Жергілікті жұрттың жақсылығын толайым көрген, өзі де қолынан келсе қамқорлық жасауға ұмтылатын, жүрек қалауымен мұсылман дініне енген Виктория Аяпбергенова мына жарық дүниеге шыр етіп келген әр перзенттің бір-ақ Отаны болады деп санайды.
Сағыныштың уытынан сарғайып таң атқанда көз алдына киелі Торғайдың жүгірген аңның тұяғын, ұшқан құстың қанатын талдыратын шет-шегі жоқ сары даласы елестер еді. Сарша тамызда сағым ойнайтын Торғайдың топырағы соншалықты ыстық, соншалықты мейірбан, жан жүрегіне тым жақын, кір жуып, кіндік кескен сол өңір ыстық құшағына басып, мейір-ықыласын төгіп, перзентін әлпештейтіндей. Қара қарғаның миы қайнайтын аптап ыстықта жалпақ жонда сағымның кілкіп тұрары бар. Бала кезінде сол сағым шымылдықтың арғы бетінде кімдер бар екен деп ойлайтын. Олар да осы өзінің торғайлықтары тәрізді адамының пейілі кең, жаны жомарт жандар ма екен. Сол ой жетелеп, тарих қойнауына сүңгітетін. Жұмыр жердің қат-қабат тарихының ішінде өзінің нәзік жүрегіне барынша сүйкімді болып көрінетін, білмекке ынтық, үйренбекке құштары – қазақ тарихы.
Мектепте оқып жүргенде осы пәнге құштар болды. Оның үстіне Торғайдың қазына қарттары қандай?! Әсіресе, өзі туып-өскен Жангелдінің. Әрқайсысы бір-бір қазына. Оқулықта кезіге бермейтін қилы-қилы жағдайды қамырдан қыл суырғандай бипаздап отырып таратқан кезде Викторияның таң қалмасқа шамасы болмайтын. Мектепте орыс тілінде оқыды. Орыс тілінен жергілікті ұлт тілін әлдеқайда жақсы білді. Өйткені, бұл тіл ана сүтімен тұла бойына сіңген. Мәселенің мәнісі мынада, Викторияның сәби кезінде анасынан сүт шықпай қалған соң, көрші, жас босанған қазақ келіншегі емізген. Бәлкім қазақтың тіліне, әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне ынтызарлық сол екінші анасының сүтімен дарыған шығар, кім білсін?!
1977-1987 жылдар аралығында Торғайдың орыс мектебін бітірді. Қазақ балаларымен жарты құртты жарып жегендей дос болды. Мен қазақпын, сен орыссың деп бөле-жарған біреуі жоқ. Шашының сәл ғана сары болғаны болмаса, ешбір айырмасы жоқ еді. Тілі, түсінігі бір. Тіпті ана тілім – қазақ тілі деп санайтын. Осы күні сағынатын адамдары бар. Сағыныш дегеннің өзі айрықша әдемі сезім ғой. Күләш апай мен Тұрсын аға Әбдіровтер тәрізді ата көршілерін сағынады. Олар да өз тілінде сөйлейтін, қылтиып қыз болып өсіп келе жатқан Викторияны жандарына жақын тартатын.Торғайдың қазақтарымен әлі күнге дейін қатынасы үзілген жоқ. Тіршіліктің қайғысын да, қуанышын да бірге өткеріп келеді.
Арқалық қаласындағы педагогикалық институттың филология факультетін бітіргеннен кейін шоқ жұлдыздай ғана шағын ауыл Сужарғандағы қазақ мектебінде сабақ берді. Қазақ балаларына орыс тілінен. Екі тілді араластыра. Бәлкім қазақша көп сөйлеген шығар. Тілмен бірге бағдарламада болмаса да ел тарихын желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына сіңіре.
– Әр адамның туған жерге деген махаббаты маздап тұруы үшін елдің өткен тарихын етене жақын білуі керек, – дейді Виктория Аяпбергенова, – еліміздің тарихы қатпар-қатпар болғанымен, оқулығы пышақтың қырындай жұп-жұқа еді ғой. Мен мектеп оқушыларына көркем әдебиеттен оқыған, ақсақалдардан бойыма жұққан жұқананы жеріне жеткізе айтып беруге тырысатынмын. Өйткені, ел тарихы баршасынан қымбат. Туған жерге тамырың байлану үшін оның өткенін білу парыз. Осы құт мекенді ата-бабаларымыздың қалай сақтап қалғандығын ұғына алса, өткеннің қадірі мен киесін таныр еді. Қазақтың тамаша ақыны Кәкімбек Салықов айтпақшы, «өр Алтай мен Атыраудың арасы, ұлан-байтақ қазағымның даласы, сонша жерді сойылменен қорғаған ата-бабам осал емес шамасы». Иә, ата-бабамыз шынымен осал болмаған, солардың өр рухын, ақ бесікке деген аялы махаббатын тілім жеткенше түсіндірдім. Кейін 2000 жылы Арқалық қаласына көштік. Мұнда да қалың қазақ.
Қалың қазақтың арасында қазақ тілін жетік меңгерген Викторияға оншалықты қиын болмаса керек. Кіммен болсын тіл табысқан. Агротехникалық колледжде сабақ берген. Қазақтың тарихын, орыстың тілін үйреткен. Жергілікті жұртпен тонның ішкі ба-уындай араласып кеткен. Адамдарды жақындататын дәм емес пе? Қазақылығы мол Арқалықтағы ағайын қара күзден көктемге дейін бір-бірін омыртқаға шақырып, сапырылысып жатады. Бұл кезде Бауыржан есімді жігітке тұрмысқа шыққан Виктория салт-дәстүрді бір қазақтың баласындай жап-жақсы біледі, тіпті майлы қасықтай. Соғым сойған соң бар мүшесін ілкідегі жұрттың ізетті дәстүрін сақтап, қазан-ошағы араласып жататын дәмдес ағайынды омыртқаға шақырады. Жыл он екі айда бір айналып келетін ауызашары тағы бар. Өзге уақытта да жолынан жығылып көрген емес. Өзінің қазақтың аса бай тілін кестелеп көркем сөйлейтініне ешкім таңырқамайды да, көздері үйренген. Тек таңырқағаны, мұсылман дініне енгенде ғана. Анасы Нина апай қарсы болмаған. Өйткені, мұсылман әлемінің жақсылығын жақсы білетін. Тіршілігінде ғана емес, өмірден өткенде де көрді.
Дәм-тұзы таусылып анасы өмірден өткенде топырақ аялы ақ бесігі Торғайдан бұйырған. Туған жеріндегі жанашыр қазақтың тілмен айтып жеткізгісіз жанашырлығын Виктория Геннадьевна тағы бір мәрте сезінген. Атамекендегі ағайын-туыс қырық қабырғасы қаусап, отыз омыртқасы опырылып жеткен бұларды құшақ жая қарсы алып, басу айтқан, қайғының бұлтын сейілткен. Анасын қара жер қойнауына тапсырғанда көзкөрген Торғай қазақтарының қайғыдан қабырғасы қайысып тұрыпты. Осы сурет әлі күнге дейін көз алдында. Әсіресе, Торғайдағы мешіттің имамы Рүстем Әмірханов бастаған ел ақсақалдарының жанашырлығы мол болыпты.
–Кейде біреулер екінші Отаным деп сөйлеп жатады. Саясаттан аулақпын. Негізі менің ойымша, адамда бір-ақ Отан болуы керек, қателесуім де мүмкін. Әркім өзінің жайлаған жерінің тілін меңгеріп, салт-дәстүрін жанына серік етулері азаматтық парызы. Әйтпесе, қалғанының бәрі бос сөз,– дейді Виктория Геннадьевна,–қазір Атбасардағы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Ақмола магистральді желісі бөлімшесінде жұмыс істеймін. Бұл қалада ондаған ұлт өкілдері тату-тәтті тіршілік етіп жатыр. Көпұлтты ортаның алтын діңгегі жергілікті жұрттың тілі мен дәстүрі болса, қандай жарасымды!
Осы ажарлы азаматтықты, терең парасатты аңғартатын жалғыз ауыз сөзге біздің де алып-қосарымыз жоқ.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Атбасар ауданы.