Алғашқы еңбек жолымды осында бастағандықтан, сабақты дұрыс жоспарлауды, оны қызықты етіп өткізуді, барлық баланың сабаққа қатысуын, әр сабақтан белгілі деңгейде білім алып шығуын қамтамасыз етудің барлығын осы ұжымнан үйрендім десем, артық айтқандық емес.
Міне, содан бері жиырма жылдай уақыт өтіпті. Менің мектебім, менің ұжымым барлық қазақстандық мектептер секілді түрлі білім беру саласындағы реформаларды басынан өткізді. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне білім беріп қана қоймай, оны әлемдік білім, ғаламдық ақпарат, жаңа экономика кеңістігіне шығуына, бәсекеге қабілетті болуына жол ашып, баулуы қажет. Ол нағыз өз мамандығын сүйген ұстаздың қолынан ғана келеді. Заман өзгеріп, біз жаңа бағытқа бет бұрдық. «Адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш – білім» дегендей, қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге ұмтылудамыз. Қоғам өзгерген сайын, білім мазмұны да өзгеріп отырады. Қазір білім беру жаңа сипат алуда. ХХІ ғасыр – технологиялардың дамыған ғасыры. Ақпараттар ағыны өте көп. Технологияның дамығаны сонша, адам түсіне кіріп шықпайтын нанотехнологиялар өз жемісін беруде. Осы өзгерістер мұғалім еңбегіне әсерін тигізуде. Ал, бүгінгі ұстаз қандай болуы керек, дейтін болсақ, ол – интербелсенді тәсілдерді жетік білетін маман. Бүгінгі ұстаз – техника тілін меңгерген әмбебап. Бүгінгі ұстаз – заман ағымына сай полиглот. Оқушыға техника тілін меңгертіп қана қоймай, тағылымды тәрбие беруші.
Осындай жағдайда менің мектебім ауданымызда көш бастап тұрған мектеп деп мақтанышпен айта аламын. Мектебімізде ата-аналар мен түлектер арасында тығыз байланыс орнаған. Ауған соғысының ардагері, мектебіміздің түлектері, А.Мальков пен С.Коломецтер үнемі мектебімізге қамқорлық жасап келеді. Тарих пәнінің мұғалімі К.Бесімбаеваның жетекшілігімен мектебімізде ауған соғысының ардагерлеріне арналған мұражай жұмыс істейді. Сонымен қатар, мектебіміздің түлегі ауған соғысының ардагерлері А.Құрманалин мен Е.Федоровичке ескерткіш тақта орнатылған. Сан жылдар бойы қызмет етіп, өз саласына еңбегі сіңген, осы қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңған ұстаздарды қалай қадірлесек те, артықтық етпейді. Әр саланың биігіне көтерілген шәкірттерін көріп, марқайып отыратын ұстаздар да көп. Осының дәлелі, А.Григораш бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген танымал түлектерімен мақтана алады. Білікті басшы А.Башимова басқарып отырған ұжым көп мектепке үлгі бола алады. Өткен оқу жылында мектебіміз күрделі жөндеуден өтті. Жылдың қорытындысы бойынша ауданда «Үздік мекеме» атандық. Мектебімізде аудан бойынша үш шебер-педагог еңбек етеді. Олар С.Серікбаев, М.Дүйсембаева және Н.Хижняк. Осы әріптестерімнің еңбектері ауыз толтырып айтарлықтай.
Мемлекет басшысының ел халқына арнаған Жолдауларында білім саласына, мұғалімдердің жалақысын көтеруге міндетті түрде көңіл бөлініп келеді. Соның арқасында бүгінгі таңда ұстаздың мәртебесі көтеріліп, қағазбастылықтың азайғанын да айта кетуге болады. Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына орай, мектептер интернет желісіне қосылып, ресурстар қолжетімді болды. Мектепте барлық жаңа технологияларды қолдану мүмкіндігі артты. Бұл да өз кезегінде оқушылардың ой-өрісін арттырып, дүниетанымын кеңейтуге ықпалын тигізіп, жемісін беретіні даусыз. Ата-аналар да балаларының күнделікті сабағын интернет желісінен қадағалап отыруға мүмкіндік алды. Осының бәрі ұстаздарға деген мемлекет қамқорлғының көрінісі екені даусыз. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», – деп халық даналығында айтылғандай, әрбір баланың жұлдызын жағып, болашақ жолында тер төгіп жүрген барлық ұстаздарды алда келе жатқан ұстаздар мерекесімен құттықтаймын!

Гүлдана ЫСҚАҚОВА,
№3 Жалтыр орта мектебінің
тарих пәнінің мұғалімі.
Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар