Қорғалжын

О, шіркін, Қорғалжындай жер бар ма екен,
Талай жастар өсіп-өніп ұшқан мекен.
Мейірімін ұл, қызына аямастан,
Аялап бауырына басқан мекен.

Қаймағы бұзылмаған елді мекен,
Ұстанған салт-дәстүрін ұлттың бекем,
Орыс, неміс, шешен не шүршіт болсын,
Бір жыл тұрса қазақ болып кетеді екен.

«Қорғалжын» деген сөзге  шаттанамыз,
Оны білмес қазақ жоқ деп мақтанамыз.
Атырауда «қай жерденсің?»  деп сұраса,
Аяулы Қорғалжынды ауызға аламыз.

Көрікті, қандай әсем жігіттері,
Кеңпейіл, адал соққан жүректері.
Жігерлі, намысшыл, шын өнерпаз,
Міне, осындай Қорғалжынның түлектері.
Бір көргеннен ғашық болар қыздарына,
Көзіне түсіп, ару ұнады ма?!
Инабатты Қорғалжынның қызын ал деп,
Ата-аналар ақыл айтар ұлдарына.

ЮНЕСКО қамқор болған қорығы бар,
Асаубалық, Шалқар, Нұра, Теңізі бар.
Осы елді мекендеген бар қазаққа,
Қуат беріп, тәңіріміз болса екен жар!

Тек қана Қорғалжынға келіп қонар,
Қоқиқаз қызыл қанат құсың болар.
Жердің түбі Кениядан келетұғын,
Бұл да бір табиғаттың сыйы шығар.

Туған ғой,  небір көсем азаматтар,
Қай заман болса дағы еске сақтар.
Күмісбеков, Мықтыбаев, Үлебайлар,
Тұлға ғой қазағымның бәрі мақтар.

Шырқайтын осы күні барша қазақ,
«Дудар мен Жагор қызы» кеткен тарап.
Ертедегі қарапайым Үлебайдың,
Осы әнді шығаруы қандай ғажап!

Қонақ боп бара қалсаң қойын  сояр,
Қыста барсаң жал-жая, қазы қояр.
Салт-дәстүрін ұлтымның сақтайтұғын,
Халқыма тән нағыз қазақ міне, осылар.

Қорғалжынның тарихы ұлан-асыр,
Талай ғасыр сырларын бүгіп жатыр.
700 жыл бұрын болған қаланы да,
Археологтар жер астынан тауып жатыр.

Сол қаланың табылған құмырасы,
Бұзылмаған ішіне құйған заты.
Танытқан Қорғалжынның қасиетін,
Емес пе екен Алланың ол аманаты?!.
Аққалқа  Ержанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар