Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Қазынаның» мың бұралған билері-ай!.. - АРҚА АЖАРЫ

«Қазынаның» мың бұралған билері-ай!..

Қорғалжын жұртшылығы қашанда өнерге жақын. Өнерлі жастарымыздың қатары да мол. Олар облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі конкурстарға қатысып, киелі де қастерлі Қорғалжынның туын жықпай келеді. «Биле, Қазақстан!» жобасы арқылы есімі бүкіл елімізге танымал Дамир Түсіпбековтің «Angels» би студиясы талайларды таңдай қақтырды.

Кезінде Қорғалжын ауданында «Фламинго» би ансамблінің негізін салып кеткен марқұм Гүлбану Хасенова өз ұжымын «халықтық» деген атаққа жеткізіп, Қорғалжынды сол ұжым арқылы да танитындай дәрежеге көтеріп кеткен-ді. Қазіргі таңда оның ізбасарлары да жоқ емес.

Солардың бірі – Ақбота Әбдікәрімова. Ол 2011 жылы бұрынғы Дружба, қазіргі Ақтан Төлеубаев атындағы орта мектебін аяқтаған. 2015 жылы облыс орталығы – Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжін педагог-хореограф мамандығы бойынша аяқтап, сол жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің хореография факультетіне түсті. 2016 жылы бұл факультетті толығымен Қазақ ұлттық хореография академиясына ауыстырды. Сөйтіп, Ақбота академияны 2019 жылы тәмамдады.

«Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал» деп кезінде даңқты Кеңес педагогы В.А.Сухомлинский айтқанындай, өнер, оның ішінде би адамның ішкі жан дүниесін сергітіп, ерекше бір күш пен қуат береді. Ақбота биге 6 жасынан бастап қатысты. Оның қазіргі өмірі де осы хореография саласымен тығыз байланыс-
ты. Бірнеше жылдар бойы өзі тәлім алған «Фламинго» халықтық би ансамблінде жетекшілік етті. Киелі шаңырақтан бөлек шығып, өз алдына өнер туын тігуді көздеген Ақбота 2020 жылдың ақпан айында Қорғалжын аудандық мәдениет үйі жанынан «Қазына» би ансамблін құрды. Ұжымға бақ сынай келген 40 оқушының ішінен іріктеліп, 10 биші қыз қалдырылды.

Олардың есімін де атап айтқан дұрыс шығар. Алина Әлиева, Дария Нұрхатова, Дарина Талғатбекова, Райана Серікова, Құралай Жауынгерова, Гүлназ Кәрімова, Адина Қаратаева, Аружан Қанатова, Медина Төленова, Әлия Шойынбекова сияқты талшыбықтай мың бұралған қыздардан тұратын ұжым былтыр ғана шаңырақ көтерсе де, қол қусырып отырған емес. Олардың ең алғашқы және өздеріне өте ыстық көрінетін жетістіктері Қостанай қаласында өткен «Тобыл толқындары» атты конкурста «Арнайы жүлде иегерлері» деген дипломға ие болып қайтқан сәттері екен. 2020 жылы «Бала шабыты» атты Халықаралық балалар мен жастар арасында қашықтықтан өткен фестивальде хореография номинациясы бойынша «Сылқым ару» биі үшін І дәрежелі дипломмен марапатталып, лауреат атанып келді.

Тағы да айтар болсақ, «Биле жастық» деп аталатын хореографиялық конкурстың аймақтық фестивалінде «Көрермендер көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Бізге белгілі болғанындай, бұл конкурс биылғы жылы қазан айының 27-28 аралығында тағы да өтетін болып отыр. Бұйыртса, ұжым Атбасар қаласында болатын аталмыш конкурсқа қатыспақ ниетте. Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласы 2021 жылғы Қазақстанның мәдени астанасы атанды. Осыған орай кеше ғана Көкшетауда өткен «Сәлем, Елорда!» атты республикалық өнер шеруіне арнайы шақырумен осы «Қазына» би ансамблі де қатысып келді. Демек, бұл ұжымның алар асуы әлі алда. Ендеше, Ақботаның өз айтары да бар екен.

Жаңа құрылған ұжым үшін әр жетістігіміз де маңызды. Дегенмен, үлкен жетістіктеріміз әлі алда деп ойлаймын, – дейді ол бұл тұрғыда. – Әрине, мақсатымыз – «халықтық» атағына қол жеткізу. Ал, оған жақсы бір дайындықтар керек. Ең алдымен, ұжым репертуарын толықтырсақ дейміз. Айтпақшы, ұжым репертуары қазір де осал емес. Атап айтсақ, қазақ, орыс, украин, өзбек және Кавказ халықтарының ырғақты билері көрерменнің қошеметіне ие болып жүр.
Енді-енді қанатын кеңге жайып келе жатқан бұл ұжым үшін әрбір көмек-қолдаудың орны ерекше. Олай болса, «Қазына» би ансамблі ауданның атақ-абыройын биік ұстап, киелі сахна төрінен өскелең өнерімен жиі көріне берсін деген тілегіміз бар!

Шоқан ЗӘКАРИН.
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар