Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына – 90 жыл

Ұлтына қамқор Өзағам еді

Ұмытпасам, 1969 жыл болу керек, Целиноград облыстық комсомол ұйымының кезекті пленум жұмысына Қазақстан Жастар одағы орталық комитетінің бірінші секретары Өзбекәлі Жәнібеков келіп қатысты. Ол тұста мен Қорғалжын аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқаратынмын. Сол жолғы іссапарында Өзбекәлі аға Қорғалжын мемлекеттік қорығын, әсіресе, ондағы қоқиқаздарды көргісі келетінін құлаққағыс етіпті. «Таңертең барады» дегесін, тездетіп елге оралып, аудандық партия комитетінің бірінші секретары Ақтан Төлеубаевқа хабарладым.

Ертеңінде қорық директоры, аупартком хатшысы үшеуміз Өзекеңді Сабынды ауы-
лында қарсы алып, сол жерден Теңізге бір-ақ тарттық. Жол үстінде Өзаға атақты қобызшы Дәулет Мықтыбаев, белгілі композитор Кенжебек Күмісбеков, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген әртісі, әнші Рабиға Есімжанова және басқа да дарындардың осы өңірден шыққанын тізіп келіп, «Дударай» операсындағы Мариям Жагорқызы жайлы әңгіме қозғады. Оның қай жерде жерленгенін сұрады. Теңізден қайтар жолда Рекина жерленген қорымға тоқтадық. Сол жерде Өзекең интернационалдық достықтың символы болған Мариям мен Дүйсенге аудан орталығында арнайы жеке стелла орнату керек екенін, оның макет жоспарын жасауға қаржылай көмектесетінін де жеткізді.
Айтайын дегенім, сонда Өзекең өзін музыкаға ғана емес, сонымен қатар, архитектура-сәулет өнеріне де жақын екенін көрсетті. Тағы бір байқағаным, ол кісінің ата салт-дәстүрлерін терең танып, оны қатты қадірлейтіндігі еді. 1970 жылы Алматыда комсомолдың 50 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Соңы мерекелік тойға ұласты. Кешкісін облыстық, қалалық аудандық комсомол комитеттерінің хатшылары қатысқан ресми шара ұйымдастырылып, алыс-жақын шет елдерден келген қонақтарға ас берілді.
Бір қызығы, әдеттегідей табақ-табақ ет тартылды. Сонда Өзекең «ата салтымызда қадірлі қонақтарға ұсынылатын кәде бар» деп, қойдың басын қасында отырған БЛКЖО (ВЛКСМ) Орталық Комитетінің бірінші секретары Е.Тяжельниковтың, ал, жамбасын екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры, ұшқыш-ғарышкер В.Севастяновтың алдына қойды. Артынша бәрі білсін деді ме, «Астан алып отырыңыздар, бізде асату деген де дәстүр бар», – деп сөзін әрі қарай жалғастырды.
Кеш соңында әнші Нұрғали Нүсіпжановтың орындауында композитор Бақытжан Байқадамовтың «Комсомолдар жыры» орындалды. Әсем әнге бәріміз қосылып, бірге шырқадық. Қысқасы, бұл өткен мерекелік салтанат барлық қатысушыларға ерекше қуаныш сыйлап, ұзақ уақыт есте сақталар кереметтей тамаша әсер қалдырды.
Ежелгі де қарт Торғай алғаш рет жеке облыс болып құрылғанда Өзбекәлі Жәнібеков облыстық партия комитетінің идеологиялық мәселелер жөніндегі секретары болып сайланды. Кейін Торғай облысы таратылып, қайта ашылған. Әдетте жаңадан ұйымдастырылған елді мекенде атқарылар жұмыс пен міндет көп болатыны айдан анық. Әсіресе, облыс орталығы болған Арқалық қаласында тұрғын үй, мектеп, балалар бақшасы, аурухана, мәдени-сауда орындарын салу, басқа да әлеуметтік мәселелермен айналысатын мекемелер ашу бірінші кезекте тұрды.
1972 жылы қалада медучилище, кооператив техникумы, кейін Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институт ашылды. Сол жылы Өзекеңнің тікелей араласуымен Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының бір топ түлектері Арқалыққа қоныс аударып, облыстық қазақ драма театры өз жұмысын бастады. Олар алғаш театр шымылдығын «Айман-Шолпан» спектаклімен ашты. Сонда Өзекең жас актерлер мен көрермендерді қызу құттықтап, «театр киім ілгіштен басталады» деп астарлап айтқаны ойыма жиі оралады. Бәлкім залда сырт киімдерімен отырғандар болған-ау, сірә?.. Естуімше, көптен бері аталмай келген Наурыз мейрамы Өзекеңнің ұсынысы бойынша ресми түрде қайтадан тойлана бастайды.
Негізі Торғай өңірі ән-жырға, түрлі көркем шығармаға, шежірелерге, басқа да ұлттық қол өнеріне бай өлке. Мәселен, тек бір ғана «Шертер» халық аспаптар оркестрінде сыбызғы, қыл қобыздан бастап бұрындары көріп, естімеген қазақтың көне музыкалық аспаптары көп болатын.
Әлі есімде, бірде облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Б.Шелоков шақырды.
– Бименде, облысымыздың Ленин орденімен марапатталу құрметіне арналған мәдени шаралар жоспары аясында бізге белгілі ақын-жазушылар келеді. Солардың бірі жерлесіміз Ғафу Қайырбеков пен Сырбай Мәуленовтың Аманкелді және Жанкелдин аудандарында оқырмандармен кездесу кештерін өткізу жауапкершілігі саған жүктелген. Бұл Өзбекәлі Жәнібекұлының тікелей тапсырмасы, – деді.
Сол жолы Арқалыққа Өзекең торғайлық дарындарды ғана емес, сонымен бірге, Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановты шақырыпты. Сонда белгілі композитор мен атақты ақын екеуі «Арқалықтың ақ таңы» әнін жазды. Бір қуанарлық сәт, бүгінде бұл лирикаға толы сазды әуен танымал әнші Жұбаныш Жексенұлының репертуарынан берік орын алып, тамаша орындалып жүр.
Жалпы, Өзаға жайлы ел аузында үлкен сүйіншілікпен айтылып жүрген есті әңгімелер көп. Ол туралы 2018 жылы баспадан шыққан «Өмір өрісі» атты екінші кітабымда толық жазғаным бар. Сол кітапта жарияланған бір қызық әңгімені баяндайын. Бірде Өзекең іссапармен Жанкелдин ауданында жүргенде байлаулы тұрған төбет иттің тамақ ішетін ыдысын көріп, соны үй иесінен сұрап алады. Сөйтсе әлгі ағаш аяқ өте құнды көне қазына екен. Этнография-археологиялық комиссияның сараптамасы бойынша ол сонау Алтын Орда дәуірінен қалған, сақтардың хандары пайдаланған бағалы дүние көрінеді. Қазіргі күнде осы ескі жәдігер кезінде Өзекеңнің нұсқауымен арнайы жоба бо-
йынша салынған Арқалықтағы үш қабатты өлкетану мұражайының төрінде тұр.
Міне, осындай дүниетанымы терең, өзінің бар саналы ғұмырында халқына аянбай еңбек еткен, ұлтжанды азамат Өзбекәлі Жәнібековтің есімі егемен еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтан көшелерінің біріне берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Меніңше, мемлекет және қоғам қайраткері, көп жылдар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің секретары болған ол бұл құрметке әбден лайық ірі тұлға. Өзекеңнің туып-өскен Түркістан облысында оның есімімен аталатын мектеп, көше, Жас-
тар сарайы бар екенін білемін. Әйтсе де, астаналық ономастика комиссиясына жоғарыда жазылған пікірімді жеткізу орынды деп ойлаймын.
«Жақсының аты өлмейді» деуші еді дана халық. Көпшіліктің көңілінен жылы орын алған марқұм Жәнібектің Өзбекәлісі киелі жер – қасиетті Арыстанбаб кесенесінде жерленген. Қайран, ардақты да аяулы асыл аға, жатқан жерің жарық болғай.
Бименде Қазанқап.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар