Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлағатты ұстаздың үзілмейтін ғұмыры - АРҚА АЖАРЫ

Ұлағатты ұстаздың үзілмейтін ғұмыры

Дүниеде сан алуан мамандық түрлері бар. Бірақ, солардың ішінде ең абыройлы да, ең абзал да, қызығы мен шыжығы мол мамандықтардың бірі – ұстаздық. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, ұстаздықтан өз абыройын, өмірдегі өз биігін, лайықты орнын, бақытын тапқан ұстаздарымыздың бірі Таңсық апайымыз еді. Міне, осы бір абзал жанның бұл ғұмырдан озғанына да жыл толыпты. Зырқырап бара жатқан бір уақыт!

Ертеде Хаджа Абдул Карим деген бір шәкірт дәруіштердің өтінішімен өзінің ұстазы туралы, оның сан қилы кереметтері жайында ел арасында тәлімді әңгімелер айтып, хикаялар жаза бастайды. Көп кешікпей әулие ұстазынан келіп кетсін деген хабар жетеді. Барған сәтте ұстазы: «Немен айналысып жүрсің?» деп сұрайды. Шәкірті: «Сіздің данышпан ғұламалығыңыз, кісілік келбетіңіз жайлы хикая жаза бастадым», – дейді. Сонда әулие «мен туралы хикая жазып таратқанша жұрт өзіңді хикая ғып айтып жүретін кезге жетуге тырысқаның жөн», – депті. Бұл тәмсілде үлкен сыр жатыр. Ұстазсыз –
шәкірт тұл, шәкіртсіз – ұстаз тұл. Қалыптасқан аксиома. Ұстаздан шәкірттің озбағы – мұрат. Шәкірттің ұстаздан озбағы – игі. Ұстаз ешкімге жалынбайтын, ешкімге мұқтаж емес, өз мақсаты мен мүддесі бар, өз сүрлеу-соқпағы бар тұлғалар дайындауға күш салатыны жоғарыдағы әңгімеден-ақ байқалып тұр.
Таңсық апайдың арғы атасы – Арғын тайпасының Қаракесек руының Әлтеке тармағынан шыққан Жидебай батыр. Академик, ғалым Ақтан Машанидың айтуынша, би, көріпкел болған. Өзі Қарағанды облысындағы Сарыарқаның сұлу мекені Ақтоғай, Ақшатау өңірінде туып-өскен. 1970 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университеті филология факультетін бітірген. Тұрмысқа шығып, түтін түтеткен өңірі – Бурабай маңындағы Щучинск қаласы. Көкшетау педагогикалық институтында қазақ әдебиеті әдістемесінен дәріс оқитын оқытушы болып, ұстаздық қызметін жалғастырды. Институттың оқытушылары Жағыпар Мусин, Нарбай Ыбыраев ағалары қызметке шақырғанда, 20 жылдай ұстаздық еткен білім ошағын қия алмай, әрі-бері толқығаны да шындық еді. Бірақ, тумысынан жігерлі, білімі мен білігіне сенімді, талапшыл ұстаз шұғыл шешім қабылдап, ендігі іс-тәжірибесін студенттерге үйретпекке бел байлайды. Содан бері де жиырма жыл өтіпті. Зымыраған уақыт-ай! Таңсық апайдың мектепте оқытқан оқушыларының арасында бүгінгі университеттің беделді ұстаздары да бар.
Таңсық Жұрынқызы абыройлы өмір белестерінен өтті. Қазақ ССР-нің оқу ісінің үздігі атанды. Қазақ ССР-інің Оқу министрі Қожахмет Балахметовтың 1983 жылғы 27 қазандағы бұйрығымен Таңсықтың іс-тәжірибесі Бүкілодақтық көрмеде насихатталды. Сонымен бірге, «Қазақстан мұғалімі» журналының 1983 жылғы сандарында бас редактор Мұқаш Сәрсекеевтің, халық ағарту саласының белді қызметкері, жерлесіміз Қоспан Тәшібаев пен «Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы Сайраш Әбішеваның Таңсық туралы мақала, очерктері жарық көрді. Педагогика ғылымдарының докторы, академик Серғазы Қалиев апайымыздың іс-тәжірибелері негізінде «Оқушыларды оқу еңбегіне дағдыландыру» деген кітап жазды. Ал, тәжірибелі ұстаз жоғарғы жақтың ұйғарымымен өзінің іс-тәжірибелерін насихаттау үшін Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Торғай, Қызылорда, Алматы облыстарына сапарға шықты. Бурабайда Сәкен Сейфуллиннің шығармаларын мектепте оқытуға байланысты 1988 жылы оқу-әдістемелік сипаттағы деректі кинофильм түсірілді. «Көкшетау» поэмасына өзек болған Бурабайдың табиғаты көрсетіліп, академиктер Серік Қирабаев және Мұхамеджан Қаратаевпен қатар, Щучинск қаласындағы мектеп-интернаттың үздік мұғалімі Таңсық Жұрынқызы да Сәкен шығармаларын талдап-таразылауға қатысты. Осындай қым-қуыт, қам-қарекетімен ұстаздық жұмысын абыройлы жалғастыра жүріп, ол 1991-1996 жылдары мұсылман әйелдері қоғамындағы имандылық істердің ұйытқысы болды. Сол үшін Қазақстан Мұсылман әйелдері одағының төрайымы Әмина Нұғымановадан ризашылыққа толы хат та алды.
Таңсық Жұрынның ұстаздық болмысына келсек, ұзақ сүре әңгіме етуге болады. Ұзақ жылдар бойы университетте студенттерге сөз өнерінің қыр-сырын ерінбей, жалықпай үйретіп келген қайсар рухты жан. Ол – шәкірттеріне көркем шығармадағы оқиға желісін емес, оның астарындағы көркемдік қабаттарын, сөз өнерінің құпия қалтарыстары мен тылсым табиғатын тәптіштей түсіндіре білді. Сөз өнерінің парқына жете отырып, оны сүюге, аялауға үйретті. Поэзия болса, оның стихиясы еді. Ол кісінің әрбір дәрісі ерекше шабыт пен толғаныстан тұратын. Әйтпесе шабытсыз, нәрсіз, шалағай дәрістерді көріп жүрміз ғой. Таңсық Жұрын әрбір дәрісін көркемдік акт деп қабылдайтын. Былайша айтқанда, ол кісінің дәрісі жай ғана емес, ерекше шабыттан туған өзіндік туынды еді.
Таңсық апайымыз зейнет демалысында болса да, үйде қол қусырып қарап отырмады. Өзі жайлы, өзгелер жайлы толғаныс сезімдерін, әсерлерін, өмір тәжірибесін басқалармен бөлісіп, ойлы мақалалар, эсселер жазуымен шұғылданды. Баспасөзде шыққан материалдарын оқырман қауым іздеп жүріп оқыды. Бір-біріне айтып жүрді. Осы толғаныстарының ішінде, ғұлама ұстаз әл-Машани, Б.Момышұлы, Ә.Нұршайықов сияқты халқымыздың біртуар ұлдарының жеке өмірінен алар рухани ықпал-әсерлерін баяндауы өзінің тартымдылығымен оқырманын баурап алды. Ұстаз қаламы өзінің ерекше стилімен, ерекше тілімен оқырмандарын елең еткізді. Сырлы бір дүниеге бастады. Қасаң мақаланың жайдақ стилі емес, ол кісінің жазғандарынан қуатты лиризмнің ерекше шуағы төгілетін. Жан дүниемізде ерекше бір жылылық, ізгілік сезімдер ағынын шымшымдап сіңіре береді. Ішкі сарайы ақындыққа тұнып тұр.
Таңсық апай үлкен қаламгерлермен кездесу кештерінде көсіліп, шабыттанып, арқаланып сөйлейтін. Тілімен бал емізетін. Жүректерге шуақ құятын. Қара сөзбен айтылған монолог үлкен бір поэтикалық дүниеге бергісіз. Өз басымыз мұндай сәттерді Таңсық апайдың бойынан қазақтың арқалы ақыны Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырза Әлімен кездесу кештерінде көріп, куә болдық. Таңсық Жұрынның сөздері тыңдарман жұртты ерекше бір толғанысқа түсіріп, қорғасындай балқытатын, ойлантатын, айрықша бір сезім күйіне бөлейтін. Оның есімізде қалған шешендік толғаныстары, сөзден қаймақ қалқығаны, су төгілмес жорғадай көсілгені өткен замандардағы билердің тіл орамдарын, мақамдарын еске түсіреді. Ендігі таңда ұстаздық іргелі ізденістерге, зерттеушілікке ойысқандай, қаламгерлік өнер мен шығармашылық дүниеге ауысып бара жатқандай күй кешуші едік. Ұстаз болмысынан өткір көсемсөзші, толғанысты эссеист болмысы көрінгендей, мен мұндалағандай болып тұратын. Ұстаздық қасиет, қабілет-пайым шығармашылық өнердің сырлы дүниесімен тоғысқаны байқалатын-ды. Таңсық апайдың сөздері бұрын сынып бөлмелері мен аудиторияда оқушылар мен шәкірттерге жететін болса, енді өзінің жазған-сызғандарымен қалың оқырманға жол тартып жатты. Мұны шығармашылық адамның бір бақыты деп түсінуіміз қажет.
Марқұм Нұрыш жездеміз екеуі Зұлқия, Бегайдар, Бекболат секілді ұл-қыз өсірген бақытты жандар еді. Осы балаларынан немере сүйген бақытты әже де бола білді. Тағдырға не дауа?! Қазір Таңсық апайымыз арамызда жоқ. Бірақ, ол кісі жоқ болса да, ол кісінің шәкірттеріне қалдырған тағылымы, білімі мен білігі айналасына мерейлі шуағы қалды. Біз, кейінгі пенделер осыны дәтке қуат етеміз. Таңсық апайдың тағылымын алдағы өмірімізге бағдар тұтамыз. Солай істейміз, солай толғанамыз да, ұрпақтарына бақыт тілейміз. Ақтық сапарға қимай шығарып салғандағыдай, осы бір жылдық дұғасында да апайымыздың нұры пейіште шалқығай деп жасағанға жалбарынамыз.
Сәбит ЖӘМБЕК,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар