Әкенің беделін көтеру – ұлттың және қоғамның парызы

Бурабай ауданында әкенің беделі мен орны туралы республикалық әкелер форумы өтті. Маңызды іс-шараға «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев, «Қара шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Ахатай, Бурабай ауданының парасатты әкелерінің бірі Қайырхан Ахметжанов пен Ақмола облыстық әкелер одағының төрағасы Ерлан Закириянов қатысып, бүгінгі таңдағы өзекті мәселені талқылады.

Әкенің отбасында алатын орны ерекше. Себебі, отбасының ынтымақ-бірлігі, баланың тәрбиесі мен мінез-құлқының қалыптасуы ең алдымен әкеге байланысты екенін білеміз. Баланың бойындағы жүре қалыптасатын қасиеттері әкеден дариды. Ал, қазіргі заманда әкенің беделі қандай?! Әкенің беделі неге төмендеді? Бұл жөнінде белгілі жазушы-журналист, драматург Жабал Ерғалиев өзінің пікірін айтқан болатын.
– Қазіргі уақытта шындығын айту керек, шаңырақтың тағдыры мен ұлттың, мемлекеттің тағдыры қыз-келіншектердің қолында қалғалы тұр. Естеріңізде болса, талай жаугершілік замандарда, ең бірінші басып алған жау сол ауылда бір еркек атаулыны қалдырмай өлтіріп, қыздарын ғана алып кетіп, үйлеріне әйел қылып, қыздар арқылы өз халқының санын көбейткен еді. Қазір бізде соғыс жоқ. Бірақ та, мына жаһанданудың заманында әр халықтың, соның ішінде, Орта Азия халықтарының ер азаматтарын қабілетсіз қылу, өзінің еліне, отбасына, халқына, әйеліне ие бола алмайтындай мәңгүрт халық деңгейіне жеткізу үшін талай іс-әрекеттер жасалып жатыр. Жаһандану жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтқан болатын. Біз мемлекетіміздің шекарасын жауып отыра алмаймыз, себебі, біз әлемнің бүкіл халықтары және елдерімен, жаһандық дүниемен мидай араласып кеттік. Енді, бізді өзіміздің ұлт есебінде, халық есебінде рухымызды, дінімізді, тілімізді, ұрпағымызды қалай сақтап қаламыз деген сұрақ қатты толғандырады. Бүгінгі келе жатқан жаһандану «Мен сенің тіліңде сөйлеймін, сенің дініңде болам, сенің салт-дәстүріңмен жүрем» деп жатқан жоқ. Керісінше, «Сен менің тілімде сөйлейсің, менің дінімді ұстанасың, менің салт-дәстүріммен жүресің» деп келе жатыр. Сондықтан, біз жаһанданудың қарусыз майданында ұлт есебінде әлем бойынша осы күйде қалай сақталып қаламыз деген сауал туындайды. Бұл әр қазақтың баласын, әр қазақтың зиялысын ойландыру керек. Соңғы кезде бізде жергілікті жерлерде республика бойынша әкелер одағы құрылып жатыр. Кешегі орыс патшасы билеген заманнан бері, кейін коммунистік жүйе кезінде ер адамның беделі түсіп кеткенін айтуымыз керек. Мысалы, орыстың Марусясы өзінің маскүнем күйдегі күйеуін сүйреп әкеліп, балағаттап жатса, қазақ әйелі соны мәртебе көреді. Осыдан, ер адамға ұрсып, оны төмендетіп, қол көтеруге болады екен ғой деген ой туындайды. Қазақта ешқашан ондай болмаған. Бірақ та, ол бірте-бірте қоғамға енді. Кей жағдайда өзіміздің шаруамызға, отбасымызға, баламызға ие бола алмағандықтан, бүкіл қазақ зиялылары барлық әлемнің жамандықтарын қазақтың қыздарына жабуға арланбадық. Мен осыны кезінде «Егемен Қазақстан» газетіне жаздым. Қоғам түзелу үшін ер-азамат өзін түзету қажет. Қазақта «Айғыры жаман үйірді қасқыр алады» деген сөз бар. Бұл бекер айтылмаған. Бүгінгі қоғамда кез-келген отбасын алсақ, отағасы шаруақор, тәртіпті дегенде әйелі де баласы да тәртіпті әрі үлгілі отбасы болады. Муаммар Каддафи өзінің еңбегінде «әйелді еңбек етуге мәжбүрлеген қоғам, ол қоғам емес» деген сөзі бар. Ал, бізде керісінше әйелдерге жол беріп, оларды билікке әкелуіміз керек деген қағида қалыптасқан. Әйел табиғатының заңы – ұрпақ әкелу. Біз, мемлекет болайық, ер азамат болайық ең бірінші әйелге өзінің табиғат берген миссиясын орындауға жағдай жасауымыз қажет. Біздің әкелерімізді алайықшы, әкелеріміз дастархан басына отырмайынша ешкім отырмайтын, нанды ең бірінші әкеміз турайтын. Қазір нанды да, етті де әйелге туратамыз. Осының өзі отбасылық құндылықтың бұзылуына әкеліп соғады. Қоғамда қалыптасқан жүйені бұзып, ұрпағымызға өнегелі тәрбие беру мәселесін қарастыруымыз керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы ұлттың болмысын қалыптастыру мәселесі қазіргі қоғамның міндеті. Қоғамның жауапкершілігі ұрпақтың, халықтың алдында мол екенін айтуымыз керек, – деді ол.
Шынымен де, қазіргі кезде әкенің беделі төмендеді. Жағымсыз іс-әрекеттері мен дөрекі мінез-құлықтарының салдарынан отбасындағы жылылыққа нұқсан келтіріп алатындары да бар. Оның алдын алу үшін қоғамның ықпалы зор болуы тиіс. Ақмола облыстық әкелер одағының төрағасы Ерлан Закирияновтың айтуынша, отбасында барлығы тәрбиеден басталады. Қазіргі уақытта, тоқсаныншы жылдардан бастап көптеген іс-шаралар жасалуда. Отбасылық құндылықтарды сақтауды ұрпақтарымызға насихаттау қажет. Әкенің мәртебесін көтеру мақсатында да талай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Екі жыл бұрын Бурабай ауданында IV республикалық әкелер форумы өтті. Форумда әкенің беделін арттыру жөнінде мәселелер айтылды. Аудандағы мектептерде 56 әкелер клубы жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта Көкшетау қаласында 25 клуб ашу жоспарлануда. Қоғамдық бірлестіктермен бірігіп, әкенің мәртебесін көтеру мақсатында көптеген іс-шаралар атқарылды. Осының арқасында әкенің отбасындағы рөлі артады. Әкенің мінез-құлқы мен қарым-қатынасы бала үшін үлгі-өнеге алатын нысанасы болып табылады. Ұлттық құндылықтарымыздың сақталуы үшін ұлдарымыздың қоғамда өзін ұстай білуі және үлкендерге құрмет көрсетіп, әкелеріміздің тәрбиесін алып, еркек болып қалыптасуы өте маңызды. Ер азаматтарымыз ұлықты болып өсіп, өнегелі тәрбие алып, болашақта өзінің әкелік парызын атқарса, бұл өз кезегінде отбасындағы, қоғамдағы әке беделінің артуына оң ықпал етеді.
Форум соңында «Үздік 30 әке» марапаттау іс-шарасы өтіп, үлгілі әкелерімізге құрмет көрсетіліп, концерт қойылды. Осындай маңызды, өнегелі іс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдары газет-журналдарда көбірек насихаттауы қажет екені де айтылды.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар