Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Ұлттық киімде өткен тарихымыздың өрнегі бар» - АРҚА АЖАРЫ

«Ұлттық киімде өткен тарихымыздың өрнегі бар»

дейді «Ақай» сән үйінің жетекшісі Ғалия Алдабергенова

Қазақ «Жүзі жылыдан түңілме» деген. Ғалия Серікқызын бір көрген адам да дәл осындай пайымға келер. Себебі, оның жанарынан мейірім шұғыласы себізгілеп тұрады, жылы жымиысының өзі адамды өзіне баурай жөнеледі, бойында бір тылсым сұлулық тұнғаны бірден байқалып-ақ тұрады. Сабырлы кейіпі, өзін-өзі ұстауы, киім киісі, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, бәрі-бәрі Ғалия Серікқызының ішкі мәдениеті жоғары, мінезінің көркем екендігін аңғартып тұрғандай.

«Ақай» сән үйінің жетекшісі Ғалия Алдабергенова біз іздеп барғанда жұмыс үстінен табылды. Тігінші қыздармен бірге өзі де білек сыбана іске кірісіп, жұмыс істеп жатыр екен. Осының өзі-ақ оның еңбекқор, қарапайым, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарай білетін іскер басшы екендігін аңғартып тұр-ау! Ол заңды да. Себебі, Ғалия Алдабергенова өз кәсібін дөңгелетіп жүрген іскер әйел ғана емес, ол бір қолымен бесікті тербетіп, жеті баласын жан жылулығына, ана махаббатына бөлеп жүрген абзал ана, «Күміс алқа» иегері.
– Оқушы кезімде Моңғолиядан көшіп келген ағайындылардың қыздары менімен бірге бір сыныпта оқыды. Еңбек сабақтарында мен бұл қыздардың қалай кесте тігетінін көріп, тамсанатынмын. Алайда, бұл іс маған таңсық емес еді. Себебі, нағашы әжем он саусағынан өнер тамған қолөнерші болатын. Кейін өзім де қыздармен бірге, кесте тіге бастадым. Жастықтың тыстарын, төр көрпелерді, жамылғыларды кестелеп, тіпті түрлі білезіктерді моншақпен өріп тоқитынбыз. Міне, дәл сол уақыттан бері менің қолөнерге деген қызығушылығым ашылды деп ойлаймын. Негізі менің нағашы әжем қолы епсекті шебер адам болатын. Ол қол машинкамен-ақ, көйлектерді ғана емес, түлкі тымақ, сусар бөрік, оқалы тон, зерлі шапандар, ішектердің сан түрін тігетін. Сонымен қатар, кестелердің түр-түрін өрнектейтін, тұскиіз, текемет, алаша тоқитын, сырмақ сыратын. Балалық шағымда мен нағашы әжемнің қолында тәрбиелендім. Сол кезде әжемнен үйренгенім көп. Бірнеше сағат бойы күрделі үлгілерді және шебер таңдалған контрастты материалдарды әжеммен бірге ойластырып, қолқабыс ететінмін. Ол кісі менің қолөнерге деген қызығушылығымды байқады ма, кім білсін, әйтеуір, өзінің іс тігетін мәшенкесі мен қайшысын маған аманаттап тапсырып кетті. Әжемнің көзі болған сол жәдігер біздің үйдің төрінде. Аталмыш ательені де әжемнің құрметіне «Ақай» деп сол кісінің есімімен атауым да бекерден-бекер емес. Аманатқа адалдығым деп ұғарсыздар, – деп бастады сөзін Ғалия әпкеміз.


Ғалияның балалық шағы нарықтың тоқырау кезеңімен тұспа-тұс келді. Тоқсаныншы жылдары көп заттың тапшылығы сезілетін. Сатып алайын десең, бағасы аспанда. Осындайда епсекті, қолының қиюы бар Ғалия өзі қалаған киімін өзі пішіп, тігіп алатын еді. Ол он бес жасында Краснояр училищесіне тігінші мамандығы бойынша оқуға түсті. Екінші курста оқып жүрген кезінде-ақ, талабы мол талантты қыздың қабілетін байқаған жұртшылық тапсырыстар беріп, көйлектер, алжапқыштар, спорттық кимоно тігуге өтініш білдіре бастайды. Ол тапсырыстардың барлығын үйдегі әжесі берген тігін машинкасымен тігіп, көп көңілінен шығып жүрді. Училищені ойдағыдай тәмамдаған соң, Алматы технологиялық университетіне оқуға түсіп, өз білімін жетілдірді. Сол жылы тұрмыс құрып, отбасылы болды. Үйдегі бала тәрбиесімен бірге, университеттегі оқуын бірге алып жүрген тігінші қыз бос уақытында тапсырыс берген жандардың көңілінен шыға білетін.


– Тапсырыстар легі толастамады. Маған сенім артқан соң, ешкімнің де көңілін қалдырғым келмейтін. Содан жолдасыммен ақылдасып, маған қолқабыс болатын үш тігінші қызды жұмысқа алдым. Сөйтіп, біз кәсібімізді өркендете бастадық. 2005 жылы үшінші ұлым дүниеге келген соң, үйде жұмыс істеу қиынға соқты. Балалар жас, келім-кетім кісі бар дегендей… Жолдасым Амангелдіге риза болатыным, ешқашанда менің бетімнен қағып, осы кәсіпті таста деген емес. Керісінше, қашанда қолдау көрсетіп, демеу бола білді. Ол менің асқақ арманыма қол жеткізуім үшін барлық жағдайды жасады. 2005 жылы өз атына несие алып, біз үш бөлмелі пәтер сатып алдық. Сол үш бөлмелі пәтерден цех ашып, екі жылдан соң, несие қаражатына тағы бір пәтер сатып алып, «Ақай» ательесін аштық. Жалғанда жан баласы үшін сенім мен сыйластықтан асқан үлкен құрмет жоқ қой. Маған сенім білдіріп тапсырыс берген әрбір адамның көңілінен шығуға тырысатынмын. Күн-түн демей еңбектендім. Өмірімнің басты қағидаты осы, –дейді Ғалия ағынан жарылып.
Әр істің бастауында ынта-ықылас еңбекпен ұштасса кез-келген жұмыстың нәтижесі болады. 2014 жылы «Ақай» сән үйінің құрылысы қолға алынып, қазіргі таңда ол өңіріміздегі іргелі кәсіпорынға айналуда. Бүгінде мұнда 25 адам жұмыспен қамтылған. Әрқайсысы өз ісінің кәсіби шебері. Нұр-Сұлтан, Петропавл, Қарағанды, Алматы қалаларынан тапсырыстар түсуде. Концерттік киімдерге тапсырыс тіпті көп. Бұдан басқа әйелдер мен ерлерге, балаларға арналған киімдер мен униформалар, тіпті перделердің сан түріне тапсырыс беруге болады. Сонымен қатар, киімнің дизайнын өзгертіп, қайта тігу, матаға сурет басып жазу, кестемен безендіру қызметтері көрсетіледі. Соңғы жылдары «Қыз жасауына» да тапсырыстар жиі түседі екен. Бір сөзбен айтқанда, мұнда өз қалауыңыздағы стильден бастап, киіміңіздің үлгісін, тіпті түймесіне дейінгі ұстақ-түйекті өз қалауыңыздай етіп, таңдай аласыз.


Ғалия Серікқызы үнемі ізденіс үстінен табылады. Ол әлемдік дизайнерлерден онлайн сабақ алып, өз білімін шыңдаудан еш жалыққан емес. Заманауи жабдықтарды да қолдана отырып, әжелердің үйретіп кеткен тәлімін де ойдан шығармай қолданысқа енгізе білген. Өнімді өңдеудің жаңа тәсілдерін де шебер меңгерген. Қолмен де, іс тігетін мәшенкемен де кесте тігеді, киіз басады. Сонымен қатар, заманауи тәсіл бойынша кәсіби пышақпен, лазермен де кесу технологиясын машықтанған. Бойындағы қарым-қабілетті өскелең ұрпаққа үйретуді, жанындағы қолқабыс болып жүрген қыздарға дарытуды мақсат тұтқан. Содан болар, оны өз әріптестері қатты құрметтеп, зор ықыласқа бөлейді, өздеріне үлгі тұтады.
–Жалпы тігінші, тоқушы, модельер – бұлар тұғырдан түспейтін мамандықтар. Қай заманда болсын, тігіншілік өнері дамыған. Қазақ бекерден-бекер «Ағаш көркі жапырақ, адам көркі – шүберек» демесе керек. Қалай дегенмен де, жұмысшы мамандығының мәні мен маңызы ерекше. Шындап келгенде, экономиканың түп қазығы, нақты қозғаушы күші өндірісті өз қолымен өркендетіп отырған – қарапайым жұмысшылар ғой. Бұл туралы Елбасы да атап өткен. Осыған орай, елімізде жеңіл өнеркәсіпте еңбек ететін мамандық иелерінің мерейі асып отыр.
Ғалия Серікқызы 2019 жылы «Сбербанк» акционерлік қоғамы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жылына 6 пайыздық мөлшерлемемен несие алды. Бұл қаражат кәсіпорынға қажетті заманауи құрылғылар алу үшін жұмсалған.
–Мен жеті баланың анасымын және менің балаларымның Қазақстанда жасалған тауарлармен мақтанғанын қалаймын. Киімнің өзінен-ақ, ұлттық нақыштың бояуы байқалып тұрса екен деймін. Меніңше киген киіміңізде ұлттық ою-өрнек, я басқа да бір ұлттық элемент бар болса, ол сізді тұмар ретінде жаманның сұқ көзінен сақтап тұрады. Себебі, ұлттық киімде өрнектелген әрбір оюдың астарында ой жатыр, ұлттығымызға тән ұлылық, ұлы тарихымыздың өрнегі бар, – дейді ол.
Ғалия Алдабергенова – қала колледждерінің әлеуметтік серіктесі, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі. Ол таяуда Түркия елінің сауда-өндірістік Палатасы ұйымдастырған Стамбул қаласында өткен халықаралық көрмеге қатысып келді. Аталмыш іс-шараға Марокко, Қырғызстан, Ресей, Украина, Беларусь, Түркия, Қазақстан елдерінің қолөнер шеберлері қатысып, өзара тәжірибе бөліскен.
– Сапар барысында өзге елдің тігіншілік өнерімен танысып, ондағы өндірістердің өркендеу жолынан хабардар болып, өзара тәжірибе алмасып қайттық. Маталардың түр-түрін, тігу технологияларын бағамдадық. Қатысушыларға сапардың жол ақысы, қонақүй, тамақ барлығы тегін ұйымдастырылған. Тың серпін, мол тәжірибе жинақтап қайттық. Жасыратыны жоқ, бізде бұл бағытта бәсекелестік жоқтың қасы. Біздің елге киім-кешек түгелге дерлік Қырғызстан мен Қытайдан, Түркия мен Италиядан әкелінеді. Елімізде киім өндіретін кәсіпорындар саусақпен санарлық. Оның ішінде ұлттық брендпен шығатындары жоқтың қасы. Біздегі ең бас-
ты өзекті проблемалардың бірі – бұл ең алдымен, киім тігуге арналған отандық сапалы, табиғи маталардың болмауы. Басқа елдердің жақсы маталары арзан емес, бұған жолақысын қосып қойыңыз. «Қазақстанда жасалған» брендімен сатылымға шығатын киімдер өте қымбат болатыны осыдан, –
дейді ол өз ойын ортаға салып.
Іргелі істің басында жүрген ісмер де іскер әйелдің ендігі мақсаты – ұлттық нақыштағы өнімнің сатылымын ұлғайту. Бастауында өз ісіне адал әрі еңбеқор Ғалия Алдабергенова сияқты жауапты жандар тұрғанда «Ақай» сән үйінің әлі талай асуы алда деп білеміз. Ылайым солай болғай!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар