Мал дәрігері таптырмайтын сирек мамандыққа айналды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында Үкіметке жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Бұл салада қордаланған өзекті мәселелер өте көп. Мәселен, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында мамандар тапшы. Таратып айтар болсақ, Қазақстанда үш мыңдай елді мекенде мал дәрігері жоқ екен. Ал, Ақмола облысында жүзден астам ветеринарлық маман жетіспейді.

Ақмола облыстық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, Бурабай ауданының Қатаркөл ауылындағы ауыл шаруашылығы колледжінде 1948 жылдан бері «Ветеринария» бөлімі жұмыс істейді. Аталмыш білім ордасы құрылған сәттен күні бүгінге дейін 3724 мал дәрігері, 4243 зоотехник білім алған. Кешегі кеңес өкіметі кезінде бұл арнайы оқу орны мал шаруашылығына білікті мамандар даярлаудан институтқа бергісіз танымал білім ордасы еді. Өткен 2021 жылдың өзінде мұнда 56 жас маман мал дәрігері біліктілігін меңгерген. Олардың 39-ы жұмыспен қамтылған. Алайда, өңірімізде мал дәрігері мамандары әлі де тапшы. Ақмола облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісовтың айтуынша, бұған басты себеп – жас мамандардың еңбекақысы мардымсыз, ал, олар жалақысы аз жұмыс үшін ауылға барып еңбек етуге мүлдем құлықсыз дейді ол.
– Мысалы орта арнаулы оқу орнын тәмамдаған жас маманның еңбекақысы 70 мың теңге болса, жоғары оқу орнын бітірген мал дәрігерінің жалақысы орта есеппен алғанда бар-жоғы 90 мың теңге көлемінде. Таза қолға тиетіні бұдан да аз. Ал, бұл жұмыстың жауапкершілігі өте зор. Бір жағынан адам баласының денсаулығына да зияны жоқ емес. Мал ауруының кейбірі адам баласына да жұғуы мүмкіндігін де естен шығармауымыз керек. Кей жағдайларда ауру түрін анықтау үшін малдың өлекселерімен де жұмыс істеуге тура келеді. Егу жұмыстары кезінде де бас білмейтін жылқы малы, ірі қара малдарының оқыс қимылдарынан жарақат алу ықтималдығы жоғары. Мамандықтың осындай қиындықтарын ескеріп, жалақыны да көтерсе, жас мамандар өздері әуелден жүрек қалауымен таңдаған мамандықтарын тастап, басқа салаға кетпес еді. Жауапкершілігі зор дейтінім де, егерде мал дәрігері өз жұмысына жүрдім-бардым қараса мал еті арқылы түрлі жаман аурулардың да тарауы мүмкін емес пе!? Қазір жастар осындай аса жауапты істі аз жалақыға атқарғылары келмейді. Оларды да сөгуден аулақпыз. Бұл күнде өңірімізде еңбек етіп жатқан ветеринария саласындағы қызметкерлердің орта жасы 50-60 жаста. Басым көпшілігі зейнет жасындағылар. Мысалы Жарқайың ауданында 73 жастағы мал дәрігері жұмыс істейді. Егерде салаға көңіл бөлініп, жалақы көтерілсе жастар да құлшыныс танытар ма еді,– дейді Талғат Жүнісов.
Басқарма басшысы дұрыс айтады. Салаға жастарды тарту үшін алдымен жалақыны көтеру керек. Ветеринария мамандығы қауіпті мамандықтардың қатарынан емес. Алайда, олар адам денсаулығына зиян химиялық заттардың бірнеше түрімен жұмыс істейді емес пе?!. Ал, бұл жағы ескерілмеген.
Біз мақала жазу барысында осы тақырып төңірегінде бірнеше адаммен пікір алмасып көрдік. Алдымен жастармен пікір алмастық. Солардың бірі – Бурабай ауданындағы Қатаркөл ауыл шаруашылығы колледжінің 4 курс студенті Лолита Лебидинская.
– Мен бұл мамандықты жүрек қалауымен таңдаған жандардың бірімін. Бала кезімнен аң мен құсқа, жануарларға мейіріммен қараймын, оларды жақсы көремін, қамқорлық құшағына бөлегім келеді. Біз білім ордасында екінші курстан бастап, өндірістік тәжірибеден өтеміз. 3-4 ай бойы өңіріміздегі өндіріс орындарында білікті мамандардан тәжірибе жинақтаймыз. Бір атап өтерлігі, тәжірибелік сынақ мерзімі уақытында студенттерге жалақы төленеді. Өндірістік тәжірибе кезінде біліктілігімізді арттырып қана қоймай, ай сайын 60-100 мың көлемінде жалақы алу мүмкіндігі де қарастырылған. Алдағы уақытта, қолыма диплом алған соң, Бұланды ауданындағы «Макинка құс фабрикасына» жұмысқа орналасуды жоспарлап отырмын. Өзім қатарлас, соңымнан ерген бауырларыма, егерде сіздер, болашақта мал дәрігері немесе зоотехник боламын десеңіз, тартынбаңыздар, мамандық таңдау жүректің қалауымен болуы керек,–дейді Лолита. Айта кетуіміз керек, Лолита жастайы-нан жетімдіктің ащы дәмін татса да, тағдыр тартқан сынаққа мойымай, өз болашағына нық қадам басып, өзгелерге білімімен, көркем мінезімен үлгі болып жүрген жастардың бірі. Ол өңіріміздегі WordSkills аймақтық конкурстың жеңімпазы. Ал, аты-жөнін айтқысы келмеген тағы бір сұхбаттасымыз мал дәрігері мамандығын меңгерсе де осы мамандық бойынша жұмысқа орналаспаған.
– Бір-екі шаруашылыққа барып көрдім. Жалақысы 70 мың теңге деді. Баспанам жоқ, танымайтын елді мекенде қалай күн көремін. Пәтерақысы бар, азық-түлікке ақша жаратсам, қолымда қалатыны жиырма теңгедей ғана. Ол ақшамен қалай мақсатқа жетемін. Жас болған соң көлік те мінгің келеді ғой. Қазір әкемнің ескі көлігімен такси қызметін атқарып жүрмін. Күніне 8-10 мың теңге ақша табамын, –дейді ол.
Аға буынның да айтар базынасы бар. Бар саналы ғұмырын ветеринария саласына арнаған абзал азаматтардың бірі – Сайран Үзбаев. Қырық жылға жуық осы салада маңдай терін төгіп қызмет еткен ағамыз қазіргі таңда еңбек демалысында. Тәжірибесі мол білікті маманның айтуынша, мамандықтың мәртебесін көтермейінше, жастардың бұл салаға қызығушылықтары артпайды.
– Ел Президентінің «Ветеринария саласын жетілдіру қажет»,– деп Үкіметке жыл соңына дейін жүйені реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдау жөнінде міндеттер жүктеуі өте орынды деп білемін. Шынында да ветеринария саласы қамқорлыққа зәру. Қазіргі таңда барлығы сандық технологияға көшіп жатыр. Кейбір ауылдағы мал дәрігерлерінің алдында компьютерлері де жоқ. Жалақылары да аз. Алдағы уақытта қордаланған көп мәселелер өз шешімін табады деп сенемін, – дейді ол.
Ал, Ақмола облыстық ветеринария басқармасы басшысының айтуынша, ветеринария саласындағы бүгінде жиі енгізіліп тұратын ереже-қағидаттардың құбылмалы болуының өзі жұмысты күрделендіріп жіберген сыңайлы.
– Ел Президенті біздің саладағы күрделі мәселелерді ашып айтты. Үкімет соларға баса назар аударса екен. Соңғы кезде ветеринария саласында ереже-қағидаттар жиі өзгеріске ұшырап отыр. Мұның өзі жұмысты алға ілгерілету үшін қиындық тудыруда. Таратып айтар болсақ, бір ғана мысал, бұрнағы жылдары бруцеллез деген мал ауруының алдын алу үшін төл кезінен қан алып, тексеріс жасалынатын. Қазіргі жаңа ереже бойынша төл бір жасарлық болғанда ғана аталмыш аурудың барын анықтау үшін арнайы анализ аламыз. Қазақ ежелден «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген емес пе? Бір жылдың ішінде қан алып, тексерістен өтпеген төлдің бойында жаман аурудың белгілері болса ауру меңдеп кетпесіне кім кепіл. Ал, бруцеллез жұқпалы індет,–деп қынжылады басқарма басшысы.
Бұл салада күрмеулі мәселелер әлі де көп-ақ. Солардың ең бастысы, әрине, кадр тапшылығы. «Мал баққан елміз» деп Қазыбек би айтпақшы, ертеңгі күні сол малды күтіп ұстайтын, малдың бабын білетін мамандар қатары көбейсе екен.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар